Рухты асқақтатқан тәуелсіздік
«Тәуелсіздік бізге не берді?» деген сұрақ әркімді мазалайды. Бергені көп. Алдымен, сөнуге айналған үміт қайта жанды алаулап, өлгеніміз тірілді. Нақтырақ айтсақ, өзіңді ұлт, дербес ел ретінде сезінуден асқан не бар?.. Әріге бармай-ақ, Қарағанды облысы айтарлықтай қазақыланды. Қандастар көшіп келді. Ірі рухани орталықтар, мәдени ескерткіштер, мектептер және басқа да нысандар бой көтерді. Ендеше, осы мәдениет бағытындағы Тәуелсіздік жылдарында облыста орын алған өзгерістерге шолу жасап көрелік.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – мәдени, экономикалық және әлеуметтік капитал, жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігі, этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасын жасау және қорғау бағдарламасы. Ежелгі тарихтың негіздерін бүгінгі күнмен қосатын жолды құрап, уақыттың үзіліссіз байланысын көрсететін қазіргі дау-дамайдағы адамзатқа қажетті көп қырлы қоғамның тарихи тәжірибесін зерттейді. Тарихи-мәдени мұрамен хабардар етіп, тек тарихты ғана емес, сонымен қатар болашақта болатын жағдайды баяндайды. Бағдарламаның жүзеге асуын мәдениет, әдебиет, философия, тарих, этнография және тіл білімі бойынша академиялық институттар құрылуынан, бағдарламаның тиімді жоспарларының орындалуынан көреміз. 2007 жылы Қазақстан халқы үшін аса маңызды «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңі жүзеге асырыла бастады. Облыста ескерткіштер, обелискілер мен көруге тұратын қызықты жерлер көп. Олар жерлестеріміздің қажырлы еңбегі, даңқы туралы тарихи шындықты айтып, патриоттық және тәрбиелік қуат береді. Соңғы жылдары аймақ бейнесін жаңа ескерткіштермен бюстілер әрлендіруде. Атап айтсақ, Ғ.Мұстафин, Жамбыл, Ж.Ақбаев, В.Язев, Г.Фоглер, Н.Гогольдің бюстері және «Қобыз», «Сүйінші» сәндік мүсіндері көз тартады. Қарқаралы ауданында қазіргі заманауи мәдени-тарихи ескерткіштер – Батырлар аллеясы, Даңқ галереясы «Бәйтерек», ақын Мәди ескерткіші, Тәттімбет (Егіндібұлақта) ескерткіші, «Сарыарқа ұшқыштарына» арналған мемориалды даңқ кешені тағы бар. Ескерткіштер мен обелискілер арасынан еңбек және әскери даңқ ескерткіштері, тар тарихи тұлғалар мен жазушылар, ғалымдарға арналған ескерткіштер жанды тербейді. Ал, «Ғарышты бағындырушылар» мемориалы 2011 жылы қаладағы Гагарин алаңына орнатылған. Мемориал – адамзат баласының керемет ерлік істеріне, барлық ұрпақтың қажырлығы мен жеңісіне деген құрметтің белгісі. Ол – ғарышты игеруге Қазақстанның қатысуын және біздің елдің болашаққа деген құлшынысының символы. Бұдан бөлек, биіктігі 47 метр болатын, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қойылған Тәуелсіздік монументі мен Теміртаудағы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына қойылған «Металлургтер монументі», Балқаш қаласы, «Тәуелсіздік» алаңындағы Ағыбай батырдың, Ақтоғайдағы Қазыбек Нұржановтың, қарқаралыдағы Алаш арыстары Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсыновтың, Құнанбай қажы мен бала Абайдың, Қарқабат ананың, Қарағандының қақ ортасындағы биіктігі 14 метрлік көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ мемлекеттілігінің қалыптастыруына үлкен үлес қосқан тұлға Қаздауысты Қазыбек бидің, «Шалқыма» концерт залының алдындағы қазақтың бас ақын Абай Құнанбайұлының, Қарағанды қаласы вокзал жанындағы алаңда күншығысқа қарап қасқайып тұрған қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың, ҚарУ-дың бас ғимараты алаңындағы бірегей тұлға Евней Бөкетовтің һәм Сәкен-Қасым көшелері қиылысындағы дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың ескерткіші қазақы рухтың салтанат құруына қызмет етіп қасқайып, қазақтың қандай рухы биік, ұлы халық екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Бұл да – Тәуелсіздіктің жемісі.
