АймақБұқар жырау

Сәкен тауы мен бұлағы

Бұқар жырау ауданының топырағында да қазақтың ақиық ақыны, Қызыл сұңқар Сәкеннің табанының ізі қалған. Осы өңірдегі Семізбұғы көлінің жағасында Сәкен тауы мен бұлағы бар. Географиялық картаға түспесе де, жергілікті халық әлі күнге солай атайды оларды.

Суреттер ұйымдастырушылардікі

Бұл жер бұрын Баянауыл сыртқы округінің Ақкелін болысына қараған қалың Қаржас руының ішінде Бабас атасының қонысы болған да, Сәкеннің әкесі Сейфолланың шешесі Қатшаның бауыры Жүністің баласы Мұқайдың қайынжұрты Балабайдың ауылы екен. Қазір бұл төңірек аталған ауданның Бұқар жырау ауылдық округінің аумағында жатыр.

Сәкен ағамыз 1919 жылдың сәуір айының басында адмирал Колчактың Омбы қаласындағы тұтқындар лагерінен қашып шығып, Дүйсембі Әсиұлының атына берілген жалған құжатпен арып-ашып, жаяу-жалпылап осында жеткен ғой. Өзі оны «Тар жол, тайғақ кешу» романында былайша суреттейді: «Сүйтіп, бәрін қосқанда, уақыттың қиыншылықты кезеңінде жаяу сегіз жүз қырық төрт (844) шақырым жол жүріп, Семей, Ақмола губернияларының төрт уезінің түйіскен жеріндегі Сары­адырдың басындағы Балабай ауылына келіп, дем алдым». (399-бет).

Бұған дейін ол Баян тауының баурайында жатақ болып отырған Ілияс нағашысының үйінде он күннен аса аялдап, онымен бірге енді жүз шақырымдай жатқан Мұқайдікіне сапар шегеді. Өйткені, қыс­тан жұтап шыққан, балалы-шағалы Ілиясқа қарағанда, байшыкештеу қайынатасына қоңсы қонған оның жағдайы мен тұрмысы да біршама тәуірлеу көрінеді. Мұқайдың он- шақты сиыры, үш-төрт жылқысы, жиырмаға тарта қойы бар екен. Ал Балабай атасының бірталай сиыры, 150 қойы мен қырыққа жуық жылқысы бар болып шықты. Өзі, күйеу баласы, екі ұлымен бірге 4 үй болып отырған үстіне келеді бұлар. Ағайын-жұрт Сәкенді құшақ жая қарсы алып, ол мамыр айының ортасына дейін сонда болады. Бұл уақыт ішінде өзі «Сіңісіп кеттім. Тез оңала бастадым. Ісінген дене қайтып, таралып, тарамыстанды. Дене жіңішке көк темірдей бүгіліп, күшейді. Балабай ауылының ағы мол. Құймақ, қатық, қою қаймақ, жаңа байлап сауған уыз қымызға кәнігі болдым. Күн әбден жылынды. Көк гулеп шыға бастады. Балабай ауылы Сарыадырдың Темірқазық жағына, бауырға, Көкөзекке қонды. Балабай ауылының сенімді, бір өз кісісіндей болдым» деп жазғандай (400-бет), ауылдың ірілі-ұсақты шаруаларына араласып, бие сауғызып, жылқының күзетіне барып жүреді. Әсіресе, Балабайдың бойжетіп, толықсыған, өз суреттеуіндегі «бойшаң, дөңгелек бетті, қара торы қызы» Сәулім қой күзетуге шыққан шақта екеуінің қатар отырып, домбырамен ән салып, өткізген түндері ғажап! Білетіндер осы күнге дейін Сәкен «Тау ішінде» әнін сол Сәулім сұлуға арнап шығарған дейді. Ал, қазақ әдебиеті ғылымында сәкентанудың негізін қалаған марқұм зерттеуші ғалым Тұрсынбек Кәкішев 1976 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Сәкен Сейфуллин» атты ғұмырнамалық хикаятында «1919 жылдың май айында Сарыадырдың бауырында «Біздің жақта» деген өлең-ән дүниеге келді. Бұл – оның сазгерлік өнерінің тырнақалдысы…

