Жаңалықтар

Құрылыс көлемі кемімейді

Ұлытау ауданының 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларына сәйкес, биыл 3200 млн. теңгенің құрылыс жұмысын игеру және 7684 шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарланған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен сегіз айда 12 245 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір аудан бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаж 146 адам кезекте тұр. Оның 21-і – көпбалалы отбасы, 11-і – жетім бала, 44-і – әлеуметтік әлсіз топтан, 64-і – мемлекеттік қызметкер мен бюджеттік мекемелер маманы, 6-ы апатты үйде тұратындар.

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде аталған санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада көзделген тәртіппен бастапқы және қайталама нарықтардан жалға берілетін тұрғын үйлерді жергілікті атқарушы органдардың сатып алу тетігі енгізілген. Осыған орай, 2020 жылдан бастап, ауданда жеке құрылыс жүргізушілер қаражаты есебінен көппәтерлі тұрғын үйлер салу және олардан дайын әрі таза әрленген пәтерлерді сатып алу үрдісі қолға алынды.

Былтыр осы мақсатта Ұлытау селосында «Сарыарқа» ЖШС Жамбыл көшесінде – 3 қабатты 24 пәтерлі, «Бозай KZ» ЖШС Тайжан көшесінде – 2 қабатты 16 пәтерлі және 2 қабатты 8 пәтерлі, «Самға» ЖШС 2 қабатты 16 пәтерлі және 2 қабатты 8 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастады. Осы тұрғын үйлердегі 72 пәтерді биыл қазанда пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл баспаналарды салуға жеке инвесторлар 896 502,8 мың теңге қаржы жұмсады. Оны республикалық трансферт, облыстық және жергілікті бюджеттер есебінен қайтару көзделген.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында былтырдан бастап, ауданда 3 жоба қолға алынды. Біріншісі – Қарсақпай кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешені. Оның құрылысын «КарагандаСтройКонструкция» ЖШС бастады. Ол былтыр бірқатар шаруаның басын қайырды. Былтыр басталған жобаға бір жылдық кезеңге арналған шарт жасалуына байланысты, биыл облыстық бюджеттен бөлінген қаражатты игеруге қосымша келісім жасауға мүмкіндік болмады. Осыған орай, құрылыс уақытша тоқтатылды. Құрылыс саласындағы заңнама талаптарына сәйкес, «Technical Supervision Kz» ЖШС ғимараттың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-тексерудің қорытындысын әзірлеп, соның негізінде биыл 17 тамызда жаңа мердігер анықтауға ашық

конкурс жарияланды. Қорытындысында «Самға» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Қазір құрылыс алаңында 12 құрылысшы құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуде. Нысанды пайдалануға қабылдаудың мерзімі – 2021 жылғы 31 желтоқсан. Осы жылдың аяғында қатарға қосу көзделіп отырған нысанның бірі – Ұлытау селосындағы кәріз тазалағыш қондырғы. Мердігер «Еңбек-Қарағанды» РМК жасалған келісім-шартқа сәйкес биыл Орал қаласындағы «ВодЭкофильтр» ЖШС зауытынан кәріз тазалағыш қондырғы мен жабдық, құбыр жеткізіп, орнатты. Қазір коммуналдық қызметті тұтынушы әлеуетті абоненттер – 610 жеке үй шаруашылығын, мемлекеттік органның 40-тан астам әкімшілік ғимаратын, бизнес, мәдени-ағарту және спорт нысандарын, көпқабатты тұрғын үйлерді кәріз желісіне қосу жұмысы жүргізілуде. Жезді кентінде 160 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Негізі бұл нысан да биыл желтоқсанның аяғында пайдалануға берілуге тиіс еді. Алайда, мердігер «КарагандаСтройКонструкция» ЖШС жұмысындағы жүйесіздік, құрылыс үдерісін ұйымдастырудағы оралымсыздық салдарынан бірқатар кемшіліктер кетіп, кешенді қатарға қосу мерзімін келесі жылдың шілдесіне дейін созуға тура келді. Құрылысты қаржыландыру мәселесі толық шешілген. Бұдан былай бақылауды күшейтіп, олқылықтың орын алмауын қадағалаймыз.

Сонымен қатар, Ұлытау ауылындағы құрылысы 2017 жылы маусымда басталған Өлкетану мұражайы биыл жұртшылық игілігіне айналады. Аумағы 1478,6 шаршы метрлік нысанды салып жатқан «Марал Құрылыс» ЖШС. Авторлық қадағалауды «Жезказганпроект» ӨК, техникалық қадағалауды «ЭкспертСтрой KZ» ЖШС жүзеге асырды. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылған нысанда 279 986,5 мың теңге игеру көзделген. Қазір құрылысшылар ішкі жылыту жүйесін орнату, әктеу-әрлеу, аумағын абаттандыру жұмыстарымен айналысуда.

Ауданда алдағы уақытта да құрылыс көлемі кемімейді. Оның келешек дамуын жоспарлау мақсатында 2021 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен бірнеше нысанның жобалау-сметалық құжаты әзірленуде. Олар тиісті мерзімде мемлекеттік сараптамаға ұсынылып, қаржыландыру көзі анықталады. Бүгінде жобалаушы ұйымдар болашақ нысандарға қатысты топографиялық-геологиялық, гидрогеологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізуде.

Берік ӘБІЛОВ, Ұлытау аудандық құрылыс бөлімінің басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button