Саңлақ спортшыларға – сый-құрмет

    Сәтбаев қаласында Спорт күні кәсіби мерекесіне орай, тартысты додаларда топ жарып, кеншілер шаһарының мерейін өсіріп жүрген саңлақ спортшылар мен бұқаралық спортты дамытуға үлес қосқан майталман мамандарды лайықты марапаттау шарасын әр жыл сайын ұйымдастыру айнымас дәстүрге айналған. Жарасымды үрдіс биылғы жылы да жалғасын тауып, салтанатты іс-шараға қала әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВ қатысты.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер мәдениет сарайында өткізілген кең көлемді іс-шараға тек спортшылар мен сала қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар, өзге де мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өкілдері, жалпы қала жұртшылығы жиналды.

Қалың қауымға арнаған өзінің кіріспе сөзінде Асқар Абылайұлы шаһардағы барлық спортшылар мен жанкүйерлерді, спорт саласының ардагерлері мен жас буынды атаулы мерекемен ақжарыла құттықтады. Аса маңызды саланың іргелі жетістіктерін атап өтіп, алдағы кезеңде атқарылуы тиіс жұмыстар ауқымы хақында сөз қозғады.

Содан кейін қала басшысы спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау ісіне қосқан қомақты үлестері үшін Қ.Тоқтыбаев пен Б.Өмірзақовқа Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Құрмет грамотасын табыс етті. Сонымен қатар, бір шоғыр спортшыларға Алғыс хаттар тапсырды.

Бұдан кейінгі кезек қала әкімінің спорт саласындағы арнайы сыйлықтарын тапсыруға берілді. «Бұқаралық спорттың үздіктері» аталымы бойынша ең үздік тұлға атауына үміткер үш спортшының арасынан А.Хасенованың мерейі үстем түсіп, арнайы диплом мен 50 мың теңгені иеленді. Номинант санатына енген екі спортшы – М.Сәкенов пен А.Бегежановаға да лайықты сый-құрмет көрсетілді.

«Үздік спорт ардагері» аталымында мәртебелі атақ пен арнайы бөлінген 50 мың теңге сыйақыны Әзербек Молдағалиев еншіледі. Онымен бір аталымда сынға түскен Ю.Апарин мен Ш.Нысанбаевқа да, тиісінше, марапаттар тарту етілді.

Іс-шара барысында мемлекеттік қызметкерлер арасындағы үздік спортшы ретінде Ж.Исабеков танылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы үздік спортшылар арасында Д.Әлиакпаров ат оздырды.  «Үздік спортшыл мектеп» номинациясында №16 орта  мектептің бәсі басым түсіп, өзгелерге үлгі боларлықтай сипатымен ерекшеленді. «Үздік ұйымдастырушы»  атылымындағы сында Е.Күнпейісов озық шықса,  Т.Дударь «Жылдың үздік бапкері» мәртебесін иеленді. Жоғары аты аталған майталмандар мен мектеп ұжымына қала әкімінің арнайы сыйлықтары тапсырылды.

Ал, қала әкімінің басты сыйлығы «Жылдың үздік спортшысы» номинациясына Ксения Романчук лайықты деп танылып, қала басшысы спортшы қызға арнайы диплом мен 100 мың теңге қаржылай сыйақыны салтанатты жағдайда табыс етті. Бұл номинацияда жеңімпазбен қатар бақ сынаған қос спортшы – Е.Парамонова мен Н.Рахымберді кәделі сыйдан, арнайы дипломнан құралақан қалмады.

Ұйымдастырушы тарап жағымды жоралғылардың жүйелі жұмысқа оң ықпалын тигізерінен үмітті болса, қаланың спортшылар қауымы алдағы кезеңдерде жеңісті жолдардың жалғаса береріне сенімді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

СӘТБАЕВ қаласы.

One thought on “Саңлақ спортшыларға – сый-құрмет

  1. Бұқаралық спортты дамытуға өз үлестеін қосушыларды марапаттап, көпке үлгі етулеріңіз өте орынды іс. Осы бағыттарыңыздан таймаңыздар. ардагерлер арасында «Үздік спорт ардагері» Әзербек Молдағалиев ағамызбен №16 мектеп табыстарының жарыстарда көріп байқап жүрмін. Өздерінің алған сыйлықтарына лайықты.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.