Білім

«Сағынов оқуларының» салмағы

Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Білім, ғылым және өндіріс интеграциясы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара шымылдығын ашқан Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сурет университеттің баспасөз қызметінен

– Ғылым және өндірісті интеграциялау тақырыбына арналған «ХVІ Сағынов оқулары» – жаңа білімге, жаңалықтарға және дамуға апаратын маңызды кезең. Ғылым шабытпен кездесетін жер болғандықтан, бұл конференция идеялармен бөлісу, соңғы ғылыми жетістіктерді ұсынуға және әртүрлі салалар арасында жемісті байланыстар орнатуға арналған бірегей алаң. Зерттеулеріңіз, идеяларыңыз бен тәжірибелеріңіз болашақ ғимаратты құрайтын кірпіш.

Баршаңызға жемісті жұмыс, қызықты пікірталастар мен жаңа ғылыми жаңалықтар тілеймін. Әрқайсыңыз осы жерден шабыт пен жетістіктерге қолдау таба беріңіздер. «ХVІ Сағынов оқулары» қатысушылардың жүрегінде із қалдырып, ғылым мен білім әлеміне жол ашатынына сенімдімін, – деді ҚарТУ-дің ректоры Сәуле Сағынтаева.

Пленарлық отырыс «Ғылым мен білім синергиясы: жоғары білім мен тұрақты дамудың жаңа көкжиектері» және «Өнеркәсіптегі инновациялар: заманауи талаптар мен перспективалар» атты екі бөлімнен тұрды.

Конференцияда Ұлттық тау-кен ғылым академиясының президенті Нұрлан Рыспанов Көкшетау университетінің «Тау-кен құрылысы және экология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Динара Сүйіндікованы «Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының кеңесшісі» дипломымен марапаттады.
Ал, Қарағанды техникалық университетінің «Пайдалы қазбалар мен кен орындарын игеру» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Ибатолла Арыстан «Тау-кен ғылымдары Ұлттық академиясының корреспондент мүшесі» ретінде сайланды.

Сондай-ақ, Қарағанды техникалық университетінің Пайдалы қазбалар мен кен орындарын игеру кафедрасының профессоры, Қарағанды филиалының директоры Исабек Көпейұлы тау-кен ғылымының дамуындағы үлкен жемісі үшін марапатталды.

– «Сағынов оқуларында» ғалымдарды, басқа елдердегі серіктестеріміз бен әріптестерімізді шақырып, ғылымда болып жатқан соңғы жаңалықтарды талқыладық. Біліктілік, геология, тау-кен саласы бойынша мәселелерді қарастырып, нәтижелеу – конференцияны ұйымдастырудағы мақсатымыздың бірі, – деді Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Әсет Ракишев.

Ғалымдар жиында көпшілікке жаңа идеялар мен мәселелердің шешімін табуға жол ашатын ұсыныс­тар айтты. Сондай-ақ, электрондық жабдықтарды цифрландыру жөнінде бірнеше тақырыптар қозғады.

Ақнұр МАРАТ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналистика бөлімінің ІІ курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button