Ішкі істер министрі Сәтбаевтағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ Қарағанды облысының Сәтбаев қаласындағы 5 жасар бүлдіршін қызды ұрлау оқиғасына байланысты «Хабар 24» арнасынан тікелей эфир арқылы мәлімдеме жасады.

23 шілдеде кешкі сағат 21.00-де Сәтбаев қаласының ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түскен еді. Жедел оперативтік топ құрылып, іздеу шаралары жүргізілді. Бүлдіршін көп ұзамай қаладағы көпқабатты үйдің пәтерінен табылды. Сәбиге қиянат жасады деген күдікпен бір азамат ұсталды.

Оқыс оқиғадан кейін Сәтбаев қаласының тұрғындары жиналып, қолға түскен қылмыскерді өздеріне беруді талап еткен. Оның соңы қоғамдық тәртіпсіздікке ұласып кетпеуі үшін қосымша полиция күштері тартылып, жағдай бақылауға алынды. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан жалған ақпараттар мен жаңсақ пікірлерге сенбеулеріңізді және оларды таратпауларыңызды сұраймын. Негіздемесі жоқ жалған ақпаратты таратуға қатысты қолданыстағы заң талабына сәйкес, жауапкершілік қарастырылғанын естеріңізге саламын. Тек, ресми ақпараттарға ғана сүйену керек, – деді Ерлан Тұрғымбаев.