…Туған өлке сағынышы, мұңды көңілдің жан жарасы аяулы арманмен аяқталып, тыңдаушының құлақ құрышын қандырған сүйкімді әнді Баянға сыйға тартып, өз ауылына аттанды Сәкен» деп жазады (192-бет). Одан әрі оның туған жері Жаңаарқадан Бетпақдала арқылы, Әулиеатаға асқанын білеміз тарихтан.

Өзі сұлу, сырбаз Сәкенмен Сарыадырдың салқын кеші мен айлы түнінде сырласып, қосыла ән салатын сол Сәулім арудың кейінгі тағдыры белгісіз. Бірақ, оның туған сіңлісі Жүпшира марқұм осы аудандағы мен туып-өскен Үлгі аулында тұрған Бақтияр ақсақалдың бәйбішесі болатын. Әлі есімде, 1965 жылы белгілі жазушы Сейділ Талжанов сол кісіні іздеп келіп, жолығып, сөйлесіп, біздің үйде бір қонып кеткен еді. Жазушы кейін сол естіген әңгімелері мен оқиғаларының негізінде тамаша бір «Кездеспей кеткен бір бейне» деген повесін жариялап, екеуінің есімдерін Есен, Жазира деп алған.

Міне, сұңқар Сәкеннің Сары­адырда аз күн аунап-қунап, соңында өшпестей аңыз қалдырып кеткеніне де бір ғасырдан асыпты. Сөйтсе де, оның есімі ел жүрегінен өшпей, өзі басына шығып сейіл құрған, жылқы күзетіп, қарауыл қараған бұйрат шоқысы Сәкен тауы атанып, бауырындағы бұлағы бәз-баяғыдай сылдырлап ағуда.

Бұл таудың қойнауы қайың, қарағай, терек қаулай өскен қалың ағашқа толы. Жаз бойы оған келіп демалушылардың қарасы бір үзілмейді. Осы жердің тумалары, 89 жастағы қарт аңшы Ақтай Бейсенбеков пен аудандық мәдениет бөлімін 30 жыл басқарған Мүгілсім Шибаевалар оның табиғатының әсемдігі мен бұлағының бал татыған суын айтқанда, ауыздарының суы құриды. Мұнда келгендер көл суына шомылып, балық аулап, қалың ағаш саясында жақсы бір демалып қайтады.

– Әсіресе, Сәкен бұлағының суынан қайнатып ішкен шайға мейірім бір қанбайды. Бұл жерді кезінде Бұқар жырау ауданының әкімі болған марқұм Еркебұлан Нашаров демалыс орнына айналдыруды жоспарлап, оны іске асыруға үлгермей кетті ғой. Енді соны ауданымыздың қазіргі әкімі Абылай Сұлтанғали бауырым қайта қолға алып, жалғастырса игі болар еді, – дейді тағы да Мүгілсім апайымыз.

Жөн сөз, дұрыс ұсыныс. Ендеше, кешегі сұңқар Сәкен саялап, сайран салған Сарыадыр аймағын еліміздегі киелі жерлер қатарына қосып, жан-жақтан туристер ағылып келіп, тамашалайтын тарихи орынға айналдыратын кез жетті. Себебі, бұл арадан таяқ тастам жерде көмекей әулие Бұқар жырау Қалқаманұлының кесенесі мен Семізбұғы тауының бөктерінде қасиетті Қаздауысты Қазыбек бидің денесі қыс бойы сақталған сөре тастар тұр. Осының бәрін біріктіре келгенде, үлкен бір тарихи-мемориалдық кешен болар еді. Сондықтан да, барымызды бағалап, асылымызды ардақтап, құндылықтарымызды қастерлесек қане?!

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button