Сұраусыз субсидияны арзан несие алмастырады
Жер-жерде ауылшаруашылығы өнімдері кеңінен саудаланып, тұтынушыға түрлі тиімді жолдары қарастырылып жатқаны мәлім. Жыл санап, мал басына берілер несиелер легі ұсынылып, шаруалар қызығын көріп-ақ жатыр. Дегенмен, агрокешен әлі де қолдауды қажет етеді. Мұны халыққа Жолдауында Президент те атап өткен болатын.
«Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда, шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр», – деді Президент дәстүрлі Жолдауында. Сондықтан да, ауыл шаруашылығын арзан несиеге көшіру міндетін қойды.
Халықтың әл-әуқатының артуында, тұрақты түрде дамуында табиғи таза азықтүлік өнімінің үлесі зор. Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешеннің рөлі маңызды. Қоғам мен тұтас мемлекеттің дамуын ауыл шаруашылығынсыз елестету мүмкін емес. Аграрлық сектор адам өміріне бүгінде аудай қажет сала десек, артық емес. Осы орайда барлық дамыған ел ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық береді.
Азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи техникалық жабдықтар, түрлі ресурс пен жұмыс күшіне ауқымды инвестициялар қажет. Ал, ауыл шаруашылығының тұрақты және серпінді түрде дамуы үшін үнемі мемлекеттік қолдау мен реттеу қажеттігі бар. Мұндай қолдау негізінен мемлекеттік қаржыландыру және субсидиялар арқылы көрініс табады.
Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекеттік қолдау 16 258,3 млн. теңге көлемінде көрсетілген. Бұл – 2491 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мемлекет мейірімін көрді деген сөз. Аталған қолдау ауыл шаруашылығының барлық саласын қамтыған. Мәселен, өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға 5007,1 млн. теңге бөлінген. Бұл қолдаудың шарапатын 316 шарауашылық көріп отыр. Мал шаруашылығы бойынша 1632 шаруашылыққа 2430 млн.теңге шамасында субсидия берілген. Сонымен қатар, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігі өтелген. Ол – 4130 млн. теңге шамасында. Яғни, 538 шаруашылық қолдау тапты.
Бұдан бөлек, технологиялық жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникасын кредиттеу, сондай-ақ, лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау да жүргізілді. Атап айтқанда, 4560,0 млн. теңге қаржы-қаражат бағытталған. Мал шаруашылығы саласында оны тереңдетіп өңдеу өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға қайта өңдеу кәсіпорындарының шығындары да субсидияланды. Ол мақсатқа 131,8 млн. теңге көзделсе, мұның игілігін бес шаруашылық көрген. Осы тектес қолдаулар ауыл шаруашылығы жалпы өнімін арттыруға ықпал етері даусыз.
– Биыл агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау қағидаларына бірнеше өзгерістер енгізілді. Оның ішінде аграрларға жеңілдікпен несие беруді ұлғайтуға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. АӨК субъектілеріне жылдық «таза» 5 пайыз сыйақы мөлшерлемесі бойынша несие беру үшін қаржы институттарының сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл ретте қарыз алушылар тарапынан субсидиялар алуға құжаттарды беру қажеттілігі жойылды. Арзандату ағымдағы жылғы қаржы институтына несие берудің жалпы көлеміне аванстық төлеммен жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда бұл механизм АӨК саласындағы даму институттары үшін қолжетімді. Атап айтқанда, «Аграрлық несие корпорациясы», «Қазагроқаржы», «Қазақстанның даму банкі». 2026 жылдан бастап, еліміздің барлық қаржы институттарына таратылады. Бұл тетік тауар өндірушілерге бірден арзандатылған кредитті субсидиялау және алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деді ауыл шаруашылығы басқармасы басшының орынбасары Сырым Бошпанов.
Ел Президенті осыған дейінгі Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту өте маңызды міндет екеніне баса назар аудара отырып, салаға бөлінетін қаражаттың 70 пайызы мемлекет қаржысы деп атап өткен болатын. Бұл орайда екінші деңгейлі банктерді тарту көзделуде. Осылайша, субсидиядан арзан несиеге көшу – мақсат.
