Медицина

Сақтық шараларына салғырт қарамаңыз!

Қыркүйек пен сәуір аралығы жұқпалы респираторлы вирустық инфекцияның белең алатын шағы. Осыған байланысты облыста 15 қыркүйектен бастап, тұмауға қарсы иммундау жүргізілмек. Жергілікті бюджет қаражатынан 173 мың доза тұмауға қарсы вакцина алынды.

Сурет: mir24.tv

«Гриппол» – жыл сайын салынатын вакцина. Бірінші кезекте оны медицина қызметкерлері, денсаулық жағдайы бойынша тәуекел тобына жататын, диспансерлік есепте тұрған адамдар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары, сондай-ақ, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция қаупі жоғары адамдар тегін алады.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгиннің айтуынша, былтыр облыс халқының 14,8%-ы тұмауға қарсы иммундау шараларымен қамтылған.

– Барлығы 176 310 адам, оның ішінде, 14 жасқа дейінгі 20 714 бала егілді. Бұл тұмаумен сырқаттанушылықты 73%-ға төмендетуге мүмкіндік берді, – деді департамент басшысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Тұмау – ауа тамшылары арқылы өте жылдам таралатын жедел вирустық ауру. Барлық жастағы адамдар тұмау вирустарын жұқтыруы мүмкін. Жұқпалы болғандықтан, эпидемия немесе пандемия сипатында болады. Тұмау вирусы тез асқынады. Сондықтан, жоғары температура, бас ауруы, бұлшықет ауруы, жарыққа сезімталдық және басқадай алғашқы белгілер пайда болған кезде уақытылы медициналық көмекке жүгіну маңызды.

– Тұмаудың алғашқы белгілері ағзаға түскен вирустық бөлшектердің санына, адамның иммундық жүйесіне, сондай-ақ, вирустың түріне байланысты. Аурудың белгілері бірден байқалады. 38°С және одан жоғары дене қызуы және ол 3-5 күннен артық болса, бастың қатты ауруы, ентігу, сананың бұзылуы, құрысу белгілері болса, шұғыл көмекке жүгіну керек, – деді спикер.

Әдетте, балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, денсаулық сақтау мамандары жедел вирустық инфекцияларды жұқтыру бойынша ерекше қауіпті топтарға жатады. Сондықтан, маман адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектете тұруды ұсынады.

– Жөтеліп, түшкіріп тұрған адамдармен байланысты шектеу, жөтел этикетін сақтау, қолды сабынмен жиі және мұқият жуу, бөлмені жиі желдетіп, үнемі тазалап отыру керек. Жиі пайдаланатын ыдыс-аяқ, есік тұтқаларын да сүртуді ұмытпаған жөн, – деді Юрий Залыгин.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің міндетін атқарушының биылғы жылғы тамыздағы қаулысына сәйкес, ЖРВИ белгілері бар адамдар арасында күнделікті «таңертеңгі сүзгіні» өткізу, ауру белгілерімен анықталған балаларды уақытылы шеттету, қоғамдық орындарда оқушылардың, қызметкерлердің қолдарын өңдеу үшін антисептиктері бар санитайзерлерді орнату қарастырылған. Ал, сырқаттанушылық өскен кезде, яғни, сынып оқушыларының 20-30%-ында ЖРВИ тіркелсе, жалпы білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесін тоқтату, күнтізбелік он күн ішінде сыныптарға жаңа балаларды қабылдауға тыйым салу ұсынылады. Егер, ауырған оқушылар қатары 30%-дан асса, онлайн оқытуға ауыстырылады. Денсаулық сақтау объектілеріне кіре берісте ЖРВИ және тұмау белгілері бар адамдар үшін сүзгілер ұйымдастырылып жабдықталады, сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне бетперде режимі енгізіледі.

Спикер брифинг барысында коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы қанағаттанарлық жағдайда екенін айтты. Жалпы коронавируспен сырқаттанушылық 13,7 есе төмендеген. Биылғы 7 айда 68 жағдай тіркелді (көрсеткіш – 5,7). Былтыр бұл кезеңде 929 жағдай тіркелген болатын.

Биыл ел аумағында алғаш рет адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация басталады. Екпе шаралары профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесіне енгізілді, қыркүйекте басталады.

Адам папилломасы вирусы – шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін ең көп таралған вирустардың бірі. Оның инфекциясы жатыр мойны, жыныс мүшелері, көмей және ауыз қуысының қатерлі ісігін тудыруы мүмкін.

– Жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында 11 жастағы барлық қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізу ұсынылады. Осы жастағы вакцинация қыздарды болашақта ықтимал ауыр инфекциядан қорғайды. Бүгінгі таңда АПВ-ның емі жоқ, алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. Жатыр мойны обырының басым көпшілігі (95%-дан астамы) адам папилломасы вирусынан туындайды, – деп атап өтті департамент басшысы.

Ол сонымен қатар, әлемде алаңдаушылық тудырып отырған маймыл шешегіне қатысты да айтып өтті. Айтуынша, маймыл шешегі ел аумағында тіркелген жоқ. Инфекцияны республика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында барлық қажетті профилактикалық іс-шаралар қабылданды. Санитариялық-карантиндік пункттерде жұқтырған адамдардың мемлекеттік шекара арқылы кіруінің алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізіледі.

Маймыл шешегі (mpox) – ауру жұқтырған жануарлардан адамға таралатын және адамнан адамға зақымданған тері мен шырышты қабық арқылы таралуы мүмкін жұқпалы вирустық ауру. Инкубациялық кезеңі 5-тен 21 күнге дейін болуы мүмкін. Аурудың клиникалық белгілеріне қызба, тамақ ауруы, бас ауруы, бұлшықет және арқа ауруы, лимфа түйіндерінің ісінуі, бөртпе жатады. 14 тамызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуін халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялады. Маймыл шешегі 2022 жылдың мамырында алғаш рет тіркелгеннен бері әлемде 120-дан астам елде 99 мыңға жуық жағдай тіркелді, қайтыс болғандар да бар. Инфекцияның таралуын болдырмау үшін маман ауру тіркелген елдерге баратындарға қорғанысты күшейтіп, сақтық шараларын сақтауға кеңес берді.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button