Жаңалықтар

Сағат

    Биылғы жылдың жаңалығы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен жастар форумында қарағандылық жас кәсіпкер Арман Тоқсанбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа отандық сағат сыйлады. Щвейцар компаниясымен тереземіз теңесті деп айта алмаймын, кім біледі олардан асып түсетін бізге күн туар. Өзімізде жасалған отандық өнімді қолдасақ. Сол форумды көріп отырып, Қарағанды қаласын сағатпен айырықшаланатындай бренд қалыптастырса деген ой келді. Бұл істі неге қолға алмасқа. Алдағы уақытта мұнаралы сағаттар қалада бой түзесе, қайталанбас әсер қалдырумен қатар, көрнектi нышаны болатындығына сенім зор. Қарағанды қаласы келер кезеңдерде мұнаралы сағаттардың санын көбейтіп, Қазақстанда символын қалыптастырса нұр үстіне нұр болар еді. Қала басшылығының құлағына алтын сырға. Қарағанды қаласында мен білетін үш сағат бар. Бірі ертеректе вокзалда болған. Ол кезде мен жарық жалғанға да келмеппін. Екіншісі «Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы» аялдамасындағы істемейтін сағатты жиі көремін. Үшіншісі Бейбітшілік бульварындағы қабырға сағаты сауда үйінің сәнін келтіріп тұр. Бұл сағаттарды әңгіме өзегіне айналдырудың маңызы жоғары.

    Сағатты сатып алсаң да, уақытты сатып ала алмайсың… Қазақ халқы ежелден уақыттың бағасын білген.”Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық” деген халық даналығы сөзімізді қуаттай түседі. Қазақы уақыттың өлшеміне де таңданасың, таңдай қағасың. Мәселен қас-қағым: көзді ашып-жұмғанша кететін уақыт, шамамен 0,7-1 секунд аралығы.Сүт пісірім – ширек сағат шамасы, шамамен 15 минут болса, бие сауым – биенің екі сауымының арасы, бір сағат шамасындағы мезгіл екен. Одан бөлек, ұлы сәске, талтүс, кешқұрым деп уақытты өлшейді. Сонымен қатар, ат адым – ақпан айындағы күннің ұзаруы, ол 38 минутқа тең. Елік адым – қаңтардың басынан ақпанның аяғына дейінгі аралықтағы күннің ұзаруы, ол 74 минутқа тең келеді. Бұл уақыт өлшемін жасымыздан құлаққа құйып өстік. Мұны өзім де жиі пайдаландым. Қойшының баласымын. Қолыңа көп сағат та тие бермейді. Болған күннің өзінде баласың, жоғалтып аласың. Сонда қойды ауылға апаратын уақытты күнге қарап межелейтінмін. Бала күнімізде күн сағатты пайдаландық. Күн сағат демекші, тарихқа көз жүгіртсек алғаш рет күн сағатын мысырлықтар пайдаланған екен. Ең бірінші күн сағаты–гномон Египетте пайда болған. Күн сағаты бұлтты күндерде және түнде уақыт көрсете алмайтындығын ескерген қытайлар аспан денелеріне бағынбайтын бір ыдыстан екінші ыдысқа бірқалыпты тамшылап құйылып тұратын су сағатын ойлап тауыпты. Сағаттың тарихы қызық екен. Содан соң құм сағаты қолданысқа еніп, мұсылман қауым кейін құм сағатымен құлшылық уақытын белгіледі. Сағат жайлы тереңдей берсек тарқата айтар дүниелер көп. Әйтеуір, сағатқа – тәуліктiң ағымдағы уақытын анықтайтын және бір тәуліктен кіші уақыт аралықтарының ұзақтығын бірліктермен өлшейтін құрал деген анықтама береміз. Сөз орайы келгенде айта кетейік.

    Сағаттар сырғып, минуттар жылжып, уақыт көші тоқтамай зымырайды. Жылды да аяқтауға санаулы сәттер қалды. Еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін көгілдір экранға телміріп, Елбасының сағат тілі он екіге бес минут қалғанда халықты Жаңа жылмен құттықтауын, жылы лебізін күтеміз. Бұл әр отбасының дәстүрлі үрдісіне айналған. Мешінмен қоштасып, тауықпен қауышатын уақыт таяп келеді. Сағат сартылдап соғып тұр. Аялдамайды. Кеудеміздегі ғұмыр сағат соғуын тоқтатпасын…

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button