АймақҚарқаралы

Салық саясаты салғырттықты көтермейді

Облыстық мәслихаттың бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері мәслихат депутаты Рысқали Әбдікеровтің төрағалығымен Қарқаралы қаласында «Қарқаралы ауданындағы салық базасын кеңейту және бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту жөніндегі уәкілетті органдарының жүргізіп жатқан жұмысы туралы» мәселесі бойынша көшпелі отырыс өтті.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Салық болжамы артығымен орындалды

Өркениеті өрге өрлеген қай елдің болсын, мемлекеттік бюджеті, яғни, қара халықтың ортақ қалта қаражаты салықтан құралатыны мәлім. Қарқаралы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы салықтық саясатты жоғарылатып, салық салудың теңдік және әділеттік қағидаларын ұстанудың арқасында 2024 жылдың 7 айының қорытындысына сай мемлекеттік бюджет бойынша жоспардағы 3 714 413 мың теңгенің орнына 8 696 487 мың теңге түсірген. Бұл көрсеткіш еселеп ілгерілеуді айтады.

Мұндағы жергілікті салықтық түсімдер бағаны аудандық бюджетке 2024 жылдың 7 айына бекітілген 1 362 411 мың теңгенің жоспарын артығымен 5 565 893 мың теңге орындағанын көрсетті.

– Қазір жергілікті бюджеттің өсу қарқыны 319,2 пайызға жетті. Болжанған жоспарды сапалы орындау, сондай-ақ барлық бюджеттік жіктелу кодтары бойынша өсу қарқынын қамтамасыз ету үшін біз бюджеттік кірістерге үнемі талдау жүргіземіз. «Алтай полиметалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің биылғы салығы 44 075,1 мың теңгеге артық түсті. Осының барлығының ортақ қоры ретінде биыл мемлекет қоржынына 8 696 487 мың теңге құйылды. Сонымен қатар, жеке тұлғалардан алынатын көлік құралдары салығынан салық берешектері бар 1535 салық төлеу­шілерден 33 895 теңге көлемінде қаражат түсті. Ал, ауылдық округтердің және Қарағайлы кенті әкімдерінің мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлерімен бюджет алдында қарызы бар салық төлеушілермен және әрекетсіз салық төлеушілермен сапалы жұмыс
жүргізу нәтижесінде салық берешектері бар 574 салық төлеушілер бойынша қарыз көлемі 14 576,3 мың теңгені құрап, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, салық берешектері 56,9 пайызға азайды, – деп атап өтті Қарқаралы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Жайдары Хасенова.

Расында, қағазда көрсетілген көрсеткішке қараса, көз тоярдай-ақ. Бюджеттен бөлінген қаржы игеріліп, мемлекет салығы сұраусыз өтелуде. Осы орайда, Рысқали Қалиақбарұлы іс жүзінде барлығы қағаздағыдай қаз-қатар тізіліп тұрмағындығын айтып, оның себеп-салдарын анықтауды тапсырды.

Жергілікті кәсіпкерге жеткілікті қолдау қажет

– Ең алдымен жергілікті басшылар, сіздердің «құлақтарыңыз­ға алтын сырға», жергілікті кәсіпкерлерді қолдаңыздар. Қазір біз жергілікті кәсіпкерлерді жинап сұрау салсақ, оның 60-70 пайызы өзге қаланың тұрғындары екені анықталады. Қарапайым мысал балабақша, көлік жуатын орындар, автокөлік тұрақжайы, дүкендерді қарасақ, бірлі-жарымы болмаса біршамасының иесі бұл мекендікі емес. Ал, ол кәсіпкерлердің салығы да сол өздерінің тұрғылықты мекенжайына түседі. Бұл дегеніміз облыстық бюджетке айтарлықтай зиян. Әрине, елімізде қай қаладан болсын, кәсіп ашуға тыйым жоқ. Дегенмен, сіздер осының тереңіне үңіліп, шама келгенше жергілікті халықтың пайдасы мен облыс бюджетіне баса назар салуларыңыз керек. Кәсіпкер жергілікті тұрғындармен санасып, селбесе қарекет қылуы үшін, тұрғындармен тікелей байланыста болуы қажет. Халықтың мемлекет тарапынан қолдаушыларына айналуларыңыз керек бір сөзбен айтқанда. Өйткені, оларға кәсіп ашуға жер мен өзге де жағдайды жасайтын мемлекет. Көп жағдайда кездесер көлеңкелі һәм бүркемелі кәсіпті доғарар кез туды. Даму мен баюдың артында жүйелі жұмыс бар. Осыны ұмытпаған абзал, – дейді Рысқали Қалиақбарұлы.

