Жаңалықтар

Самокат тізгіншісінің қаперіне

Қазақстанда электрлі самокатпен жол жүру ережелері 30 тамыздан күшіне енді. Келер күндерде жол тәртібін бұзғандар жауапқа тартылады. «Ortalyq» электр самокат жүргізушілеріне қандай жағдайда айыппұл салынатынын еске салады.

 

Сонымен. Самокатпен сейіл құрған болсаңыз, жолдағы жүргінші екендігіңізді естен шығармай, рөлді қос қолыңызбен бекем ұстап жүргеніңіз абзал. Жолаушы тасымалдасаңыз, самокаттың арнайы құрылғысы бар болмағы шарт. Ұзындығы мен ені 50 см-ден аспайтын жүк тасымалдауға рұқсат етіледі. Трамвай жолы мен бірнеше жолақты бағытта солға, яки, кері қайтуға тыйым салынады. Мопедпен, велосипедпен пайдалануға арналған тіркеме болмаса, мопедтерді, электр скутерлерді және велосипедтерді сүйретуге болмайды. Электрлі самокатпен жаяу жүргіншілер өткелінен өтпейсіз! Жол қозғалысы ережесіне сай, өзге көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінетін жарық шағылыстыратын затсыз тәуліктің қараңғы уақытында жүрмеңіз. Жол бойымен жүру кезінде түймелі дулығаңызды киіп алыңыз. Дәл осындай тыйымдар мопедтер мен велосипед жүргізушілеріне де тікелей қатысты.

Электр самокат жүргізушісіне не рұқсат етіледі? Самокат тізгіншілері велосипед жолымен жүре алады. Кедергі кездеспесе, жиекжолда, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей, жаяу жүргіншілер жолында алты шақырым сағаттан аспайтын жылдамдықпен қозғалуға рұқсат. Жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақ бойынша жүруге, мұнымен қатар, бұл жүру бағытында жүргізуші кәмелетке толған әрі кез келген санаттағы құқықтарға ие болуы керек.

Электрлі самокаттарға қандай айыппұл салынады? Егерәки самокат тізгіншілері жолаушы мен жүкті ережеге бағынбай тасымалдаса, жол жүру бөлігінде дулығасыз жүрсе, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабы «Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жол-көлік ережесінде көзделген қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» негізінде жауапкершілікке тартылады. Тәртіп бұзғаны үшін 5 АЕК-тен (17 250 теңге) 10 АЕК-ке (34 500 теңге) дейін айыппұл салынады. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев өзге тәртіп бұзушылық үшін электрлі самокат жүргізушісі ӘҚБтК-нің 620-бабы бойынша «Жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзуға» жатқызылатынын түсіндірді. Айыппұл 5 АЕК-ті (17 250 теңге) құрайды. Жол-көлік оқиғасы жағдайында самокат тізгіншісіне ӘҚБтК-нің 615-бабының 2-бөлігі бойынша «Жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысына өзге де қатысушылардың жәбірленушіге денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ, не материалдық залал келтірген қозғалыс қағидаларын бұзуы» жатқызылмақ. Бұл үшін 10 АЕК (34 500 теңге) айыппұл салынады, сондай-ақ жәбірленуші азаматтық-құқықтық тәртіппен залалды өтеуді талап етуге құқылы.

Айта кетелік, 2023 жылғы 23 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заңға қол қойып, электрлі самокаттарға арналған Жол қозғалысы ережелерін бекітті.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button