Құрылтай

Сайлауалды үгіт-насихат жалғасуда

Қарағанды облысында саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Өңірдің қала-аудандарындағы кездесулер барысында партия өкілдері тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және түрлі сала мамандарымен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаларындағы басым бағыттарды таныстырды. Кездесулерде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықты толғандырған өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланып, сайлаушылардың ұсыныс-пікірлері назарға алынды.

«Әділет» партиясының  штабы облыста еңбек ұжымдары, ғылыми қауымдастық, кәсіпкерлер, IT саласының өкілдері және азаматтық қоғам мүшелерімен кездесті. «Qarmet» АҚ металлургия комбинатында өткен кездесуде өндірістік қауіпсіздік, кәсіпорындарды жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру  талқыланды.

Сайлауалды штаб академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде де кездесу өткізді. Партияның білім мен ғылымды дамыту, жастарды қолдау, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға бағытталған ұсыныстарын таныстырды. Құрылтай депутаттығына  кандидаттар кәсіпкерлер, IT-қоғамдастық өкілдері, TEN QOGAM әлеуметтік бейімдеу орталығының қатысушыларымен кәсіпкерлікті дамытумәселелерін талқылады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Абай қаласында  өтті. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасы жазылған үгіттік баспа материалдары арнайы белгіленген және заңмен рұқсат етілген орындарға орналастырылды. Сонымен қатар тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратылып, партияның негізгі бағдарламалық бағыттары мен бастамалары таныстырылды.

Акцияда партия өкілдері сайлаушыларды сайлауалды бағдарламаның негізгі ережелерімен таныстырды. Тұрғындарға партияның әлеуметтік саясат, экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, еңбек құқықтары жайлы ақпарат берді.

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері арнайы белгіленген ақпараттық стендтерге партияның үгіт-насихат материалдарын орналастырды.

Сонымен қатар,  облыс көлемінде «Есіктен есікке» акциясына да старт берілді. Акция барысында партия өкілдері тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары туралы ақпарат беріп, азаматтардың сауалдарына жауап қайтарды. Кездесулер барысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты даму мәселелеріне қатысты партияның ұстанымдары таныстырылды. Үгіт-насихат жұмыстары өңірдің қала және аудандарында кезең-кезеңімен жалғасады.

Қазақстан Халық партиясы еңбек ұжымдарымен кездесті. Партия өкілдері сайлаушыларға партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Алдымен партия өкілдері Әлихан Бөкейхан ауданындағы №3 тұрғын үй пайдалану ұйымының еңбек ұжымымен кездесті.

Жиын барысында қатысушыларға Қазақстан Халық партиясының «Ел байлығы – халық игілігіне!» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Ашық пікір алмасу кезінде энергетика саласын дамыту, еңбек адамдарын әлеуметтік қолдау мәселелері сөз болды. Қарағанды қаласындағы №11 емхананың және №5 емхананың медицина қызметкерлерімен кездесуде денсаулық сақтау саласын дамыту, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытындағы бастамалар талқыланды.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы өкілдері   Ақтоғай ауданында сайлаушылармен бірқатар кездесу өткізді. «Ақтоғай орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің еңбек ұжымымен жүздесті. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылып, табиғатты қорғау, орман шаруашылығын дамыту және ауылдық аумақтарды өркендетуге бағытталған бастамалар кеңінен сөз болды.

Ақтоғай аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерімен өткен кездесуде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру, кадрлық әлеуетті нығайту мәселелері талқыланды.

«Ақ жол» партиясы Қарағанды еңбек ұжымдары және сайлаушылармен бірқатар кездесу өткізді. Партияның сайлауалды бағдарламасының бағыттарын таныстырды.Алдымен делегация «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы Seven Refractories Asia отқа төзімді материалдар шығаратын зауытында болып, кәсіпорынның еңбек ұжымымен жүздесті.

Одан кейін партия өкілдері «СМИТ Орталық Азия» ЖШС-інде болып, құбырлар өндіретін зауыт қызметкерлерімен кездесті. «Толеген» кәсіпорнында әйелдер кәсіпкерлігінің өкілдерімен пікір алмасты. Кездесуде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ ArtSport бірыңғай мемлекеттік тапсырысына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Respublica партиясының өкілдері «Майқұдық Жұмыртқа» ЖШС ұжымымен кездесті. Партияныңсайлауалды бағдарламасы мен басымдықтарын таныстыруға арналған ақпараттық-насихаттық кездесу өтті.Партия өкілдері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамаларын айтты. Кәсіпкерлікті қолдау, еңбек адамының мәртебесін арттыру, жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау, білім беру сапасын көтеру және өңірлердің тұрақты дамуына қатысты ұстанымдары туралы кеңінен ақпарат берді.

Сонымен қатар, қатысушыларға партияның құрылтайында қабылданған шешімдердің маңыздылығы түсіндіріліп, сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылды. Жиын барысында  пікір алмасу өтті.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button