Covid-19

Сәуірдің соңына дейін 217 мың адам вакцина алады

Облыстың 700 мың тұрғыны 1- шілдеге дейін вакцина алуы тиіс. Қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты денсаулық сақтау басқармасы осындай меже қойып отыр. Жас шектеуі де алынып тасталды. 18 жастан асқан, қарсы көрсетілімдері жоқ кез келген адам вакцина ала алады. Вакцина жетіспеушілігі де жойылады, себебі осы айда ұзын саны 171 мың доза вакицна жеткізілмек. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль ТОҚСАМБАЕВ мәлімдеді.

Әуелі аймақтың эпидемиологиялық ахуалы нашарлап кеткенін тілге тиек еткен басшы ауырғандар қатарының артқанын айтты.

Қазір күн сайын 190-210 адамның ауырғаны анықталуда. Бұған дейін, нақтырақ айтсақ, былтырғы тамыздан бастап, биылғы ақпанды қоса алғанда тәулігіне 70-80 жағдай анықталып келген еді, – деді ол.

Басқарма басшысы мұның себебін былтыр жаппай ауырған кезде пайда болған иммунитеттің жойылғандығымен байланыстырды.

Әлемдік зерттеулер мен бақылаулар нәтижесі ауырған адам бойындағы антиденелер 6-8 ай аралығында болатынын дәлелдеді. Былтыр шілдеде жаппай ауырған кезде қалыптасқан иммунитет қазір жойылды. Сол себепті де, қазір коронавирус пандемиясына қарсы құрал – вакцина алу. Халқының көпшілігі вакцина алған елдер локдаун мен шектеулерден арылып, қалыпты өмірге қайта оралуда. Біздің де алдымызда осы мақсат тұр, – деді Г.Тоқсамбаев.

Аймақта жаппай вакциналауды бастау үшін сәуірдің басында 23 мың доза жеткізілді. Жақын арада – 56 мың, ал, айдың соңына қарай тағы 87 мың доза жеткізілмек.

Бастыпқыда вакцинаның жеткізілуі тежелді. Себебі, біз өзіміздің отандық вакцина айналымға шыққанша өзгеге тәуелдіміз. Ресей өзінен бөлек, келісімге келген барлық елдерге вакцина жеткізуі тиіс болғандықтан, вакцина тасымалында шектеу болған еді. Қазір вакцина жеткілікті. Енді, COVID-19-ға қарсы вакцина алу үшін емханаларға барып та, e-Gov және «Дамумед» арқылы да жазылуға болады, – деді басқарма басшысы.

Жалпы, ведомство басшысы былтырғы жағдайдан сабақ алып, қазір денсаулық сақтау саласының пандемияның болуы мүмкін жаңа толқынына дайын екенін жеткізді.

Дерек бойынша, індет анықталғандардың басым бөлігі егде жастағылар екен. Яғни, ауырғандардың 20,4%-ы – қарттар. 14,6%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ, ауырғандардың 65%-да ауру белгілері байқалған. Қазір коронавирустың кез келген формасында науқас стационарға жатқызылатынын айта кеткен жөн.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button