Сайлауға дайындық талапқа сай ма?
19 наурызда еліміз бойынша 12 032 550 сайлаушы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын таңдайды. Бұл жолғы сайлау өзге сайлаулармен салыстырғанда, өзгеше болатынын Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мүшелері де айтуда. Кезектен тыс сайлауға дайындық барысын пысықтап, өткізу мәселелері бойынша облыста семинар-кеңес өткізген ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров пен ОСК мүшесі Сәбилә Мұстафина осылай дейді.
Себебі, Қазақстанның Тәуелсіздік тарихында дәл осындай сайлау сегізінші рет өткізілмек. Ата Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты бұл процедура бәсекеге қабілетті бола түскен. Біріншіден, жаңа шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының саны Қазақстан Халқы Ассамблеясының квотасын Мәжілістен Сенатқа ауыстыруына байланысты 107-ден 98-ге дейін азаяды. Екіншіден, аралас жүйе бойынша 98 депутат сайланады. Яғни, 69 депутат партиялық тізімдер бойынша Мәжіліске, ал, 29 депутат бір мандаттық округтер бойынша өтеді. Осылайша, палатадағы орынның 30 пайызын өзін-өзі ұсынушылар алады.
Бәсекелестік демекші, Константин Петров та бәсекелестік басым екенін айтып отыр. Мәселен, еліміз бойынша 29 округ болса, 609 кандидат өзін-өзі ұсынған. Яғни, бір мандатқа – 21 кандидаттан.
– Ең көп үміткерлер Астана және Алматы қалаларында тіркелді. Бір мандатқа – 21 кандидаттан. Ал, өзге өңірлерде бұл көрсеткіш біршама төмен. Атап айтар болса, бір орынға 5-тен 15 кандидатқа дейін, – дейді Константин Викторович.
Бұған дейін қазақстандықтар Мәжілісте жиналған дауыстарға пропорционалды мандаттар санын алған саяси партияларға ғана дауыс беріп келген болатын. Кандидаттардың қайсысы Парламентке баратынын партия басшылығы шешті. Енді, өзін-өзі ұсынушылар да сайлауға түсетіндіктен, өз округінде көпшілік дауысқа ие болған адам жеңеді. Осылайша, партиялардан бөлек, партиялық емес тәуелсіз кандидаттар да сайлауға қатысып, жеңіске жете алады.
Сайлаудың тағы бір ерекшелігі – сайлаушылар «бәріне қарсымын» деп дауыс бере алатындығында. Егер, өзін-өзі ұсынушылардың аты-жөні жазылған бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» көп дауыс жинаса, онда кандидаттар ішінде ең көп дауыс жинағаны депутаттыққа өтеді.
Константин Петров дәл бұндай сайлау бұрын өтпегенін деп айтудың бір себебі – бір сайлаушыға 5 бюллетень берілетіндігімен түсіндіреді. Тіпті, «Неге 5 бюллетень?», «бір бюллетеньге қанша адамның аты-жөні енгізіледі?» деген сұрақтарға жауап беру қиынға түскенін айтады.
– Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлаудың ерекшеліктерін, сондай-ақ, жекелеген сайлау округтері бойынша жоғары бәсекелестікті ескере отырып, осы науқанға сайлау бюллетеньдерінің әртүрлі түрлері бойынша Орталық сайлау комиссиясының жекелеген шешімдерін қабылдау ұсынылды – дейді Сәбила Мұстафина.
Орталық сайлау комиссиясы мақұлдаған бюллетень түрлеріне тоқталар болсақ, олар бес түрлі. Яғни, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру үшін көк түсті, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша жасыл түсті, партиялық тізімдер бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың мәслихаттары депутаттарын сайлау бойынша күлгін түсті, бір мандатты аумақтық сайлау округтері қызғылт сары түсті, сондай-ақ, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар мәслихаттарының кандидаттары сұр түсті бюллетеньдерде белгіленеді.
Бұл ретте сұр түсті бюллетень Астана, Алматы және Шымкент сайлаушыларына арналмаған. Бұл қалалардың тұрғындары тек төрт бюллетень алады.
Константин Петров ұлттық байқаушылардың қызметіне де тоқталды. Олардың құрамы 2019 жылы қалыптастырылған. Байқаушылардың белсенділігі сайлаудың ашықтығын қамтамасыз етіп, Орталық сайлау комиссиясының жұмысына кәсіби мониторинг жасауға мүмкіндік бермек.
– Бұған дейін қоғамдық ұйымдардың мүдделерін білдірген бірқатар ұлттық байқаушылардың дені бұған дейін сайлау дегеннің не екенін білмейтіндер болды. Енді жаңа заң бойынша байқауға қоғамдық ұйымдар ғана қатыса алады. Бұл ретте олардың Жарғысында кәсіби түрде сайлау процесіне мониторнг жүргізе алатындары жазылуы тиіс. Яғни, қоғамдық ұйым өзінің байқаушыларын алдын ала дайындықтан өткізуге міндетті. Бұл сайлау күні кәсіби мониторнгтік корпус болуы үшін жасалған. Ал, аккредитация мерзімі бір жыл, – дейді Константин Викторович.
Семинар барысында облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Ғалиев сайлауды ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Оның айтуынша, облыстағы 761 471 сайлаушы 654 сайлау учаскесінде дауыс береді. Учаскелердің материалдық-техникалық жағдайы жоспарға сәйкес және мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып қамтамасыз етілген. Одан бөлек, арнайы жабдықталған бұрыштар да ашылған. Онда сайлау бюллетенін толтыру тәртібінің аудио нұсқалары, сайлау жөніндегі ақпаратты тыңдау, қосымша жарықтандыру және оптикалық түзету құралдары көзделген.
Сондай-ақ, семинарда облыс прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер сайлау науқанының барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы баяндады.
– Бұл сайлау – бәсекелестікпен және белсенділігімен ерекшеленеді. Әр партия мен кандидаттар қарсыластарынан да, біздің жұмысымыздан да кемшілік табуға тырысып, оны сайлауды бұрмалады деп айыптау үшін дәлел ретінде пайдалануға тырысады. Қазірдің өзінде соттарға 11 талап-арыз, прокуратураға 21 шағым келіп түсті. 5 адамды әкімшілік жауапкершілікке тарттық, – дейді Виталий Николаевич.
Заң бұзудың әрбір фактісі бойынша заңда көзделген құқықтық шаралар қабылданатынын айтады облыс прокурорының орынбасары.
Семинар-кеңестердің екінші бөлімінде облыстық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін «Дауыс беру күні» іскерлік ойын стилінде тренинг ұйымдастырылды.
Салтанат ІЛИЯШ.