Жаңалықтар

Сәбит қонтаев: “Ұлы істер жарнамасыз жасалады”

Ғылымның жарнаманы сүймейтінін біле тұра, кейбір ғалымдардың «жаңалық аштық» деп, бір мақаласын бірнеше жариялайтыны бар. Содан ба екен, көпшілігі тарихта болған оқиғадан жаңалық жасаудан әлі жалыққан жоқ. Десек те, есімі ел аузында жүрген нағыз ғалымдар жоқ емес. Әлбетте, оларды Білім күнінде ескергеніміз жөн. Мәселен, бізбен сұхбаттасқан қарағандылық профессор Сәбит ҚОНТАЕВ – жарнамаға мұқтаж емес. Бірақ, жарнамалайтын-ақ адам. Ауылда шағын мектеп құру тәжірибесін министрлікке алғаш ұсынған «ҚР білім саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сәбит ағаның есімі республикаға танымал қазір. Өңірлер оның тәжірибесін өзгеріссіз қолдануда. Адами капиталды жоғары бағалайтын профессор 20-дан астам елді аралап, тәжірибесімен бөліскен.

– Сәбит аға, әңгімені бірден Елбасы жариялаған Жолдаудың айналасына бұрсақ. Төртінші революция жағдайындағы дамуға өнеркәсіптің астанасы – Қарағандының тікелей қатысы бар. Осы орайда облыс болып білімге қосқан үлесіміз қаншалықты?

– «Төртінші революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндері» алдымен, экономиканы дамытуды көздейді. Өнеркәсіп болмаса, экономика дамымайды. Біз тек өзгенікін тұтынушы ел болып қалмауымыз керек. Өйткені, мақсатымыз – бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу. Бәсекеге қабілетті болу үшін, шығаратын өніміңіз нарықта сұранысқа ие болуы керек. өнімнің бір түрін өзгеге беру керек. Ал, өнімді жасайтын – адам.

Біздің өңірдің оқушылары өндірістің қайнаған ортасында өсіп келеді. Ата-анасы, достары өндірісте жұмыс істейді. Сондықтан, робот жасауда қарағандылықтардың республикада флагман атануы тегін емес. Оқушыларымыздың ынтасы жоғары. Осы балалар енді дұрыс тәрбие алса дейміз. Бұл мәселеде бәрімізді ойландыратыны мұғалімдердің кәсіби шеберлігі.

– Мұғалім Жолдаудағы жетінші басымдық – «Адами капиталды» мектеп оқушысына қалай түсіндіргені дұрыс? Мәселен, капитал десе ойға алдымен, банк, ақша келетіні рас қой?

– Әлемдік деңгей бойынша бала бойында негізгі құндылықтар алты жасында қалыптасады. Одан кейін оны өзгерту қиын. Мектеп қабырғасында бала өзінің кім болатынын білгені жөн. Мектеп бітіріп барып, мамандық таңдау кеш болады. Оқушы мектеп жасынан адами құндылықтарды тани білуі тиіс. Осыны білмегеннен кейін, дәстүрлі емес құндылықтарға бет бұру жиі кездеседі. Адами капиталды, құндылықты дамыту үшін алдымен, әдебиетті оқу керек. Бізге ғұламалар өмірі әдебиет арқылы жетті ғой. Бұл тұрғыда Елбасының «100 оқулық» жобасын атап айтуға болады. Мысалы, суреткердің салғанын бала түсіне ала ма? Суреттеп бере ала ма? Бала осыларды жинақтау арқылы салыстырып қарай білуі тиіс. Оқу арқылы адами құндылық қалыптасады. Адами құндылық – адами капиталдың басты тірегі.

 – Елбасының «100 оқулық» жобасын адами капиталмен қалай байланыстырдыңыз?

– Капитал дегеніміз – қор. Ақша қоры, кітап қоры дегендей. Мысалы, латыннан аударылған «100 оқулық» – тиімді жоба. Жоба техниканың соңынан кетіп, адами, рухани құндылықтардан ажырап қалудың алдын-алады. Осы мақсатта әлемдік үздік авторлардың еңбектері аударылды. Руханияттан айырылып қалсақ, ел кімге қалады? Ата-бабаның жинап кеткен қорынан ажырап қалмауымыз керек қой. Ойлап қараңызшы, рухани дүниені техника басқара алмайды. Адам басқарады. Сол адамның санасында не бар? Қандай із қалады? Сайып келгенде, бұл да адами капитал. Шебер адамдар екеуін де алып жүреді.