Тың жоба туризмді тұғырландырады

Облыстық салық түсіміне орасан пайда әкелер Қарқаралыдай мекеннің дамуы жергілікті басшылық пен жұртшылық қолында екені айтпаса да айғақ. Әрине, уақытынан ай-жылы асып қолданысқа беріліп жатқан құрылыс нысандары баршылық, десек те, даму жоқ дей алмаймыз. Оған мысал, қаланың орталық тоғаны қайта қалпына келтірілгелі жатыр. Туристік орынға айналар ауқымды нысанның құрылысы бұл күнде тәмамдалуға жақын.

– 525 млн теңгелік құнды жоба құрылысы 2023 жылы басталған. 3 мың шаршы метр аумаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тоғанның шомылуға арналған арнайы заттары Балқаш қаласынан жеткізілді. Сонымен қатар, туристер демалатын қонақ үй құрылысы да аяқталуда. Тоған 300 адамның шомылып, демалуына арналған. Қазіргі уақытта құрылыстың 99 пайызы дайын, 29 тамыз күні толық іске қосылады. Таудан тоғанға құяр су арналары ашылды. Бір аптаның мұғдарында тоғанға су толады, – дейді ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуандық Таласбаев.

Жергілікті табиғат көрінісіне көрік берер орынның игеріліп қалғаны қуантады. Болашақта турист толастамас орынға айналар тұрақтың ел игілігіне қызмет ететініне депутаттар да кәміл сенетіндігін жеткізді. Бұған қоса басы ашылып айтылған мәселе легі жалғасын тапты. Қарқаралы, Қасым, Сарыобалы бағытындағы 109 шақырым күрежолдың жөнделуі де – жағымды жаңалық. Былтыр жол құрылысының жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, аудандық бюджеттен 100 млн теңге қарастырылған көрінеді. Қуандық Хамитұлының айтуынша, 2025 жылы жол толық жөндеуден өтіп, қолданысқа беріледі.

Туындаған мәселе тұрлауын таппақ

Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтері бойынша 2023 жылы ауыл шаруашылық кооперативтері мен шаруа қожалықтары алған субсидияларға қосымша салықтар салынып, 164 салық төлеушілерден аудандық бюджетке барлығы 3 млн 100 мың теңге қосымша салықтар түсірілген болатын. Сондай-ақ, облыстық ветеринария басқармасы мәліметі негізінде аудан бойынша 2023 жылы 770 шаруа қожалықтары ет өнімдерін өткізіп, 2023 жылдың салық декларациясына аталған өнімдерді өткізуден түскен табыстарын көрсетпеген көрінеді. Енді 2024 жылдың соңына дейін аудандық бюджетке 770 шаруа қожалықтарынан 15 млн 360 мың теңге салық күтілуде. Халық қалаулылары жоспардың әрбіреуін жүзеге асыруда жетістікке жету алгоритмі қойылу керектігін айтты. Жүйелі жұмыс – қашанда мемлекет пен қоғамның іргесін ыдыратпас күш. Бұл ретте халық қалаулылары ауданның кез келген мәселесін «майшаммен қарауға» белді бекем буған.

Депутаттар баса назарға алып, көмекке ұмтылған мәселенің бірі – Тоқтар ауылының 19 шақырым жолы. Бұл жол – ауылдан аудан орталығының күрежолына барар бірден-бір жол. Бұл жолдың сыртында 3 бірдей елдімекен, 10 шақты қыстақ пен мыңға тарта халық жатыр дейді тұрғындар. Сондай-ақ, Қарағайлы кентінің тұрғындары да ауыз судың тұтынуға жарамсыз екенін айтып дабыл қағуда.

– Ауыз су бізге кент іргесіндегі Талды өзенінен келеді. Өзен арнасы таза болғанымен, оған келер кәріз құбырларының кесірінен су ластанып, дәмі бұзылуда. Тіпті, қайнатқан шайдың өзінде ащы дәм сезілетіні жасырын емес, – дейді аудандық мәслихат депутаты Ұмсынай Тыныбекова.

Аталған қос бірдей мәселені халық қалаулылары қағазға түртіп, қаперге алатындарын жеткізді.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button