Сахна саңлақтарының салтанаты
Әлемде жанкүйері жоқ нашар театрды немесе актерді көрген жоқпыз. Өнерге адал қызметкерлердің барлығы қашанда құрмет пен қошемет құшағында. Сондықтан да болар, театр – келешегі бүгін мен ертеңге тәуелді, өлмес орта.
Бекзат өнерді ұлықтаушылар жыл сайын Халықаралық театр күніне орай кәсіби мерекесін атап өтеді. Салтанатты шара С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында өтті.
Театрдың қарқынды дамуын өнер үшін жанын салған қызметкерлерінен көруге болады. Мәдениет ошағын ұжымдық өнерге балап, мамандығына жан-тәнімен берілген олар кәсіби мерекесінде де жұмыс істеп сахнада жүрді. Театр өнерін көрсетуші және оны көруші көрермен барда ешқашан өлмейтініне көз жеткіздік. Ұлт құндылықтарын насихаттап, тағылымы мол дүниені көрермен назарына ұсынып жүрген сала қызметкерлерінің ұлттың рухани темірқазығын сақтаудағы үлесі ерекше екеніне куә болдық.
«Егер де мен…» салтанатты кешіне облыстағы 4 театрдың қызметкерлері тегіс жиналыпты. Әртістер өңірдегі театрлардың құрылған кезеңінен бастап, бүгінге дейінгі жаңалықтарын қойылым арқылы ұсынды. Сахнаны көркемдеген актерлер алдымен Өнер анасын сомдап, ежелгі театрдың ерекшелігін көрсетті. Мерекелік кеште актерлер жазушылар шығармаларынан үзінділер келтіре отырып, ұлттық мәдениетімізді ұлықтаған заңғар тұлға – Мұхтар Әуезовті, қазақ сахна өнерiн әлемдiк деңгейге көтерген – Әзірбайжан Мәмбетовті және актерлік өнердің хас шебері Константин Станиславский бейнесін әсем сомдады. Әуезовтің өзі шығармаларын сахналаған алғашқы жылдары сандық ішінде жатып суфлер болғанын да тілге тиек еткен әртістер, ХХ ғасыр басында Әуезов бастаған қазақ зиялылары қазақ мәдениетін дамыту әрі сақтау мақсатында алғаш театрдың негізін қалағанын атады.
Театрды дамытуда К.Станиславский құрған жүйе әлі күнге дейін оқылып, зерттеліп келе жатқанын алға тартқан қызметкерлер өнер ошағының қазіргі жай-күйін көркем өнердің жетегіне салып, назарға ұсынды. Осылайша өмір мен тіршіліктің айнасына айналған сымбатты өнердің қыр-сырына үңілді. Теміртау қаласының балалар және жасөспірімдер театрының трагедия, комедия, драмаға ұласқан қойылымы қошеметке бөленді. Кештің әлқиссасын көңілді қойылыммен ашқан жастар жұрт жақсы көретін комедияны ұсынды. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының көрінісі де театрдың жүгін арқалап жүрген техникалық қызметкерлер еңбегін көрсетті.
Төл мерекесінде еліміздің мәдениет, руханият саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген театр қызметкерлері Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының марапатына бөленді. Жанкүйерлер көрерменіне жарқын көңіл күй мен шабыт сыйлап жүрген сахна сардарларына құрмет көрсетті.
Ресми дерекке сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді. Оның 55-і мемлекет меншігінде. Тәуелсіздік жылдары елімізде 21 мемлекеттік театр ашылып, 11-не заманауи жаңа ғимарат салынды. Соның бірі – С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz