Ғибрат

Рухани қазына жоқшысы

Рухани салада да идеологиялық жұмыстың өз өлшемі болады екен. Мүмкін ол бір ұйым, ұжым, ауылдық, аудандық көлемде алынса, байқалмайтын шығар. Ал, облыстық, мемлекеттік тұрғыда ауқымдылығы сондай – бағасын салынған мәдени ошақтар, ашылған ғылыми жаңалықтар, өткізілген рухани шаралар, ғылыми-танымдық маңызы зор кітаптар мен мақалалар, халқымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтау, тағысын тағылармен өлшеп, салыстырып жатамыз. Жаңа жағдайда, қоғамдық сана өзгерген тұста идеологиялық сала немен айналысып, қандай шаруалар тындыруы қажет екенін, оның өлшемі не болуы керек екенін 1987 жылдың қаңтар айында Қарағанды облыстық партия комитетінің идеологиялық жұмыстармен айналысатын хатшысы болып сайланған Қуаныш СҰЛТАНОВ сөзімен де, ісімен де дәлелдеді.

Бәзбіреулер идеологиялық жұмыс сандармен, көрсеткіштермен өлшенбейтін өте бір кірпияз шаруа деп жатады. Яғни кеңестік дәуірде үгіт-насихат, саяси оқу, бұқаралық-cаяси жұмыстар жүргізіліп, адамдарды коммунистік тәрбие мәселесімен қамтыса болды – табыстың тайқазаны толады деген ұғым қалыптасқан еді. Сондықтан, идеологиялық жұмысқа үлкен мән беріліп, қол жеткен ірі табыстар осы жұмыстың ықпалы арқылы қамтамасыз етілді деп жататын. Мәселен, біздің қазыналы Қарағанды облысында кей жылдары жылына 52 миллион тонна көмір өндіріліп, 5-6 миллион тонна шойын-болат қорытылған (1988 жылы), егістік алқаптардан тонналаған бидай, картоп, капуста, жүз биеден – жүз құлын, жүз саулықтан жүз жиырма қозы алынып, бір сауын сиырдан 7-10 мың литр сүт сауылған (Мичурин ауданындағы «Көксу» совхозының сауыншысы Г.Фурдь) кездер болған. Міне, сонда осының бәрі үгіт-насихат жұмыстарының арқасы, социалистік жарыстың ықпалы, идеологиялық жағынан қамтамасыз етудің нәтижесі делінетін.

Әрине, ол кезде Қарағанды облысы бұрынғы аумағымен-ақ үлкен өндіріс ошағы, республиканың индустриалды жүрегі болатын, рухани жағынан да еліміздің Алматыдан кейінгі екінші қаласы, ғылым мен білім орталығы саналатын. Кешегі дала данышпандары Қаздауысты Қазыбек би мен Бұқар жыраудың, атақты сазгерлер Тәттімбет пен Мәдидің, суырыпсалма ақындар Доскей мен Шашубайдың, тағы да басқа таланттардың отанында қазақи рух болмады деуге болмайды. Қыруар жұмыс атқарылып жатты. Дегенмен, жергілікті ұлт құрамының небары 13 пайызды құрауы, дауысқа салғанда ұсыныстары өтпей қалатындығы, содан «ұлтшыл» деген атақ алып қалулары жасырын сыр емес еді.

Бұл Желтоқсан көтерілісі басып- жаншылып, жарты жылдан кейін Мәскеудегі Орталық партия комитетінің «қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулысы шығып, біздің идеологиялық майдан қызметкерлері деп аталатын партия, кеңес, баспасөз саласындағы қазақ мамандарының ұнжырғасы түсіп кеткен бір алмағайып заман еді. Хатшының жеке басы, қадір-қасиеті туралы гу-гу әңгіме өрбіген. «Ойбай, тым төмендетіп жіберіпті ғой. Қарағанды – Талдықорған емес, орысы ормандай көп жерде істей алар деймісің…», «Карьерасының біткені осы дей беріңдер, енді қайтып көтеріле алмайды», «Жоқ, ол талантты, білімді жігіт, комсомолды, ЦК-ның мәдениет бөлімін қалай басқарды, әлі-ақ өзін көрсетеді» деген сияқты әңгімелерді құлағымыз шалатын. «Өзінің мамандығы журналист көрінеді. Бір-екі мақала жариялап өзін көрсетсе ғой», «Газетімізді қолдап, көмек көрсетсе ғой», – деп біз, «Орталық Қазақстан» газетінің жігіттері іш тартып, тілектестік білдіріп жаттық. Обком хатшылығына кәсіби журналистің сайланғанына бөрігімізді аспанға атып қуанғанымыз рас. Мен ол кезде газетте жауапты хатшы болып қызмет ететінмін.