– Агроөнеркәсіп кешенінде тікелей субсидиялаудан арзан несиеге көшу мәселесі қолға алынуда. Бұл биылдан бастап жолға қойылмақ. Негізі, қаржы институттары, екінші дейгейлі банктер несиені 18-21 пайызбен беріп келді. Ал, Үкімет тарапынан бұл пайыздың тек алты пайызын ғана шаруашылық үлесіне қалдырып, қалған пайызының үстемақысын жауып келген болатын. Енді биылдан бұл үрдісті азайту мақсатында несиені бес пайызбен беру көзделеді. Әлбетте, бес пайыз тиімді. Біріншіден, банк пен Үкімет қаражатты бір-біріне аударып отырмайды. Екіншіден, шаруашылықтардың несие рәсімдеуге жұмсайтын уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал, құжаттарды рәсімдеу кезінде ұзаққа созылып кететін жағдайлар туындауы мүмкін. Сол уақытта шаруа мен құзырлы орындар арасында түсінбеушіліктер орын алып жатады. Тікелей несиелеу оның алдын алады. Бұл несиелеу ұзақмерзімді иеленсе, әрі Үкімет айтқандай, пайызы әлі де төмендесе, шаруалар үшін қолайлы болмақ. Шаруашылықтардың осындай ұсыныстары бар еді. Оның бәрі Үкіметке жетіп, жұмыстар жүзеге асуда. Ал, Қарағанды облысында жергілікті атқарушы орган тарапыннан ережелер немесе қаулылар шығады. Сол құжаттар негізінде жұмыс істейміз. Біздің тарапымыздан қазіргі кезде шаруашылықтар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Сырым Бошпанов.
Ал, кейде сол қолдауды алған кей шаруашылықтың қаржыны тиімді әрі ұтымды пайдаланбайтыны да шындық. Расында, агромамандар мен ауылшаруашылық кәсіпкерлігінің жоғарғы палата өкілдерінің сөзінше, малға берілетін несиені басқа қажетке жаратар пысықайлар баршылық. Ол жасырын емес. Құжаттағы мал санын бұрмалап немесе асыл тұқымды аталықтардың орнына тұқымы басқа жылқы және ірі қараны саудалап алатын көрінеді. Егін шаруашылығында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Президент атап өткендей, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалатын көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет екендігін, тіпті, шаруалардың өздері де мақұлдап отыр. Олардың айтуынша, мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек.
– Ауылдағы ағайынның тіршілік тетігі алдындағы малы. Сол малына бола үкіметтен жер телімдерін жалға алып, қарастырылған арзандатылған несиені ұқсатып мал санын көбейтіп жатыр. Десек те, мал аламын деп, үкіметтен бөлінген субсидияға жеңіл автокөлік, қала берді жылжымайтын мүлік алып жатқандар жоқ емес. Әрине, бұл мемлекет қаржысына зиян және қоғам экономикасына орасан ойсырау әкелері сөзсіз. Дәл осындай көзбояушылық жер телімдеріне де қатысты. Жерді өзі пайдаланбай, не ел игілігіне бермей отырғандар қаншама. Бәрінің «Құлағына алтын сырға», еңбек етемін деп бел байлап, сол еңбекке кірісіп, ел мүддесіне қызмет ету ол – даму. Ал, мемлекет қаржысын заңсыз игеріп, пайда тапқысы келетіндер ойланғаны жөн. Осы тұрғыда Президентіміздің Жолдауындағы өзгерістердің тезірек күшіне еніп, іске асқаны қуантады. Ауыл шаруаларына ақшадан гөрі техникалық жабдық әлдеқайда тиімді болар еді, – дейді «Желтау» шаруа қожалығының өкілі Алмас Мұстафин.
Үкімет үстемақысы төмен несие беруде банкке қоятын кепіл мүлкіне шаруаларға «Даму» қоры қол ұшын созатын болады. Мұнан бөлек жоғарыда айтылғандай, шаруаларға тауарлы кредит беру жайы да қарастырылуда. Бұл – ақшаның орнына тауар арқылы несие беру. Мысалы, егін мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына керекті трактор, соқа, дәнді дақылдар тартатын машиналар. Осылайша ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар да арзан несиенің игілігін көреді деп күтілуде.
Жалпы, ашық көздердегі деректер шетелде қолдаудың түрі көптігін айтады. Оның қатарында біздегідей субсидиялау, несиелеу де бар. Импорттан қорғау да жолға қойылған.
Дегенмен, әлемнің әр түрлі елдерінің ауыл шаруашылығын қолдау тәжірибесін талдау көптеген елдердің субсидиялауды ауыл шаруашылығы өндірісін қолдаудың түйінді құралы ретінде пайдаланатынын жоққа шығармайды. Алайда, сөйте тұра, алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушы елдер, оның қатарында, Аустралия, Жаңа Зеландия, Аргентина, Бразилия сияқты елдер бар, өндірушілерді тікелей субсидиялауды қолдамайды екен. Өйткені, олардың өзіндік жүйесі бар. Мысалы, 2007 жылдан бастап институционалдық және инфрақұрылымдық реформаларды қаржыландыру күрт азайып, ғылыми зерттеулерге, мемлекеттің азықтүліктік қауіпсіздік мақсаттарына, кеңес беру қызметтеріне қаражат көлемі көбейгенін айтады мәліметтер.
Қазіргі таңда Қазақстанда да кеңес беруге, азықтүлік қауіпсіздігіне ден қойылуда. Субсидиялауды кемітіп, арзан несие беруді жолға қоюда кейде жалған құжатпен талан-таражға түскен қаржы-қаражаттың текке кетпей, ел игілігін арттыру мақсат етіп алынғаны сөзсіз.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz