Руханият

Садықтың сазды әлемі

Бұл жаратылыс адам баласын бір нәрседен қысып қойса, енді бір жағынан жарылқайтыны бар. Қос жанарынан бірдей айырылып, басыр болып қалса да, өзінің табиғат берген дарыны мен өнерінің арқасында өлмес туындыларымен халқының жүрегінен мәңгі орын алған тұлғалардың еңбегіне қарап осы сөздің рас екеніне көз жеткіземіз. Кешегі от ауызды, орақ тілді Шөже, Қақпан ақындар, Аққыз, Есжан күйшілер, Садық Кәрімбаев, Жақсыкелді Сейіловтей композиторлар осы қатардан еді.

Дәрі-дәрмек пен дәрігер қат заманда осылардың бәрі бала күнінде «Шешек» дертіне шалдығып, соның кесірінен зағип болғандар. Сол кезде ел ішінде «Шешек» өзіңді не көзіңді алам деп келеді» деген сөз тараған. Медицина тілінде оны «Оспа» дейді. Оған қарсы салынатын екпе табылған соң, қазір одан келер аса қауіп жоқ.

Жоғарыда аталған жандардың арасында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген қайраткері, композитор Садық Кәрімбаевтың қазақ музыка өнеріне қосқан үлесі өлшеусіз. Биылғы 28 ақпанда оның туғанына – 105 жыл. Соған байланысты сазгердің туған жері Павлодар облысында 24 ақпан күні «Әнші жүрек» атты облыстық әншілер байқауы өтеді.

Садық Балқыбекұлы Кәрімбаев 1918 жылдың 28 ақпанында Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауылда Әулиелі Қызылтаудың баурайында туған. «Менің қысқаша өмірбаяным» атты естелігінде былай деп жазған: «Мен жастайымнан екі көзден айырылып, дүниенің жарығынан мақұрым қалдым. Бұл ауыр жағдай сүйікті әкем Балқыбекке де оңай тиген жоқ. Бір күні ауыр күрсініп: «Құлыным, көзімнің қарашығы, сенің сенімді серігің, айнымас досың, шер тарқатар сырласың болсын», – деп батасын беріп, өзінің кәрі жолдасы қарағай домбырасын маған ұсынды».

Одан әрі аталас туысы, жазушы Жүсіпбек Аймауытов 1923 жылы елге келгенінде 5 жасар Садықтың бойындағы қабілетін байқап, оны өзімен бірге Орынборға ала кетіп, сондағы музыкалық мектеп-интернатқа орналастырады. Бірақ композитор өмірбаянында жақын ағасының бұл шапағатын айтпайды. Өйткені «халық жауы» болып атылып кеткен Жүкең есімін ол кезде ауызға алу мүмкін емес еді.

Осында оқып жүріп музыкалық сауатын ашқан Садық Кәрімбаев 1936 жылы Алматыда өткен халық әндерін орындаушылардың республикалық жарысында бас бәйгені жеңіп алады. Оның жан-жақты дарын иесі екенін тани білген мамандар Қазақ радиосына шақырып, әнші әрі баяншы жұмысына қабылдайды.

Қазақ радиосында істеген жылдары ол атақты қобызшы Жаппас Қаламбаев әнші-күйшілер Серғали Әбжанов, Бергенбай Тасыбаев, Бикен Римова, Қанабек Раисов, ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндермен бірге ел аралап, өнер көрсетеді. Баян аспабында асқан шеберлікпен ойнайтынына тәнті болған артистер оны гастрольдық сапарларынан бір тастамаған.

Жасынан зағип болса да рухы күшті ол қасірет-қайғыға мойымай, домбыра, баян, мандолинді жанына серік етіп, орындаушылық шеберлігімен халыққа танымал болды. Сол үшін де оған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілген.

Садық Кәрімбаевтың соныңда қалдырған асыл мұрасы – ақындарымыздың сан тақырыптағы өлеңдеріне жазған 80-нен астам әндері. Сол әндерінің 50-ге жуығы Қазақ радиосының Алтын қорында сақтаулы болса, белгілі әншілердің орындауында әндері жазылған 15 күй табағы шығарылған. Оның «Ақ ерке», «Ақ тамақ», «Ақ көгершін», «Сүйген сәулем», «Баян – баян тау еркесі» әндерін әлі күнге дейін халық сүйіп айтады. Осылар және композитордың басқа да әндерін әншілер Жүсіпбек Елебеков, Мағауия Көшкінбаев, Суат Әбусейітов, Игілік Омаровтан бастап Майра Ілиясова, Мәдина Ералиеваға дейін шырқап елге танытты. В.Великанов «Садық Кәрімбаев әндері тақырыбына» атты төрт бөлімді сюита жазды. Сондай-ақ, Кәрімбаевтың кейбір әндерін ол өзінің «Қамбар батыр» эпосының негізінде жазылған «Қамбар – Назым» балетіне енгізді.

Ел-жұрты қадірлеген ерекше талант иесі, әнші әрі композитор Садық Кәрімбаев шығармашылық өрлеу шағында 1975 жылдың 6 ақпанында қайтыс болып, Алматыда жерленді. Оның есімі Алматы қаласында көшеге және зағиптар қоғамының қалалық Мәдениет үйіне берілген. Өкінішке қарай, Қарағанды өңірінде бүкіл қазаққа ортақ тұлғаны еске аларлықтай бір белгі әлі күнге жоқ. Енді осыдан кейін саңлақ әнші-композитордың биылғы мерейтойына байланысты шаралар облысымызда өтіп жатса, игі болар еді.

…Мен бала күнімде марқұм Садық Кәрімбаевты бірнеше рет көріп, баянмен қосыла айтқан әндерін тыңдаған адаммын. Себебі, оның туған ағасы Әлім Бұқар жырау ауданындағы бұрынғы Қылыш Бабаев атындағы кеңшарда тұрып, прораб болып істейтін әкем Мәздің қарамағында десятник болды. Әрі Кәрімбаевтардың бізге аталас туыстығы да болатын. Ол жазда Баянауылға бара жатып ағасы мен біздің үйде сан мәрте қонақ болған. Жанына жақсы көретін шәкірті Шәмші Қалдаяқовты ертіп жүретін. Екеуі ән шырқап, түрлі аспаптарда ойнағанда алақандай ауылды думанға бөлейтін. Сонда Сәкең дүлдүл ақын Мұқағали Мақатаевты Алматы базарында ұн сатып тұрған жерінен қазақтың Левитаны Әнуарбек Байжанбаев екеуі қолынан жетелеп апарып, Қазақ радиосына қызметке орналастырғанын айтып отыратын. Оның есту қабілетінің жетілгені соншалық, сусынның сылдырынан оның мөлшерін біле қоюшы еді. Сондай-ақ, жарықтық Қазақстанға белгілі дәрігер, профессор Хафиз Мақажановтың өз қолында өсіп, білім алғанын, туған нағашысы екенін де мақтана айтатын. Қазір жоғарыдағы Әлім ағамыздың балалары мен немерелері Қарағанды қаласы мен Ботақара кентінде тұрып жатыр. Сондықтан Садықтай аруақты атасының биылғы мерейтойынан олар да шет қалмас деп ойлаймын. 

Ержан ИМАШ,

Абай ауданы.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button