Ресми

Сақтансаң, сақтайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арналған Жолдауларында да, Үкімет отырысында да полиция халыққа жақын болуы керек және полицияның қоғамдағы оң имиджін қалыптастыру қажет деген талапты жиі көтеріп жүр. Ал, осы айтылған тапсырмаға сәйкес кейінгі жылдары түрлі кешенді шаралар қолға алынды. Мәселен, Қарағандыда жол қауіпсіздігін сақтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түрлі жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы. Шараны өткізу кезінде жеке құрам күшейтілген режимде жұмыс істеп, түрлі мекемелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, жол ережесін бұзған алты мыңнан астам жолаушыға айыппұл салынды.

Сурет: ӨКҚ-нен алынды

Биыл қаңтарда Қарағанды қаласында екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам қаза тапқан. Ал, екеуі түрлі дене жарақатын алған. Тек бір ай ішінде Қарағанды қаласында жол жүру ережелерін 6170 жолаушы бұзған. Былтыр Қарағандыда 115 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 30 адам көз жұмған. 116-сы түрлі дене жарақатын алды.

– Шара 29 ақпанға дейін жалғасады. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілді. Полиция басқармасының қызметкерлері №3 автобус паркінде жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізуші құраммен және ұйым басшылығымен кездесіп, қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Акция басталғалы, яғни, 5 ақпаннан бастап, жол қозғалысы ережелерін бұзған 3 454 оқиға тіркелді, – деді Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шахназар Салин брифингте.

Қалалық полиция басқармасына қарасты жеті аумақтық полиция бөлінісі бар. Әр бөлініс халықпен тығыз байланыс жасай отырып, профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

– Әсіресе, қаладағы барлық сауда үйіне, базарлар мен жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустарға қауіпсіздік ережелерін ескерту мақсатында аудиожазбалар қойылды. Қаланың барлық ледэкрандарынан бейнероликтерлер көрсетілуде. Полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілер және жүргізушілер арасында жаднамалар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Қалалық №3 автопаркпен бірлесіп, автошеру ұйымдастырылды, – деді полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Мұхамеджанов.

Автопарктен бөлінген маршруттарға қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында түрлі баннерлер ілінді. Басқарма басшысы осындай шараның нәтижесінде қалада жол жүру ережесін бұзған жолаушылардың едәуір азайғанын да баса айтты.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button