Сүт безі обырын ерте анықтау шаралары өтті
ДДҰ шешімімен әлем бойынша қазан айы сүт безі обырына қарсы күрес айы болып саналады. Осыған орай қазан айының басынан Қарағанды облысының емдеу мекемелерінде сүт безі обырын ерте анықтауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізілді.
Сүт безі қатерлі ісігі 13 пен 90 жас аралығындағы әйелдер арасындағы қатерлі ісіктің ең көп таралған түрі болып табылады. Қарағанды облысында жыл сайын 300-ден астам әйел осы аурумен ауырады екен. Қазан айының басында №3 көпсалалы аурухананың (облыстық онкологиялық диспансер) дәрігерлері облыс тұрғындарын тегін тексеруден өтуге шақырып, тексеруден өтуге ниет білдіргендер үшін дәрігерге дейінгі кабинеттерде жасыл дәліз қарастырылатынын хабарлаған болатын. Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазан айының басынан бері барлығы 147 адам тексеруден өтіп, 3 адамда сүт безі обыры анықталған. Тағы 86 адамның басқа дертке шалдыққаны белгілі болған. Скрининг ауруды ерте кезеңде, науқаста әлі симптомдар болмаған кезде анықтауға мүмкіндік беретінін естеріңізге сала кетейік.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz