Біздің сұхбат

Салмақты сауалға – салиқалы жауап

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қазіргі қолданыстағы латыннегізді қазақ жазуына негізделген әліпбидің кемшін тұстары бар екенін айтып, жетілдіру жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма бергені мәлім. Бүгінгі күні әліпбидің жаңа жобалары қызу талқыланып жатқанын әлеуметтік желі арқылы жақсы білеміз, яғни, әліпбидің өзгеретіні белгілі. Осы орайда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық топтың мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Мархаба ТҰРСЫНОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

– Мархаба Ахметқалиқызы, сіздің ойыңызша, жалпы қоғам екі жылға жуық пайдаланған акутты әліпбидің қандай кемшіліктері бар? Қандай өзгерістер қажет?

– 2018 жылғы 19 ақпанда Қазақ  стан Республикасы Президентінің №637 Жарлығымен 32 әріптен тұратын әліпби бекітілді, оның ішінде алты әріп акутпен, екі әріп диграфпен берілген және оны екі жылға жуық пайдаландық.

Әліпбидің азын-аулақ кемшін тұстары ретінде диакритикалық таңбаны, яғни, акутты дауысты да, дауыссыз дыбыс таңбаларына қойылуын, і (i) мен и-дің (ı) бас әріп таңбасының (І) бірдей болуын, ш (sh) және ч (ch) әріптерінің қосар әріппен таңбалануы, ы (y) мен у-дың (ý) бірдей әріппен беріліп, тек акутпен ажыратылуы, й (ı) мен у (ý) таңбасының халықаралық қолданыстағы нұсқасымен сәйкес келмеуі сияқтыларды айтуға болады.

Осы мәселелерді ашып көрсетсек, алдымен акут диакритикасының дауыстылардың жуан-жіңішкелігін көрсетуге сәйкес келгенімен, дауыссыздардың таңбасына қойылуы қиындық туғызғанын айтуға болады. Себебі, аталған диакритика екпінді беруге, ашық немесе қысаң дауыстыларды ажыратуға, дауыстылардың созылыңқылығын көрсетуде пайдаланылады. Біздің әліпбиде дауыстыларға қоса ғ, ң, у дауыссыздарын таңбалауда кездесуін, әсіресе у әрпінің акутпен берілуін қабылдау қиын, диакритикалық таңба дауысты-дауыссыздардың әрпіне қатысты ажыратылғаны дұрыс.

Сондай-ақ, й мен і-нің бас әріп таңбасының бірдей болуы да аталған әріптерді тануда, көзшалымда қиындық туғызды. INI, INELIK, KIIM сияқты сөздерді бас әріппен жазу барысында і мен й-ді ажыратудың оңай емес екені белгілі.

Ал ш-ның диграф арқылы таңбалануын ш немесе с мен х қатар келген сөздерде екі түрлі оқылатындығы туралы көп айтылды, оның үстіне «бір дыбыс – бір таңба» принципіне сәйкес келмеді.

У мен й дыбыстарын таңбалауда u және i таңбаларының болуы көңілге қонымды болмақ, себебі, қай кезеңде де ағылшын, неміс, француз тілдерін үйрену арқылы таныс болған латын алфавитіндегі u мен i көпшіліктің ұғымында кириллицадағы у мен и-дің көрінісі болып қабылданады. Басқа әріппен алмастыруға келмейтін a, b, d, e, k, l, m, n, r, t әріптері сияқты халықаралық қолданыста қалыптасқандардың қатарына у мен й-дің таңбасы ретінде u мен i орныққан әріптер ретінде қабылдайтынымыз белгілі.

Жаңа қазақ жазуына негізделген әліпбиді таныстыруға арналған іс-шараларда немесе емле ережелерін үйрете бастағанда әліпбиге қатысты көпшілік тарапынан өзіндік пікірлерін білдіргендер де болды және көпшілігі жоғарыда айтылған мәселелерді айтты.

Жазуды еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін пайдаланатындықтан, үйренуге де, үйретуге де жеңіл болғаны дұрыс. Жаңа әліпбиге негізделген жазу оқылым, жазылым кезінде қиындық туғызбауы және емле ережелері күрделі болмаса, қарапайым халық үшін де тез меңгеруге жол ашылмақ.

– Қазақ жазуын латын графикасына көшіруге байланысты мәселенің көтерілгеніне біраз жылдар болғанымен, 2017 жылдан бастап нақты қолға алына бастады. 2017 жылдың 26 қазанында жаңа жазуға негізделген, яғни, кейбір әріптері апостроф диакритикасымен берілген әліпби, 2018 жылдың 19 ақпанында қазіргі қолданыстағы екінші әліпби бекітілді. Енді тағы өзгеріс болмақшы. Екі жарым жыл ішінде үшінші әліпбиді қабылдасақ, қиындық туғызбай ма? Меңгеру қаншалықты оңай немесе қиын?

– Бізден бұрын латын жазуына өткен түркітілдес елдердің тәжірибесінен байқағанымыздай, алғашқы қабылдаған әліпбиге реформа жасалуы заңды құбылыс сияқты. Оның үстіне әліпби тұтас емес, азын-аулақ әріптерге ғана өзгеріс енеді.

Жалпы алғанда, латын алфавитімен бұрыннан таныс екеніміз белгілі. Орыс, қазақ тілдерін болмағанымен, шет тілдерін үйрену барысында таныс болған әліпбиді енді қазақ тілінің дыбыстарын таңбалауда өзгеріс болып отырған кей әріптерге, яғни, қосымша диакритикалық таңба қою арқылы ә, ө, ұ, ү, ғ әріптерін меңгеру арқылы толыққанды біліп шығатын боламыз.

Қазақ жазуын латын графикасына көшіруге қатысты болып жатқан іс-шаралардан сол істің айналасында жүрген ғалымдар, зерттеушілер, журналистер, білім саласының қызметкерлері ғана емес, көпшілік қауым да қалыс қалып отырған жоқ. Әліпби нұсқалары, емле ережесі, әдістемелік құралдарға қатысты пікір білдірушілер болашақ қазақ жазуына бейжай қарамайтынын көрсетуде және оған күнделікті өмірде де куә болып отырмыз.

Әрине, халықаралық қолданыстағы әріптер ортақ болғанымен, кей тілдің өзіндік ерекшелігіне байланысты айырмашылықтардың орын алатыны белгілі. Ондай әріптердің қатарына ж, к, ш сияқтыларды жатқызуға болады, яғни, басқа түркі тілдерінің әліпбиімен салыстырғанда да айырмашылық орын алады. Ең бастысы, қазақ тілінің фонетикалық сипатын нақты көрсете алатын әліпбиді қабылдағанымыз абзал болмақ.

– Рахмет! Еңбегіңіз өнімді болсын!

Әңгімелескен, Қасымхан ҒАЛЫМ.

ҚҰЛАҚҚАҒЫС:  14 ақпан күні сағат 14:00-де Достық үйінде латыннегізді қазақ тілі әліпбиін жетілдіруге қатысты ашық талқылау өтеді.

Басқа материалдар

Back to top button