– Шеберлік демекші, Американың грантып ұтып алған төрт қазақстандықтың бірі екеніңізді білеміз. Американдықтардың білімде қолданатын тәжірибесі қандай?

– Оқушылардың экономикалық білімі бойынша Америкада орыс тілінде дәріс оқыдық. Тегіс экономиканы таңдап алған балалар жиналды. Жетінші сыныптың оқушысы «Лекцияны қай тілде оқып тұрсыз?» деп сұрады. – Орыс тілінде. «Неге өзі тіліңізде сөйлемейсіз?» деді. Мен «Сізге бәрібір емес пе?», – деп – Киевте оқушылар қызықты сұрақ қойды. «Сіздерде үлкен кеңістікті алып отырған жер бар. Қалай қорғап келгенсіздер?» деп сұрады. «Түп қазығымыз – туған жер. Ол жерде ата-бабаларымыз тұрған. Киелі жер – біз үшін аса қасиетті. Жатқа бермейміз, қорғаймыз» дедім. Балалар рухани байлығымызға таңқалды. Оларда бәрі ақшамен шешілетінін де жасырмады.

Бүгінгі таңда нені жоғалтып жатырмыз? Нені алып қалуымыз керек? Бәрін осыдан түсінген жөн шығар. Елбасының «Рухани жаңғыру» дегені осыған саяды.

– Бастамаңызбен 43 шалғай ауылдық мектепті біріктіретін 9 ресурстық орталық ашылды. 70-тен астам ғылыми жұмысыңыз мұрағат төріне қойылды. Сізді жоғары лауазымды қызметтерге шақырғанын да білеміз. Бірақ, әлі күнге кеншілер шаһарындасыз. 20 жыл бір институтты басқарудың салмағы қаншалықты, аға?

– Мен көп тәжірибемді шағын жинақты мектептерді дамытуға арнадым. Шағын жинақты мектептерді жинақтау арқылы Тірек мектебін жасақтап, ауылдарға қолжетімді білім беруге жағдай жасадық. Кеңістік жасап беріп, оқушылар бір ортада пікір алмассын дедік. Қарағандының осы тәжірибесін республика қолдануда.

Түпкі мақсатым – қарапайым ауылдың балаларына жағдай жасау еді. Өйткені, өзім де ауылдан шықтым. Бұл тұрғыда маған шебер мұғалімдер ұжымы көмекке келді. Мықты ұжымы болса, басшы кемедегі капитан сияқты болады. Осыдан кейін бір-бірін толықтырып тұратын ұжымды қиып қайда кетесіз? Бастысы – мамандығыңызды сүю керек. Сондай-ақ, ғылымға құрметпен қарағаныңыз жөн деп ойлаймын.

– Ғылымға қаншалықты адалсыз?

 – Мен – физикпін. Физиктер жарнаманы сүймейді. Оны әрі-бері жұлмалап, өзгеге сүйіншілеген сайын берекесі кетеді. Сондықтан, ғылым өзінің кетігін тапқандарды ұнатады. Ұлы істердің жарнамасыз жасалатыны сияқты ғой.

– Аға, білім биігін бағындырған бір басыңызда бірнеше атақ бола тұра, көп жерде үнсіз қалатын қарапайымылығыңызға таң қаламыз. Сыры неде?

– Әкем қазақты сүюге, қазақша сөйлеуге үйретті. Дегенмен, біздің кезде жағдай басқаша болса да, жастайымнан орыстармен тең дәрежеде сөйлесіп, білімімді қазақша жеткізе алатын ғалым болғым келетін. Сол мақсатым орындалған шығар деп ойлаймын. Оған жеткізген – намыс. Нағыз адами капиталды дамытатын осы шығар.

 ҚарПИ-да жүргенде маған Ебіней Бөкетов қазақтарға орыстармен тең дәрежеде білім беруді тапсырды. Сол бағытта іздендім. Өзімнен тәлім алған шәкірттерім де мәртебемді арттырып жүр. Бәрі – намыстың арқасы, соның нәтижесі.

Қазіргі жастар мектеп қабырғасынан намысшыл болып өссе деймін. Ол жай ғана кеуде керіп «мен қазақпын» немесе «ғылым докторымын» деген сөз емес екенін «Орталықтың» оқырманы түсінетін шығар…

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button