Руханият

Рухтың шоғын үрлеген

Биыл қазақ әнінің шоқ жұлдызы, біртуары Жүсіпбек Елебековтің туғанына – 120 жыл. Ол – ұлт мәдениетінің, оның ішінде сонау бағзы заманнан қанымызға сіңген бекзада әннің сақталуына, қарыштауына зор еңбек сіңірген дарынды әнші, қайраткер, тау тұлға. Бір уақытта ұлы бабалардан үзіліп қалған күретамырды қайта жалғаған. Сөйтіп, ұлттық кодты жадымызда жаңғыртқан. Рухының үнінен жаңылса, ұлт өзегінен ажырайды!

Сурет: e-history.kz сайтынан

Ән өнерінің шырақшысы

Қазақ күйдің тілін түсінген. Домбыраның қос ішегімен сөйлеген алапат тылсым күшті сезінген. Түсінбесе, жарты әлемді билеген Шыңғыс хан Кетбұғаның домбырасына неге қорғасын құяды?! Су бетінде қалқып отырып, қобыз тартқан әулие Қорқытқа ажал неге жуықтай алмады?! Міне, бабаларымыз күйге теңіздей толқып, аспандай жылаған, жусандай тербелген. Асыл өнердің тұңғиығына сүңгіп, пенделіктен жоғары көтерілген. Тылсымның тілін білгеннен шығар, жаһанға өркениет таратты. Ұлт геніндегі бұлқынған күшті, қайсарлықты, даналық һәм данышпандықты жырлаған батырлар жыры ше? Соны тыңдап өскен тұлымды бала «Қалың қолдан қайтпаған». Сол асқақ рухпен баһадүр бабаларымыз әлемді уысында ұстады. Сақтар мен ғұндар, түркілер, қыпшақтар хандығы, алтын орда, ақ орда, қазақ хандығы… Қандай үлкен империялар болғанбыз?! «Ақ дегеніміз – алғыс, қара дегеніміз – қарғыс» еді ғой!

Ұлтты 70 жыл бодандықта ұстаған Кеңес үкіметі осының бәрін білді. Әуелі аттан түсірді. Сосын, күй мен әннен ажыратып, ұмыттырғысы келді. Басқа да залымдықты жасап бақты. Тылсымның тілін түсінген кіл қаймақты қырып тастады. Жаһанға өркениетті таратқан ұлы халық қалжырап қалды. Осы кезеңде тарих сахнасына айдарынан жел ескен асыл ұлдар келді. Солардың бірі де бірегейі – Жүсіпбек Елебеков еді. Жүсіпбек Елебеков – кешегі Біржан сал, Ақан серілердің, бергісі Мәдилердің мұрасын жаңа дәуірге жалғаған Әміре Қашаубаевтың алтын ізі.

Жүсіпбек әнші Мәди Бәпиұлымен кездескен деген деректер де бар (Ерлан Төлеутай. «Ән – аманат» кітабы). Тума талант, төбе көзі ашық, көкірегі ояу жас Жүсіпбек ұлы тұлғалардың көзін көріп, тәлім алған. Өзінің таудай ауыр аманатты арқалайтынын түсінген дарын иесі әннің жолына түскен. Қазақ даласында рухты қайта жаңғыртқан.

Мәселе

Жүсіпбек Елебековтің Мәди Бәпиұлымен кездесуі де тағдыр жазуы шығар?! Ал, Жүсіпбек Елебековтен XXI ғасырдағы классикалық қазақ әнінің қайталанбас өкілі Мейірхан Адамбековтің тәлім алғанын көпшілік білмейді. Міне, марқұм Мейірхан Адамбеков Арқа өңірінде Жүсіпбек Елебеков атындағы ән байқауының қазығын қағып кеткен. Ұлтына рух үнін естірткен ұлы ұстазға деген құрметі. Сол байқау әлі күнге дейін жалғасып келеді. Мерейтой қарсаңында айтар пікірі мен ұсынысы бар ма екен деп, әншілер қауымына хабарласқан едік. Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов байқаудың жүлде қоры өте төмен деп отыр. Бұл – Арқа жұртына сын дегенді де тілге тиек етті.

– Мейірхан Адамбеков марқұмның бастамасымен, мәдениет жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекованың қолдауымен ұйымдастырылған байқау әлі күнге дейін жоғары деңгейде өтіп келеді. «Менмін» деген әншілердің топ жарғысы келетін байқауына айналғалы қашан?! Бірақ, ақшалай жүлденің мөлшері төмен. Мәселен, Алматыдағы Жәнібек Кәрменов атындағы ән байқауында Гран-приге миллионнан бес миллион теңгеге дейін ақшалай жүлде беріледі. Ал, қазақ әнін жаңғыртқан, рух шырақшысы Жүсіпбек Елебековтің атындағы байқаудың жүлдесі 500 мыңға да жуықтамай тұр, – деді Дәуренбек Әркенов.

Көк түріктер ұрпағы өнеге алсын деп, шерідей жортқан бабасының ерлігін балбалға жазып қалдырды емес пе?! Жүсіпбек Елебековтей тұлғалар да өз биігінде дәріптелсе дейміз.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button