Салт-дәстүрлер – тәлім қайнары
Мысты шаһарда алғаш рет ұйымдастырылған «Ата бабам – салт-дәстүрім» атты аймақтық этнофестиваль әдеттегі іс-шаралардан мазмұн сипатының даралығымен ерекшеленді. Алғашқы құрылысшылар алаңында таң бозынан төгілген құдіретті күйлер мен рухы биік әсем әндер қала тұрғындарын тартымды іс-шараға жетелеп жеткізгендей әсер қалдырды. Дәл осы күні бабалардан жалғасқан бәтуалы салтдәстүрлер мен әдет-ғұрыптар ғажайып үлгіде жаңғырып, болмысына кие дарыған ұлттық өнер төрге озды.
Қазақы қалыптың иісі аңқыған игі бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Оның барысында жас буынға ұлттық бітім-болмысқа тән тәлімі ерен ұғымдардың тәрбиелік мәнін ұғындыру, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, қазақы өнеге мен ұлттық мұраны қайта жаңғырту талаптары ескерілді.
Өзінің құттықтау лебізінде қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова осынау тұғырлы ұстанымның маңыздылығын айрықша атап өтті. «Біз үшін бұл этнофестивальдің мән-мағынасы ерекше. Қазіргі таңда еліміз жан-жақты жаңғыру саясаты аясында әлем жұртшылығына өз өнерімен құнды, өз үнімен, төл мәдениеті және салт-дәстүрімен сыйлы екендігін толық бағамдады. Сондықтан да, осы ұстанымды жоғары ұстап келеді. Іс-шараны ұйымдастырудың түп-тамырында ата-бабалардан мұраға қалған, уақыт сынына төтеп беріп, бүгінге жеткен қазақы өнер мен салт-дәстүрді сақтау және одан әрі өрістетудің қамы жатыр», – деген Зина Жұманазарқызы этнофестиваль аясындағы бәсекелі сайыстарға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жезқазған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы шеңберінде ұйымдастырылуына «Әділ еңбек» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болған этнофестивальде «Бауырсақ шоу», «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Қазақтың ұлттық ойындары» байқау-сайыстары өткізіліп өткізілді. Ел назарына мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясы әртістері халық әндерін қасиетті домбыраның сүйемелдеуімен орындаса, бүрмелі көйлек, зерлі қамзол, сәні келіскен сәукеле киген бишілердің өнері тәмам жұртты тамсантты. Қарасы қалың көрермен «Салт-дәстүр – асыл қазына» театрландырылған көрінісіне де қызыға көз тікті. Сахналық қойылымда сүйінші, байғазы беру, беташар, тәй-тәй басқан сәбидің тұсауын кесу, жас отаудың шаңырағын көтеру, ас қайыру, бата беру секілді ұлттық жөн-жоралғылардың тәрбиелік мәні ашыла түсті.
«Бауырсақ шоу» сайысында ас атасы саналатын дәмнің түрлері ғана емес, сонымен қатар, олардың дайындалу тәсілдері де таныстырылды. Сындарлы сайысқа он екі ұжым – Сәкен Сейфуллин атындағы кітапханалар жүйесі, «Шаруа» базары, «Керуен» тойханасы, «Салауат» дәмханасы және басқалары қатысты. Ыстық бауырсақтан қала тұрғындары мен қонақтары жаппай дәм татысты.
«Қазақтың ұлттық тағамдары» байқау -сайысы да ауқымдылығы һәм тартымдылығымен есте қалды. Оған қатысушылар жергілікті кәсіпкерлерден бөлек іргелес орналасқан Сәтбаев қаласынан ғана емес, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандарының шалғайда жатқан ауылдарынан да келді.
Фестиваль аясында қатысушылар өз өнімдерінен ақ дастарқан жаюдан тысқары, тұрғындар сұранысына ие құнарлы тағам түрлерін саудаға шығару мүмкіндігін де иеленді.
Ұлттық ойындар сайысында «сен тұр, мен атайын» дейтін сайыпқырандар асық атып мергендік сынасты, марқа қозы мен кір тасын көтеріп, арқан тартысты. Тоғызқұмалақ ойнап, қаппен секіру сайысына қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, тиісінше, марапаттарға ие болды.
Қорытынды нәтиже бойынша «Бауырсақ шоу» сынында І орынды «Салауат» дәмханасының командасы жеңіп алды. Ал, «Қазақтың ұлттық тағамдары» сайысында Жаңаарқа ауданынан келген Әлимаш Бердалина бәсекелестерінің бәрінен озық шықты.
Мерейі өскендер ұйымдастырушы тарап тағайындаған қаржылай сыйақыларды иеленді.
Ерекше этнофестиваль бағдарламаларына қатысқан барлық ұжымдарға Алғыс хаттары табыс етілді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы