Шеттегі өрт: облыс әкімі қадағалауды күшейтуді тапсырды
Шілденің 14 жұлдызында Шет ауданындағы Талды елді мекенінің маңындағы Қотыртау беткейінде өрт шыққан. Өртті сөндіруге жеке құрамдағы 146 адам және 25 бірлік техника жұмылдырылды. Шіліңгір айдың аптабы мен аңызақ желі, тау бөктеріндегі өрттің ауыздықталуына едәуір қиындық туғызуда. Тау аңғарына техника маңайлай алмайды. Өртті сөндіру амалдары адамның қос қолымен жүзеге асуда. 17 шілдеде өрт ошағына су төгер құрылғылы «МИ-80» тікұшағы тартылды. Әзірге өрт ауыздықталмады.
Шеттегі өрт жергілікті өрт сөндірушілердің арнайы жабдықпен толық жарақталмағанын, минералданған жолақтардың кемдігін айқындап берді.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шет ауданындағы өртке қатысты жергілікті атқарушы органдар тарапынан қадағалауды күшейту қажеттігін қатаң тапсырып, уақыт сылбырлықты көтермейтінін ескертті. Техниканы жаңарта отырып, тілсіз жаумен күресте еріктілерді тарту қажеттігіне назар аударды.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов облыс аумағында 14 орман өрті тіркелгенін мәлім етті. Оның бесеуі – Қарқаралы, үшеуі – Осакаров, Бұқар жырау ауданында – екі, Қарағанды қаласында – екі, Ақтоғай және Шет аудандарында – бір өрт ошағы анықталған.
Өрт тұтануының негізгі себептеріне әдеттегідей найзағай, орман қорындағы қураған желектің оқыстан тұтануы жатқызылды. Табиғи өрт отты абайсыз өшірмей қалдырып кету, ауыл шаруашылығы техникасының ұшқын сөндіргіштерінің ақауынан болатындығын жарыса айтады кәнігі мамандар. Қазіргі жауын-шашынсыз ыстық әрі желді ауаның райы табиғи өрттің оқыс көбеюіне ықпал еткен.
– Жабдық көлемі жыл сайын артқанымен, аудандардың орман шаруашылықтарындағы жеке құрам қызметкерлерінің аздығы да қолбайлау болып тұр. Осыған байланысты, мүмкіндігінше Жұмыспен қамту орталықтары арқылы қызметкерлер санын жаз мезгілінде арттыруды ұсынамыз. Ұлттық парктерде де өрт сөндіру құрылғыларының жеткіліксіздігі аталған кезеңде өртпен күресте «әттеген-ай» дегізіп тұр. Ал, бар құрылғының мерзімі ондаған жылға жетіп жығылған. Ескірген, тозған. Тиісті нысандар өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бермен қарай бойға қалқан болғанымен, заман талабына жауап беруденада. Кешенді жаңарту амалдары ауадай қажет екендігін түсінеміз. Сондықтан, аз шығынды, тез құрастырылатын модульдік ангарлар тұрғызуды ұсынамыз. Заманауи спутниктік навигация жүйесі жолға қойылмаған. Радиостанциялардың жұмысы мардымсыз, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов.
Ермағанбет Қабдулаұлы Шеттегі өрт тиісті қадағалаудың, минералданған жолақтардың жоқтығынан өршігенін айта келе, Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Жылқыбаевқа сауал қойды. Өз кезегінде Жомарт Әменұлы таулы аумақ болған соң минералданған жолақ небәрі 48%-ға төселгенін хабарлап, орманшы өзіне тиесілі екі мың гектар жерді аралап, қадағалау қиынға соғатынын тіліне тиек етті. Минералды жолақ – бұл жасанды түрде жасалатын өрт тосқауыл. Ол орман алаңымен шекаралас аумақтың сызықты бөлігін жанғыш материалдардан тазарту арқылы сызылады. Әдетте, бұл механикаландырылған әдіспен жүзеге асырылады.
– Жыл басында мен өрт қаупінің алдын алу, жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды жою жөнінде жергілікті бюджет түсімдері көлемінің кемінде 1%-ы мөлшерінде қаражат көздеуді тапсырдым. Бұл сома аз, бірак өте маңызды. Қажетті техниканы сатып алыңыздар, өрт сөндірушілерді жабдықтаңыздар! Жыл соңында менің тапсырмамның қалай орындалатынын тексеремін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ал, Нұра ауданында бір дала өрті тіркеліп, уағында ауыздықталған. 56 жану ошақтары оқшауланды. Дала жұмыстарына тартылған адамдар орманды дала аумақтарындағы өрт қауіпсіздігінің негізгі шаралары бойынша нұсқау алуы керек, техника жұмысқа жарамды ұшқын сөндіргіштермен жабдықталуы тиіс.
Сарша тамызда өрт ошақтары көбеюі ықтимал деп топшылайды комиссия мүшелері. Өңір басшысы тілсіз жаумен күреске даярлық Нұра ауданы мен Қарағанды, Теміртау қалаларында жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті.
Осакаров, Қарқаралы, Абай, Бұқар жырау, Ақтоғай ауданы мен Саран, Приозерск, Балқаш қалаларының әкімдіктері бұл бағыттағы жұмысты кешенді түрде жандандырудың өмірлік маңызы бар. Кезектен тыс комиссия отырысында жоспардан тыс шұғыл шаралар атқарып, қадағалауды күшейтуді қатаң тапсырды облыс әкімі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz