Сөзден іске көшетін уақыт
Сөзден іске көшетін уақыт жетті. Жастар ресурстық орталықтары он адамды жинап, флешмоб өткізгенше, бір адамның әлеуметтік мәселесін шешіп берсін. Сол кезде жұмыстың өнімділігі артады, әрі Президент тапсырмасы орындалады. Елбасы Жолдауын талқылауға жиналған Қарағанды облысының жастары дәл осындай ойды ортаға салды.
Достық үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылауға арналған облыс жастарының активі өтті. Оған Қарағанды облысындағы жастар ұйымдарының өкілдері толық жиналды. Күн тәртібіне қойылған басты мәселе – Жолдауда бекітілген тапсырмаларды жүзеге асыру, жастардың белсенділігін арттыру, әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына ықпал ету.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, Қазақстандағы жастардың 7,22% үлесі Қарағанды облысына тиесілі. Олардың 220 353-і қалада, ал, 61 053-і ауылдық жерлерде тұрады. Облыс бойынша, 15-28 жас аралығындағы азаматтардың 47%-ы жұмыспен қамтылған. Жастардың арасында әлі күнге дейін шешімін таппаған күрделі мәселелер де жеткілікті. Атап айтқанда, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету. Студент жастардың білім алуы, жатақханаларға орналасуы және басқа да мәселелер тағы бар. Облыс жастарының активіне жиналған жастар ұйымдарының өкілдері өздері тұратын аудандар мен қалаларда атқарылған жұмыстардың барысын баяндап, алға қойған жоспарларымен бөлісті.
Жиынға қатысушы жастар бір ауыздан Елбасы Жолдауын қолдайтындықтарын жеткізді. Әйтсе де, Жолдауды қолдауда ұраншылдық пен науқаншылдыққа салынып кетпеу керек. Сондықтан, нақты жұмыс жоспарларын жүзеге асыру тәсілдері жолға қойылып, бұрынғыдан да жоғары қарқынмен жұмыс істелуі тиіс. Әсіре се, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау бағытында көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Кәсіп ашамын деген азаматтар бастапқы капитал ретінде пайызы төмен несие алып, жұмысын бастап кетуіне болады. Шын ниетімен, беріліп кіріссе болғаны.
Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының директоры Ақжол Құрмансейіттің айтуынша, жастар ұйымдары бос жүрген азаматтардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларға қажетті ақпаратты дер кезінде ұсынуы тиіс. Бұл ретте әлеуметтік желінің де көп көмегі тиеді. Елбасымыз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында «Еліміздің дамуы жолында сандық технологияға баса назар аударуымыз керек» деген болатын. Қазіргі жастардың барлығы өздеріне қажетті ақпаратты әлеуметтік желіден, интернеттен алуға дағдыланған. Сондықтан, жастар ұйымдары онлайндағы жұмысты жолға қойып, әлеуметтік желіні ақпарат көзі ретінде қарастыруы тиіс.
Сөз ауаны жастар жайы болғандықтан, әрине, әлеуметтік желілер назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені, оның пайдасы қаншалықты мол болса, зияны да шаш етектен. Елді арандатып, ағайын арасын ашатын бұрыс ақпараттар өріп жүр. Қазақстанның келешегіне нұқсан келтіруді ойлайтындар да желінің жәрдеміне жүгінеді. Бұған тосқауыл қоюдың жолы – ел-жұртқа пайдалы, дұрыс ақпараттар легін қалыптастыру. Жастар ұйымдары өздерінің бар екенін және қандай жұмыс істеп жатқанын көрсетулері тиіс. Бұл өзгелердің қызығушылығын оятып, күрделі мәселелердің оң шешім табуына ықпал етері анық.
Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбайдың айтуынша, жастарға жан-жақты көмек көрсету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Десек те, сол жұмыстар оң нәтиже беру үшін, ең алдымен, жастардың өзі белсенді болуы керек.
– Елбасымыздың Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау ұсынылды. Бұл – жастарға берілген мүмкіндік әрі жауапкершілік. Біздің мақсатымыз – жастардың елінжерін сүйетін дұрыс азамат болып қалыптасуына ықпал ету. Өзге елдермен тереземіз тең болсын, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылайық десек, онда жастардың бәсекеге қабілетті, үш тілді меңгерген, адал азамат болып ер жетуіне жағдай жасауымыз керек. Бұдан бөлек, «сананы тұрмыс билеген» мына заманда олардың әлеуметтік ахуалы да назардан тыс қалмауы тиіс. Жастармен тікелей жұмыс істейтін болғандықтан, біз оларды баспанамен, жұмыспен қамту мәселесін ұдайы назарда ұстаймыз. Қолдан келгенше, көмек көрсетеміз. Бұл ретте, бізге келген әр адаммен жеке жұмыс істеудің маңыздылығына да тоқтала кеткен жөн, – дейді Мирас Жанатбекұлы.
Өндірісті өлке жастарының Елбасы Жолдауын талқылауға арналған активі «Қарағанды облысының қала және аудандық жастар ресурстық орталықтарының мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы тиімділік индикаторларын жетілдірудің IV кезеңі» атты семинар-тренингпен жалғасты. Білікті мамандар жастармен жұмыс істеудің, әр адамның жүрегінен орын табудың жолын көрсетіп, сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар, қатысушыларға «Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жетілдіру» туралы әдістемелік құрал таратылды. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы дайындаған еңбекте Қарағанды облысы жастарының әлеуметтік келбеті және олармен оңтайлы жұмыс жолдары көрсетілген.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»