Руханият

Рухани орталық

Өзі бір күндік болса да, сөзі мың күндік газеттердің ішінен «Абай-Ақиқат» аудандық газетін ерекше атап көрсетуге болады. Бұл басылым ақпарат таратуды бизнеске айналдырып, пайда табуды көздейтін заманауи баспа құралдарындай емес, қалыптасқан имидждік брендке ие, тарихы терең басылым. Алғашқы саны 1974 жылы жарық көргеннен бастап, бүгінге дейін оқырманына адалдық танытып, аудан өмірінен хабар берген газетке бүгінде – 50 жыл.

Әуелде «За коммунистический труд», кейіннен «Абай-Ақиқат» атауымен шығатын газет ауданның тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, аудан экономикасының дамуына үлес қосқан, халықтың тілі, құлағы, көзі бола білген газет. Алғаш шыға бастаған күнінен өзіне газет ретінде берілген миссия­сын адал атқарған басылым әлі күнге дейін осы жолдан айныған емес. Әр жылдары редакторлары ауысса да, өзіндік ұстанымы, өзіндік имиджі бар байсалды басылымның бүгінгі тиражы 2 мыңға жуық. Ал, көзкөргендер кезінде төрт мыңға жуық оқырманы болғанын да айтады.

Жалпы, «Абай-Ақиқаттың» облыстың өзге өңірлеріндегі аудандық газеттерден оқ бойы оза тұруының да өзіндік себебі бар. Бұл – ҚарЛаг тарихын үнемі жариялап отыруында. Жай жариялап қана қойған емес, алғашқы дереккөз болды. Бұған ҚарЛагтың дәл осы Абай ауданында орналасуы да себеп болғаны сөзсіз. Аудан халқын ғана емес, бүтін облысты нақты әрі деректі ақпаратпен қамтамасыз еткен газеттің еңбегі, шынымен, айтарлықтай еді. Бұл туралы кезінде газетте редактор болған Жомарт Оспан «Газет редакциясы орналасқан аудан өзінің бай тарихымен ерекшеленеді. Одан бөлек, аталған аудандағы елдімекендердің барлығы бұрынғы ҚарЛагтың лагерьлері орналасқан жер. Жаза мерзімі аяқталғаннан кейін де тұтқындар дәл осы жерде тұрақтап қалған. Одан бөлек, бас штабы Абай ауданының аумағында болғаннан кейін аудандық газетте тұтқындардың естеліктері, ҚарЛагтың тарихы жайлы материалдар көп жарияланды. Соның барлығы жақсы бір шежіре болып қалыптасты», – деп есіне алады.

2016-2021 жылдары газеттің бас редакторы болған Гүлнұр Әбеуова аласапыран жылдардан сүрінбей өткен басылым сонымен қатар, талай жас журналистің қаламын шыңдап, қанаттандырған ұстахана болғанын да айтады.

– «Абай-Ақиқат» газеті әрдайым мемлекеттік саясатты насихаттап, ұлттық құндылықтар мен төл өнерді дәріптеп, ұлтжанды ұрпақ қалыптастыру жолында сүбелі еңбек атқарып келеді, – дейді ол.

«Абай-Ақиқат» газетінің бас редакторы болған белгілі журналист Ержан Имаш газет кезінде үлкен тиражбен алты беттен, аптасына үш рет шыққанын айтады. Бірақ, 90 жылдардың салқыны, әлбетте, газетті де айналып өтпеді. Дегенмен, сүрініп барып, аяғынан нық тұрған басылым бүгінде жекешелендірілген. «Абай-Ақиқат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы – Құрманғазы Өтебай. Ал, газеттің бас редакторы – Бақытгүл Есеева.

Газет әлі күнге дейін өзектілігін жоғалт­қан емес. Себебі, оқырманның сұранысына сай материалдар жариялап, ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отыратын мұндай басылым қашан да сұранысқа ие болмағы анық.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button