Қарқаралы

Құрылыста қарқын бар

Қарқаралы қаласында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Солардың бірі – 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Нысан құрылысына облыстық және аудандық бюджеттен 643,6 млн. теңге бөлінген.

Бүгінгі күні нысанның ішкі жұмыстары толығымен аяқталып, қажетті спорттық құралдармен жабдықталды. Заманауи талаптарға сай салынған кешенде әмбебап үлкен зал, күрес, жаттығу залдары мен арнайы киім ауыстыратын, шайынатын бөлмелер бар. Сонымен қатар, бапкерлер де жеке кабинеттермен, компьютерлермен қамтамасыз етілмек. Сәуір-мамыр айларында сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, шілдеде пайдалануға беріледі.

Қала халқы үшін маңызды мәселе – баспана. Биылғы жылы түйткілді мәселені оң шешуге күш салынбақ. Нақты айтсақ, 72 пәтерлі төрт тұрғын үй баспана кезегінде тұрған адамдарға беріледі. Қазір үш үйдің іргетасы қаланды. Ал, бір үйдің үшінші қабаты тұрғызылуда.  Құны 691,7 млн. теңге болатын құрылысты «Каздорстройтех» ЖШс жүргізуде. Мердігер баспананы қазан айында тапсыруды жоспарлап отыр.

«Строй с нами» ЖШС жүргізіп жатқан әкімшілік ғимаратының құрылысы да аяқталуға жақын. 185,2 млн. теңге қарастырылған нысанға су, жылу, электр желілері мен кәріз құбырлары тартылды. Құрылысты аяқтау маусым айына жоспарланды.

Сондай-ақ, қала басындағы М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің 100 орындық жатақханасы да жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беріледі. «Аспап» өндірістік кооперативі құны 477,8 млн. теңге болатын нысанды сапалы салуға бар күшін салуда.

Аталмыш құрылыс нысандарындағы жұмыстарға мамандандырылған құрылысшылармен қатар, жергілікті азаматтар да тартылуда.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button