Бас тақырып

Құрылыс индустриясы Қарағандыға қуат береді

Мультипликатты сипаттағы құрылыс бүгінде экономиканың көптеген аралас салаларының екпін алуына ерен әсер етіп келеді. Құрылыс қарқынымен өңдеуші өнеркәсіп, сауда, көліктік-логистика және өзге де қосалқы өнеркәсіптердің де түтіні түзу ұшып отыр. Оған қоса, құрылыста осы күні елде 600 мыңнан астам адам еңбек етеді екен. «Бұл сауда, ауыл шаруашылығы және білім саласында жүргендерден көп» дейді ашық ресурстағы деректер. Құрылыс тек ғимарат, баспана тұрғызумен шектелмейді. Оның ауқымы өте кең. Қарабайыр түсінікте алсақ, үйге келетін су мен жылу да, сапарлататын жол да сол құрылыстың және құрылысшылар еңбегінің нәтижесі. Бұқара құрылыс дегенде тек баспана тұрғызу деген тар түсініктен арылуы тиіс. Құрылыс қашанда экономиканың егіздің сыңарындай екінші секторы болған, әрі солай қала да береді. Ал, бүгінгі құрылыстың бет-әлпеті қандай?

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Елдегі есеп не дейді?

Есепшотқа салмай қарапайым есеппен-ақ әрі өңірдегі құрылыстың қанат жаюынан-ақ бұл саланың бүгінгі тынысы тар еместігін аңғаруға болады. Дәл осы күні Ұлттық статистика бюросының бұған дейінгі тартқан ақпараттарына жүгінсек, жарты жылдықта өсім бар. Мәселен, елде құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6 пайызға көбейгенін мәлімдейді бюро. Оның ішінде, жеке құрылыс ұйымдарының үлесі 87,7 пайызды қамтыса, шетелдік компаниялар 11,8 пайыз, мемлекеттің үлесі 0,5 пайыз шамасында деседі.

Жалпы, бұған дейін де, кейін де құрылыстың Қазақстандағы көлемі жағынан екінші ірі сала екеніне ешкімнің таласы жоқ. Ашық көздегі деректер қазіргі елдегі барша компанияның 13 пайызы құрылыста жүргенін көлденең тартады. Құрылыс нарығының 70 пайызын отандық жеке құрылыс компанияларының иеленгені тағы бар. Құрылыстағы әрбір үшінші қызметі тұрғын үй емес ғимараттардың құрылысымен және оны жөндеумен байланысты. Компанияның 12 пайызы тек тікелей баспана тұрғызумен айналысады екен.
«2024 жылғы қаңтар-маусымда құ­рылыс жұмыстары көлемінің 2023 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда ұл­ғаюы тұрғын ғимараттар (22,4%) мен ғимараттар (15,6%) құрылысы жұмыстары және жөндеу жұмыстарымен байланысты.

2024 жылғы қаңтар-маусымда орындалған құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) түрлері бойынша ең көп үлесті тұрғын емес ғимараттар мен тұрғын үй­лердің және автомобиль жолдары құ­рылысы алады.
«Аумақтық бөлінісінде республиканың он жеті өңірінде құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы байқалады. Едәуір өсу Қызылорда (35,6%) облысында, Астана (35%) қаласында, Жетісу (33,8%), Шығыс Қазақстан (31,5%), Қарағанды (25,6%), Түркістан (23,8%), Маңғыстау (21,2%), Ұлытау (20,7%) облыстарында, Шымкент (18,4%) қаласында және Алматы (14,5%) облысында», – дейді бюро ақпараты.

Қарағандыда баспана құрылысы қарқынды

Қарағанды аймағында кейінгі жылдарда баспана құрылысы бірнеше есеге өскенін атап өту қажет. Нақтыласақ, Қарағанды республикада құрылыс бойынша бесінші орында. Ел экономикасындағы үлесі – 5,6 пайыз.

«Біздің басты міндетіміз – әр азаматтың тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға баса мән беріп отыр. Осы мақсатта елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Адамдардың қарапайым тұтынудан жинақтауға көшу қажеттігін түсінуі маңызды», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Негізі аймақта 2020-2025 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту жоспарының жобасы әзірленген. Онда межеленген жылдарда аймақта 5 млн шаршы метрден астам үй салу – меже. Мұның сыртында түрлі инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар тағы бар.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен 422,666 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл ретте мемлекеттік тұрғын үй көлемі – 13 пайыз. Өткен жылы 11 үй, яғни, 547 пәтер жалға берілді. 347 пәтер үй сатып алынды.

2023 жылы Қарағанды облысында әлеуметтің әлжуаз топ санатындағы кезекте тұрғандар үшін жалпы ауданы 57 мың шаршы метр 894 пәтер салынып, сатып алынды.

2024 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 500 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Тұрғын үйдің 80 пайызға жуығы коммерциялық тұрғын үйге құйылған жеке инвестиция.

Биылғы алты айда 266,283 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Ол өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 114,5 пайыз.

Кредиттік тұрғын үй құрылысының 8 жобасын іске асыру жалғасуда. 8 кредиттік үйді іске қосу жоспарлануда. Бұл – 459 пәтер. Кредиттік тұрғын үй кезектегілерге бастапқы жарнасымен «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылады», – дейді облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылыс басқармасы.
2024 жылдан бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі дайын тұрғын үй сатып алу арқылы халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы кезекте тұрғандарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігін әзірледі. Сол тетікке байланысты жалға берілетін тұрғын үй құрылысының жобалары қаржыландырылмайды, жалға берілетін тұрғын үй жеке құрылыс салушылардан сатып алынады.
Әлеуметтік мақсаттағы тұрғын үй сәу­лет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сай жайлылықтың ІІІ-IV сыныптарына сәйкес келуге тиіс. Тұрғын үйдің бір бірлігінің жалпы ауданы 80 шаршы метр шегінде болады, рұқсат етілген ауытқуы 5 пайызға дейін.
Халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы 1952 пәтерді пайдалануға беру болжануда. Оның ішінде, 375 пәтер – жалға берілетін, 1118 пәтер – сатып алынатын, 459 – кредиттік пәтер.

Биыл дайын жалға берілетін 1118 пәтер сатып алуға 16,7 млрд теңге сомасында қаражат көзделген.

Түйін

Құрылыстың бұл баспана – тек бір бағыты. Мұның сыртында жоғарыда атап өткен жүздеген инфрақұрылым, жол, теміржол, тасжол, әлеуметтік нысан, зауыт, фабрика құрылысы бар. Оның бәрі жиылып келіп, құрылыс деген алып индустрияны құрайды. Алып индустрия­ның аймақта арыны әзірге баяу емес. Демек, өңірдің өркені өсеріне де сенім бар. Құрылыс индустриясы Қарағандыны қуатты Қарағандыға айналдыратын күн жақын.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button