Металлургтер шаһарының «Жастар» саябағында өткен «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» облыстық фестивалі шын мәніндегі ұлттық салт-дәстүр салтанатына айналды. Қала басшысы Қайрат ӘБСАТТАРОВ жиналған жұртшылықты мәйекті мәдениет мерекесімен құттықтап, ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі.
Фестиваль шымылдығы «Кіші Жібек жолы» атты театрландырылған көрініспен ашылды. Әжелердің қатысуымен «Олжа басы» ырымы көрсетіліп, «Шашу» ансамблі биден шашу шашты. «Шалқыма» ансамблі ұлттық салт-дәстүр үлгілерін «Мұра» композициясы арқылы көрсетті. Ашамайға мінгізу дәстүрі және жергілікті ақындар айтысы көрермен назарына ұсынылды.
Саябаққа ұлттық нақышта безендірілген 4 киіз үй тігілді. Оның біреуіндегі қазақ қолөнерінің әбзелдері, киіз кілемдер, түсті текеметтер, зергерлік әшекейлер, ұлттық киім-кешектер және тағы да басқа бұйымдар қойылған көрме көпшіліктің көңілінен шықты. Екіншісінде қонақжай қазақтың өзіне тән дастархан жаю дәстүрі насихатталды. «Бауырсақ-шоу» ауылына арналған киіз үйдегі тағам мәзіріндегі нанның алатын орнын әйгілеген көрініс те керемет әсер қалдырды.
«Сайыпқырандар ауылында» ұлттық ойындар, қазақша күрес, садақшылар сайысы, тоғызқұмалақшылар тартысы, асық ату, арқан тартыс жарыстары ұйымдастырылды. Кеш қызығы қазаққа ғана тән тұмса өнер – алтыбақан маңайында жалғасты.
«Шеберлер ауылында» қонақтар мен қала тұрғындары халық қолөнершілердің туындысымен танысты. Суретші, қолөнер шебері Өтеген Ахметтің ағаштан жасаған бұйымдары, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, суретші-реставратор Ерғазы Исатаевтың ағаштан, сүйектен және металдан жасаған бұйымдары, қолөнерші Далабай Оспановтың тоқыма туындылары, ұлттық музыкалық аспаптар жасау шебері Азамат Бақияның сазсырнай түрлері мен үрмелі аспаптары, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері – Бауыржан Әлменовтің этноауыл тақырыбына ағаштан ойып жасаған панносы мен Гүлбану Нұрғазинованың гобелен түкті кілемі көрме төрінен лайықты орнын алды.
Кеңгір ауылының кітапханашысы, «Өркен» үйірмесінің жетекшісі Сәуле Аманжолова құрақ көрпе әзірлеуді, ұршық иіруді, жүнді сабауды, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауды, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қызметкерлері – суретші, қолөнер шебері Кешубай Бәйділдинов зергерлік әшекейлер қалай әзірленетінін, ал, суретші-безендіруші Сәбира Өткелова жүннен әзірленетін кәдесыйлардың, жеке кәсіпкер, қазақ ұлттық аспаптар шебері Сарбас Жүнісов домбыраның қалай жасалатынын көрсетті.
Әлібек ӘБДІРАШ,
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.