– 2003 жылы Қарағандыға Қарақалпақстаннан көшіп келдік. Сол кезден бері қаншама тарихи өзгеріс болды. Бәріне куәміз. Қарағандыға бауыр басып қалдық. Жанға жайлы, өмір сүруге ыңғайлы қала. Басқа жаққа барсақ, сағынып тұрамыз. Күннен-күнге құлпырып келеді. Осының бәрі – егемендіктің арқасы, – дейді қала тұрғыны Нәсиба Ерімбетова. Сонымен қатар, облыста былтырдың өзінде қаншама көше қазақыланып, көптеген мектепке қазақтың ұлы тұлғаларының есімі берілді. Тағы бір іргелі рухани орда тарихы терең Қарағанды филармониясына 1990 жылы әйгілі әнші Қали Байжанов есімі берілді. Бұл да бір жақсылықтың нышанындай…
Тәуелсіздік алған соң осы концерттік бірлестік жанынан Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі, «Аққу» би ансамблі, джаз оркестрі, «Мерей», «Әуен», «Арай» сынды ансамбльдер құрылды. Қазір өз тыңдарманы бар іргелі ұжымға айналған. Шет елдерге шығып, ұлтымыздың ұлы музыкалық өнерін әлемге паш етіп жүр. Бұл концерттік бірлестікті республика көлемінде деңгейі жоғары деп ауыз толтырып айта аламыз. Мәселен, Тәттімбет оркестрі мен симфониялық оркестрге жететін оркестр Қазақстанда өте сирек. Жалпы, облыста мәдениет пен өнер ұйымдарының кең ауқымды жүйесі жұмыс істейді, 2009 жылдың I жартыжылындағы дерек бойынша, олардың саны 701-ге жетсе, мемлекеттік жүйедегілер саны – 643 нысан. Оған 339 кітапхана, 244 клуб үлгісіндегі ұйым, 21 бейнемобиль, 5 театр, 17 мұражай, 2 концерттік ұйым, мәдени сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы, тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция, хайуанаттар бағы, 10 мәдениет және демалыс саябағы, кинопрокат, көрме залы жатады. 2009 жылы мемлекеттік жүйедегі мәдениет мекемелері 10 нысанға өскен. Бұқар жырау ауданындағы Урожайное (Андрейниковка), Ақтөбе, Қаражал, Белағаш, Шет ауданының Киікті, Ақжал ауылдарының клубтары мемлекеттік жүйеге берілді. Ақтоғай ауданының Жидебай, Бұқар жырау ауданының Алғабас, Қарқаралы аудандарының Абыз ауылдарында клуб ашылды. Нұра ауданының орталығы Киевка кентінде мәдениет және демалыс саябағы пайдалануға берілді. Облыс аумағындағы кітапхана, мұражай, мәдениет үйі және басқа да көптеген рухани орталықтар Тәуелсіздік алған соң, күрделі жөндеуден өтіп, ақпараттық базасын қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының жаңа ғимараты да – Тәуелсіздіктің берген тартуы. Құрылғанына ғасырға жуықтаған Арқаның ақсарайы атанған іргелі рух қарашаңырағы үшін жеке, жаңа, алып ғимарат шығармашылық даму әрі ұлттық рух жолында қызмет ету үшін – үлкен мүмкіндік. Осы киелі ошақта жыл сайын түрлі әлемдік классиктердің премьералары қойылып, түрлі аймақтың мәдени-әдеби-рухани шаралары осында өтеді. Түрлі фестивальдар мен ауқымды шараларды кең көлемде атап өтуге бар мүмкіндік қарастырылған.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл 30 өнер және мәдениет қызметкері облыс әкімдігінің қолға алып, жүзеге асырған бағдарламасы арқасында баспаналы болды. Бұны Тәуелсіздіктің тартуы демей көріңіз?..
Ал, облыс орталығының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде бірнеше жыл бұрын Достық үйі ашылып, аймақтағы түрлі этнос өкілдерінің бас қосып, емін-еркін шығармашылықпен айналысып, елдің бірлігі мен тыныштығы үшін, Тәуелсіздікті баянды ету жолында алаңсыз еңбек етіп жатыр. Биыл ғана сол маңнан алып Оқушылар сарайы бой көтерді. Онда көптеген өнер түрлеріне баулитын үйірме бар. Бұл біздің бауыр-қарындастарымыздың, ұл-қыздарымыздың білімді, өнерлі, патриот болуы жетілуіне қызмет ететін іргелі рухани орда болары анық. Облыста «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан басты жобаның бірі һәм бірегейі – Жошы хан кесенесі маңындағы тарихи-мәдени кешен құрылысы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Ұлытауға арнайы келіп, халықаралық «Ұлытау-2019» туристік форумында сөйлеген сөзінде: «Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан, біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет» деген еді. Осылайша, қолға алынған ірі жобаның тұсауы жақында кесілген еді. Аз уақыт ішінде туристер саны да артқан. Бұған біз осы өңірге іссапармен барып, пәтер таппай қиналғанда көз жеткіздік. Әрине, бұл бағыттағы жетістіктерді бір мақалаға сыйғызу өте қиын. Бір білеріміз – бабаларымыз армандаған Қасиетті Тәуелсіздік бізге бұйырды һәм рухымызды асқақтатты. Енді, оны баянды ету – ортақ парыз!
Жәлел ШАЛҚАР.