Көп ұзаған жоқ, облыстық партия комитетінің бюросы газеттің бір жыл бойғы көтерген сүттік және еттік ірі қараны өсіру жөніндегі проблемалық мақалалар циклын қолдап, арнайы қаулы қабылдады. Мұны сол кездегі редакторымыз, облыстық партия комитеті баспасөз секторының меңгерушісі болып істеген Тілеухан Жүсіпов ұсынған еді. Обком хатшысы қолдап, газетіміздің беделі бір көтеріліп қалды. Өйткені, ол кезде қазақ тіліндегі газеттің проблемалық, сыни тұрғыдағы мақалаларына обком хатшылары, бюросы тілді түсінбейтіндіктен, ал түсінетіндері марғаулықтан онша мән бере қоймайтын.

Сәуегейлік демейік, жағдаймен танысып алғаннан кейін обком хатшысы Қуаныш Сұлтанов көп ұзамай, газетке қазақша машинкеге басылып, қолы қойылған, сол кездің көкейтесті мәселелерін қамтыған мақалаларын жолдай бастады. Мұны біз күткен едік. Комсомолда, оның Орталық комитетінің екінші және бірінші хатшысы, Орталық партия комитетінің мәдениет және ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімдерін басқарғанда республикалық партия және жастар газетінде жарияланған талай ойлы мақалаларына қанық едік. Оқырманның, демек, облыс жұртшылығының ол туралы оң пікірі қалыптаса бастады. Өзге хатшы, номенклатуралық қызметкерлер орыс тілінде жасаған баяндамасын немесе жоғарыға жіберген анықтама-хабарламасын салып жіберіп, осыны бірдеме қылып, өздерің менің атымнан мақала немесе сұхбат шығара салыңдар деуші еді. Обком хатшысының өз қолымен жазған мақаласынан бізде де Қуаныш басшыға деген жақсы пікір, оң көзқарас пайда болды. Әсіресе, партия тұрмысы бөлімін басқаратын әріптесіміз Мағауия Сембаевпен тұрақты байланыс ұстады. Қолжазбаны «мынау обком хатшысының қазақ тілінде өз қолымен жазған мақаласы» деп аяулы Мағаш бүкіл редакцияны аралап көрсеткені естен кетпейді.

Бұл жерде газеттің шағын мақаласында мамандығы журналист, билеуші компартияның сол кездегі лауазымды қызметкері қандай тақырыпқа қандай мақала жазғанын тізіп жатудың қажеті жоқ шығар. Бірақ, кейіпкеріміздің 1990 жылдың 11 қаңтарында облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жариялаған «Рухани қазына қасиеті» деген мақаласынан аттап өтуге болмайды екен. Мақаланы кейіпкеріміздің Қарағанды облысына сіңірген еңбегі тақырыбы тұрғысында кеңірек талдау қажет деп білдім. Өйткені, ол қайраткердің Қарағанды облысына идеология саласына жетекші болып келгенде алдына қойған бағдарламасы, бойына таққан бойтұмары, керек десеңіз, осында үш жылда атқарған жұмысы есебінің бір парасы деп те біліңіз, оқырман.

Мақаласына автор ХI ғасырдың ғұламасы Жүсіп Баласағұнның «Болған талай ауылыңыз, тайпаңыз, Енді оның ізін тауып байқаңыз» деген нақыл сөзін эпиграф қылып алып, әлқиссасында бұдан екі жүз жыл бұрын, яғни, 1789 жылы Омбы қаласында қазақ балалары үшін арнайы мектеп ашылғанын тілге тиек етеді. Әңгімені осылай алыстан астарлап бастауының сыры мынада: республикаға Колбин күштеп басшы болып қойылғаннан кейін Кремль ұлт саясатын бұлай жүргізе бермеуді түсініп, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе береді, сонда Ресейде немесе басқа жерде жүрген қазақтар үшін емес, Қазақстанның өз жерінде, өз елінде қазақ балалары үшін мектеп, әлде класс, немесе бала бақшасының тобын ашсақ қуанатын дәрежеге қайта «жетіп» отырмыз, өз тілімізді өзіміз жалынып-жалбарынғандай болып, таласып-тармасып жүріп алдық емес пе, деп бір қайырады. Қай партия қызметкері, қай идеолог мақаласын сол кезде ұлты үшін, оның тілі үшін күресте билеуші органның саясатын осындай кекесінмен бастап көріп еді?!

«Соңғы үш-төрт жылдан бері іштегі құса сыртқа шығып, дертіміз туралы ашық айта бастадық», – деп ашынады журналистік, публицистік тұрғыда. «Сонан соң мақсатымыз – өз халқымыздың орынсыз ұмытылып кеткен рухани мұрасы, енді сол қазынаның қайнар бұлағына қалай қайта оралып, қалай қайта сусындармыз?» – деген сұрақ қояды. «Халықтың тұла бойы тұрпатына ғасырлар үнімен ұласқан жақсы дәстүр, игі салт-санамыздың бітелген көзін ашып, болашаққа жарата аламыз ба? Соның мәнін ұғып, мазмұнын жаңғыртуға рухымыз жетер ме екен? Өйткені, қазіргі өмір шындығы осы сұрақтарға жауап іздеттіреді. Ол бүгінгі ұрпаққа артылар жүк, жауапкершілік», – деп жазады кестелі тілмен.

Автор сол кезде жетпей жатқан тұрғын үйлерді тұрғызып, алдымен қарнымызды тойдырып алайық деген сияқты тоғышар тұжырымдарға қарсы тұрып, рухани игіліктер де адам санасына осындай қажеті болуы керек деген ой тастайды. Бір кезде «Қазақ тілі» қоғамы, Наурыз мейрамы секілді дүниелер «ұлтшылдықтың» ізі болып көрінсе, облыстың бас иделогы өзі бас болып, 1989 жылы Қарағандыда тұңғыш Наурыз мейрамын өткізгенін, ақындар айтысын қуаттағанын жақсы білеміз. Мақалада жалынды публицист ретінде ол ұлт дәстүрінің феномені – шешендік өнер сайысын өткізуді ұсынады, ол кейінгі жылдары қолға алынған игілікті істің бірі болды.

Сондай-ақ, тарихи-мәдени ескерткіштерді халықтың қамқорлығына алуға үндейді. Үндеу тастап қана қоймай, Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітін жөндетуге, Ақтерек деген жердегі осы өңірдегі алғашқы мектепті тарихтың бай қазынасы ретінде бағалайды. Сөйтсек, онда Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынов бала оқытқан, мектепте Әлімхан Ермековтің де ізі сайрап жатыр екен. Жерсу атауларын қалпына келтіру жөнінде де ұлағат боларлық ұлық сөздер қалдырған екен. «Бүгін жер аты ұмытылады, ертең сол жерде туған адамдар ұмытылады, сөйте- сөйте көңілге түйер ешнәрсе жоқ – бәрі де шашыранды баянсыз дүние болып шықпай ма?» – деп толғанады. «Орталық Қазақстанда» жарияланған Жолдыкей ақынның өлеңдерінде кездесетін Сұлутерек, Аршаты, Түйебас, Сарбаз, Айдарат, Белқараған, Қызылкеніш, Гүлтөбе, Араман сияқты тілге оралымды, мағынасы көркем, көңілге қонымды жерсу аттарын келтіре отырып, «сол аттарды бүгін Нұра ауданының азаматтары білер ме екен?» – деп қынжылады.

«Әрине, бұл істе әркім өзінің ілтипатын ғана білдіріп қоймай, қолғабысын тигізсе, халқымыздың ғасырлар бойы сақтаған қазынасының қасиетін болашақ ұрпақ игілігіне пайдалана аламыз» – деген қорытындысы, міне, отыз жыл өтсе де әлі күнге дейін көкейкесті болып отыр.

Бұл қайраткердің шығармашылық әлеуетінің бір қыры болса, бұған қоса ұйымдастыру шараларынан ізі қалған істер ретінде Қарағандыда Тәттімбет атындағы ұлт аспаптары оркестрінің ашылуына ұйытқы болып, бұрынғы «Октябрь» кинотеатрын акустикасы тамаша «Шалқыма» концерт залына айналдыруы, ансамбль мүшелерін жасақтауы, оларды баспанамен, ұлттық үлгідегі киімдермен қамтамасыз етуін бүгінде мәдениет саласының адамдары жыр қылып айтады.

Ал, Қарағанды кеншілерінің 1989 жылғы шілде айындағы әйгілі ереуілі кезінде қарақан басының қамын ойлап, бұғып қалған жоқ, алаңға шыққан кеншілермен тіл табыса білді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жаңа бірінші хатшысы Н.Назарбаевтың, Үкімет комиссиясының ызалы топпен келісімге келуіне қолынан келгенше көмектесе алғаны аян.

Қуаныш Сұлтанұлы қазақтың айтулы ақыны, «көмекей әулиесі» Бұқар жырау Қалқаманұлының есімін әйгілеп, қайыра жаңғыртуға қосқан үлесі де зор. Облыста Бұқарнама ілімінің негізін қалады десе де болады. 1988 жылы бұрынғы Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) ауданының тұрғыны, жырау ұрпағы, соғыс және еңбек ардагері Шопанай Әмірхановтың қозғау салуымен жыраудың басына кесене тұрғызу қозғалысы өріс алды. Обком хатшысы осы шаруаны тікелей өз бақылауына алып, Архитекторлар одағына жырау кесенесінің алғашқы үлгі жобасын жасатты, соның алдында облыс энциклопедиясын құрастырған осы жолдардың авторына қазақ және орыс тілдерінде мақала жазу тапсырылды. Мақаланы, эскиз жобасын бұқаралық ақпарат құралдарында талқылау ұйымдастырылды. Сөйтіп, ұлы жырауды ұлықтау ісі халықтан кең қолдау тапты. Алайда, бюджет қаржысы тапшы болғандықтан әрі инфляциялық процестер етек алғандықтан, Ульянов ауданында Ш.Әмірханов ақсақалдың ынтасымен кесенені халықтық жолмен салу жөнінде үндеу көтеріліп, арнайы есепшот ашылды. Бұл екі ортада Қ.Сұлтанов мырза Орталыққа қайыра шақырып алынып, Орталық Комитеттің идеология бөлімінің меңгерушісі болып сайланды. Кейін Тәуелсіз елдің тұңғыш баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрі болып тағайындалды.

1993 жылы Премьер-Министрдің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметінде жүргенде ұлттық санасы оянған қазақ халқының тарихындағы оқиғаларға арналған бірталай шаралардың ұйымдастырушы болды. Ордабасыда үш елдің басшысы қатысқан басқосу, Керекуде Сұлтанмахмұттың, Көкшетауда Ақан серінің, Қызылжарда Мағжанның, ақыр соңында Қарағандыда Бұқар жыраудың мерейтойлары дүркіреп өтті. Қарағандылықтар Бұқар жыраудың басына зәулім кесене салып, Қарағандыда ескерткіш орнатып, үлкен ғылыми конференция өткізді. Далба тауының етегінде өткен ұлан-асыр тойға қатысып, кесененің есігінен бірінші болып аттап өту мәртебесіне ие болды. Ғылыми конференцияда кіріспе сөз сөйлеп, Далбадағы той басында облыс журналистеріне сұхбат берді. Сонда мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов пен академик Манаш Қозыбаев «Бұқартану ілімі» деген түсінікті тұңғыш рет ауыздарына алған еді.

