Сәкеннің соңғы хаты табылды
Сол елдің баласы болған соң, Сәкен десе, елең етеміз. Сәкеннің соңғы хаты бар дегенді бұрын да еститінбіз. Жайшылықта мән береміз бе, мерейтойы қарсаңында соңынан түскенбіз. Көктен іздегеніміз жерден – «Шалқар» радиосының алтын қорынан шыға келді, ағайын.
Әңгіменің шығу төркіні былай. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық өнер университетінің профессоры, белгілі дәстүрлі әнші Айтбек Нығызбаевты білетін шығарсыздар? Әнші болғанда, қандай! Қайрат Байбосыновтың шәкірті, Жаңаарқаның тумасы. Сәкеннің соңғы хатындағы өлеңді әнімен қоса бұл кісі 1989 жылы Сәпияш Сейілованың (Мұсабекова) өз аузынан таспаға басып алыпты. Сәпияш әжей – Сейфолланың немере інісі Сейілдің қызы. Сәкен қамауға алынған соң, заманның оңалмасын аңғарған Сейфолла бабамыз ұсталарының алдында (1937 жылы болса керек) інісі Сейілді шақырып алып, өзінің тоқалына қосқан екен. «Мен осы сапардан оралам ба, жоқ па, белгісіз. Жәмилә (тоқалы) әмеңгерлік жолмен саған аманат. Ішінде бала қалып барады. Ұл туса, атын Сапар қойыңдар. Қыз туса, есімін өздерің тауып қоя жатарсыңдар» деп кете барған екен жарықтық Сейфолла бабамыз. Содан ол кісі сапардан оралмаған, Сейіл әкеміздің әйелі Жәмилә шешеміз ұл туып, атын Сапар қойған. Сапардан кейін дүниеге осы Сәпияш шешеміз келеді. Жәмилә анамыз жұмыс үстінде үнемі бір әнді ыңылдап жүреді екен. Не істесе де ыңылдап жүретін әлгі әуен баласы Сәпияш анамыздың құлағына сіңіп қалады. Күндердің күні Жәмилә шешей дүние салады. Жер қойнына тапсырады. Сәпияш анамыз тұмарын ұстап көреді шешесінің. Ашып қараса, тұмардың ішінде Сәкен бабамыздың бүктелген хаты екен. Хат өлеңмен жазылған. Марқұм анасы өле-өлгенше ыңылдап өткен әлгі әуенді Сәпияш шешеміз хаттағы өлең мәтініне салып келіп жіберсе, буын-бунағына шейін қолмен қойғандай қабыса кеткен екен. Бұл әңгіменің ұзын-ырғасын Айтбек Нығызбаев белгілі журналист Қосшығұл Мұстафаұлының 2010 жылғы «Жыр-терме, толғау» бағдарламасында айтыпты әрі әнін нақышына келтіріп орындап шыққан. «Шалқар» радиосының Алтын қорында сақтаулы. Әнінен мұң мен зар қатар аққанымен, ырғақты. Өлеңді тыңдап отырып хатқа түсірдік. Осындай көп ел біле бермейтін өшпес дүниені ақынның 125 жылдық мерейтойында сіздермен қауыштырған бізге де қуаныш, қадірлі оқырман.
Әуелі сөз бастайын біссімілләдан,
Алладан өлмей қалмас туған адам.
Мұхамед Ғарифулла жары болса,
Сөйлеп қал, қызыл тілім бұдан бұрын.
Құйылар бір күн топырақ екі көзге,
Кім жеткен бұл жалғаннан жасы жүзге?
Жүзінде кең дүниенің кеңес бастап
Қалармыз әлі-ақ өліп бір күн жерде.
Жерлерде әлдеқандай болады орным,
Дүниеден жаман-жақсы кеңес құрдым.
Сасығын өз денеңнің өзің иіскеп,
Жатарсың жер астында қайран мұрын.
Дүние көпті жақсы соққан желдей,
Кеттік қой біз де алыстап туған елден.
Дүниенің опасы жоқ осы емес пе?
Асырды бізді талай-талай белден.
Дүние ойлап тұрсам бір желқайық,
Байқасам еш адамға қылмас байып.
Бұл дүние ертеңгі күн жоқ болады-ау,
Кетсе егер бір нәрседен табан тайып.
Ойласам маған жақын туған елім,
Сағындым Сарыарқаның самал желін.
Мекенім Қарашоқы, Талдыбұлақ,
Аңсаймын еске түссе Көктіңкөлін.
Сәлем айт Сарыарқаның даласына,
Ой-шұңқыр Қараөзектің саласына.
Біз кеттік көп қаладан, туған елден,
Алыста, қайран елім, қаласың ба?
Ей, анам, мені ойлап жыламашы,
Көл қылып көздің жасын бұламашы.
Бұл заман басқа салды мұндай шақты,
Қайтейін, медеу қылдым жалғыз Хақты.
Ұрпағы өсіп-өнген рулы ел боп,
Деуші еді бабам Тоқа аруақты.
Ескене, Бәбек, Жәмбек – бергі атам,
Қайырлы деуші еді ғой берген батаң.
Мехнат, қиыншылық басқа түсті,
Жоқ еді істерімде ешбір қатам.
Ор, Оба, Есен, Нұра – жерім еді,
Қуандық, Қаратоқа – елім еді.
Қолдар деп қысылғанда бабаларым
Сендерге Сәкен балаң сеніп еді.
Бар жазығым елді біраз билегенім,
Паңдарды ұлықсыған илегенім.
Әйел мен кедейлерге теңдік беріп,
Соларды өрге қарсы сүйрегенім.
Жәнібек ӘЛИМАН.