Жаңалықтар

Сөз сарайына жол салған дода

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде руханият пен шығармашылықтың мерейін асқақтатқан «Қалам құдіреті» атты әдеби-шығармашылық сайыс өтті. Бұл тағылымды іс-шара биылғы мерейлі белестердің құрметіне ұйымдастырылды. Атап айтқанда: хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, ғұлама ғалым Ебіней Бөкетовтің туғанына ғасыр толуына һәм заңғар жазушы Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығы және университеттің төл басылымы – «Жастар әлемі – Мир молодежи» журналының 25 жылдық мерейтойының құрметіне орайластырылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

2000 жылдың 1 қыркүйегінде жарық көрген «Жастар әлемі – Мир молодежи» журналы (бастапқыда газет) – 1972 жылдан 2000 жылға дейін шыққан «Қарағанды университеті» үнпарағының заңды жалғасы. Уақыт өте келе басылым апталық, екі апталық, кейін 20 беттен тұратын журнал үлгісінде шықты. 2003-2020 жылдар аралығында түрлі форматта жарық көріп, 2020 жылдан бастап университет ректоры, профессор Нұрлан Дулатбековтің қолдауымен жаңаша тыныс алды.

Бүгінде 32 беттік журналдың мазмұны молайып, оқу-ордасындағы рухани ағартушылықпен қатар, оқу-ағарту, ғылым, мәдениет, әдебиет пен спорт салаларын түгел қамтиды. Басылым студенттер үшін шығармашылық шыңға шығарар алғашқы баспалдақ іспетті.

– «Жастар әлемі» журналы – студенттердің ойы мен сөзін жеткізетін мінбер. Бұл басылым оқу мен ғылымның, мәдениет пен өнердің, қоғамдық өмір мен азаматтық ұстанымның түйіскен тұсы. Мұнда студенттер тек жаңалықтың жаршысы ғана емес, әрі оның авторы һәм кейіпкері. Университет қабырғасындағы әрбір игі іс, ғылыми жетістік, мәдени шараның бәрі де осы үнпарақ арқылы кең қауымға тарайды. Бүгінде журнал университеттің тынысын танытып қана қоймай, оның рухани келбетін қалыптастырып келеді, – дейді университеттің Маркетинг және рекрутинг басқармасының басшысы Азамат Дүйсембаев.

2024 жылдың қазан айында басылым жанынан шығармашыл жастарды біріктіретін «Үкілі үміт» клубы құрылды. Атауының өзінде мән бар. Үкі – даналықты білдіретін қастерлі құс болса, үміт – жастықтың символы. Бүгінде құрамында жүзге жуық жас бар клубта ақындар мен журналистер, әншілер мен бишілер, суретшілер мен спортшылар, зерттеушілер мен өнерпаздар тоғысқан.

«Қалам құдіреті» сайысына университеттің әр факультетінен іріктелген төрт топ – «Ыстық қайрат», «Нұрлы ақыл», «Жылы жүрек» және «Сенімді дәулет» қатысты. Бұл атаулардың өзі Абайдың он жетінші қара сөзі мен «Әуелде бір суық мұз, ақыл зерек» өлеңіндегі символикалық мәнді білдіреді.

Жастар алғашқы кезеңде өз есімдерін арқау етіп өлеңмен таныстырды. Келесі кезеңде студенттерге эссе мен мақала жазып бақ сынады. Эссе тақырыптары Абай, Бөкетов және Мағауин мұрасына арналды. Ал, одан әрмен мақала жазу кезеңінде жас қаламгерлер журналистік шеберліктерін сынады. «Мақаланы қалам өзі тілегенде жазса – сөз кестелі болады» деп Әлихан Бөкейхан дестелегендей ойды жүйелі баяндап, дерекпен сөйлету, секілді кәсіби талаптар қойылды. Жарыс барысында қатысушылар тек қалам қарымын ғана шыңдамай, сонымен қатар өз өнерлерін де паш етті.

– Қоғамның негізгі діңгегі, тірегі – оның рухани өмірінде. Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» идеясы – бүгінгі жастардың бойынан көрініс табуы тиіс қасиет. Руханиятқа бейжай қарай алмайтын, қоғамның бүгінгі дамуына жаңашылдық тұрғыдан келген қадамдарыңыз құтты болсын. Жастардың бет алысы айрықша. Осы сайыста біз дәл сондай ұмтылысты байқап, жылт еткен ұшқынды аңдадық – деді қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов.

Қазылар алқасының ұйғарымымен бас жүлдені «Ыстық қайрат» тобы қанжығалады. Екінші орынды «Нұрлы ақыл» иеленсе, ал қос үшінші орын «Жылы жүрек» пен «Сенімді дәулет» топтарына берілді . Сонымен қатар, үздік таныстыру, эссе, мақала, әңгіме және сұхбат иелері арнайы дипломдармен, сыйақылармен марапатталды.

Кеш соңында «Үкілі үміт» клубының жастары ұйымның әнұранын орындап, әсем ән шырқады. Сөз қадірін ұғынып, қалам құдіретін танытқан «Қалам құдіреті» сайысы әдебиет пен өнердің тоғысып, руханияттың жаңа тынысын ашқан сайыс болды. Жастардың бойындағы нұрлы ақыл, ыстық қайрат пен жылы жүрек – Абай армандаған толық адам бейнесіне апарар жол екені һақ.

 

Сурет ұйымдастырушылардан

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button