Қуаныш Сұлтанұлының Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығына арнаған сол сұхбатынан үзінді келтірейік: «Өздеріңізге белгілі, бұрын идеология бізге жоғарыдан таңылып келді ғой. Енді ол халықтың өз жүрегінде қайнап шығуда. Бүгінгі күні халық өткен-кеткенін елекке салып, тарихқа көзқарасын айқындап, ұлы тұлғаларына лайықты бағасын беруде. Міне, біз осы ықыласты суытпай, дамыта түсуіміз керек. Бұқар жырау – халықтың қалың ортасынан көтерілген үлкен қайраткеріміз. Оның әрбір айтқаны – алтынға бергісіз, ұрпақтан ұрпаққа қастерленер асыл мұра. Ол – біздің нәр алар рухани байлығымыз. Бір кездері қазақ мемлекетінің іргетасын қаласқан, оның даналығы, керекті жерде азуын айға білеген Абылайдай хандарды сабасына түсіріп, тоқтата білген көрегенділігі мен саясаткерлігі – қазіргі кезең үшін де тағылымы мол өнеге. Келешекте Бұқартану ғылымы оның өмірі мен қызметінің қатпар-қатпарын біз білетіннен де гөрі тереңірек зерттеп, танытарына кәміл сенемін. Өз басым осында облыстық партия комитетінің хатшысы болып істеген шағымда бұл жерге сан мәрте келіп қайтқанмын. Ал, дәл осы сәтте сол уақытта қозғалған әңгіменің мынадай нәтижелі іспен аяқталғанына қуанып тұрмын», – деген еді. Осындай әңгімеден кейін оны қалайша өңіріміздің рухани қазына жоқшысы деп айтпаймыз?!

Бұдан кейін Қуаныш Сұлтанов Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ұсынысымен Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшісі, ҚР Сенаты мен Мәжілісінің депутаты сияқты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, әлі де аттан түспей келеді. Елбасының сенімді серіктерінің бірі. Қарағанды дегенде жүрегінде бір бөлек орын бар. Әрқашан қазыналы өлкенің шақыруларын қабыл алып, рухани маңызы зор шараларға қатысып тұрады. Мысалы, 2008 жылы Қаздауысты Қазыбек бидің шапанын Астанадағы Президенттің мәдени орталығына салтанатты түрде шығарып салу рәсімінің, Ұлы би мен Бұқар жыраудың, тиісінше, 2017 және 2018 жылдары өткен 350 жылдық мерейтойларының құрметті қонағы болды. Өзі бірге еңбек еткен қарағандылық әріптестерін, сол кездегі облыс, қала басшылары Валерий Локотунин, Евгений Башмаков, Ислам Тоғайбаев, Идеал Мүсәлімов, Петр Нефедов, Мәжит Есенбаев, Виктор Мирза, Александр Иванов, Рымбала Омарбекова, Ораз Шәкіров, Шаймерден Оразалинов, жоғары мектеп ректорлары мен ғалымдар Сұлтан Досмағамбетов, Жамбыл Ақылбаев, Мақаш Әлиякпаров, Ғабдұлла Құлқыбаев, Жантөре Әбішев, газет редакторлары Нұрмахан Оразбеков, Эдуард Широкобородов және тағы басқа азаматтарды ілтипатпен есіне алып отырады.

Мақаланы «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан «Қуаныш Сұлтанов» (2015 ж.) деген кітапқа құрастырушылар енгізген, газетімізді жиырма жылдан астам абыроймен басқарған, тағы да айтайын аяулы Мағауия Сембаев әріптесіміздің мына сәлемхатымен аяқтағым келіп отыр. Онда былай делінген:

«Құрметті Қуаныш Сұлтанұлы! Сізге хат жолдап отырған баяғыда ізіңіз, сөзіңіз, шарапатыңыз қалған Қарағандыдан Мағауия ініңіз. Рухани орталарда жүргенде Сіздің аз уақыт ішінде қарағандылықтарды қалай баурап алғаныңызды еске алып отырамын. Мәселен, сол тұстағы журналистік тәжірибеде мақаласын өз қолымен жазған обком хатшысын тұңғыш көргенімді, Құнанбай қажы мешітінің қалпына келуіне сіңірген еңбегіңізді, тағы көптеген шарапатты істеріңізді тілге тиек етіп жүремін. Ұмытпасаңыз, 1991 жылы республикамыздың тұңғыш Ақпарат министрі болған бетте тұңғыш сұхбатыңызды «Егемен Қазақстанда» мен жариялаған едім. Сіз де ұмытпайсыз. Зердеңізге риза боламын. Кітабымда өзіңіз жүрген, өзіңіз аралас-құралас болған адамдар, ел мен жердің бүгіні мен ертеңіне алаң көңіл бар. Ықылас қойып, оқып шығады деп сенемін».

Иә, қарағандылықтар Сізді әрдайым сол бір жылдары халыққа сіңірген адал еңбегіңіз үшін зерделерінен шығармайды. Алғысы шексіз. Мерейтойыңызбен, құрметті Қуаныш Сұлтанұлы!

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Басқа материалдар

Back to top button