Бас тақырып

Өрт қапыда қалдырмас үшін…

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында болған өрт кезінде Қазақстанда орман және дала өртін ерте анықтап, алдын алу жұмыстары жолға қойылмағанына назар аударған болатын. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Олардың қатарында, өрт ошақтарын ерте анықтаудың цифрлық жүйелерімен жабдықтау, өрт қаупі жоғары кезде «ұшқышсыз ұшатын аппараттарды» қолдану, сондай-ақ, табиғатты қорғау және орман мекемелерін өртке қарсы техникалармен жарақтандыру деңгейін талапқа сай нормаларға жеткізу бар. Облыстың төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Бейсембаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірдегі ахуалды, өртке қарсы қолға алынып жатқан шаруаларды мәлімдеп, нақты деректерді келтірді.

Инфографиканы жасаған А.Рахымжан

Техника талапқа сай

Аманбек Алтынбекұлының айтуынша, биыл, атап айтқанда, өрттің қауіпті кезеңі басталғалы облыс аумағында жалпы ауданы 0,07 гектар екі орман өрті шыққан. Ақтоғай ауданында отты абайсыз пайдаланғаннан өрт шықса, Шахтинск қаласында құрғақ шөп өртенген. Екі жағдайда да зардап шеккендер жоқ.

– Табиғи өрттерге дереу ден қою үшін департаментте Жедел штаб құрылды. Азаматтық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, табиғат қорғау мекемелерінің күштері мен құралдары дайындықта тұр. Оның құрамында 4000 адам және 322 өрт сөндіруге арналған техника бар, – дейді Аманбек Бейсембаев.

Азаматтық қорғау полковнигі облыстағы жағдай тұрақты екенін айтады. Орман шаруашылықтары жабдықпен 100 пайыз қамтылған. Атап айтқанда, құрамына Қарағанды, Ақтоғай, Кувское кіретін 3 орман шаруашылығындағы 9 орманшылықта 421 адам жұмыс істейді. 105 техниканың 12-сі – автоцистерна, 22-сі – трактор, 25-і – патрульдік автокөлік, 46-сы – мотоцикл. Одан бөлек, 12 ұшқышсыз ұшатын аппарат та бар. Бұл техникалардың дені өткен жылы сатып алынғанын айтады Аманбек Бейсембаев.

Облыстың өртке қарсы қызметі мұнымен шектеліп қалмайды. Биыл да техника алу жоспарланып отыр. Оның қатарында орман өрт сөндіру станциясы мен өртті ерте анықтайтын төрт камера да бар.

Ал, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық саябағында 121 адам қызмет етеді. 31 техниканың 8-і – автоцистерна. Одан бөлек, 10 трактор мен 13 патрульдік автокөлік бар. Аталған саябақ та өткен жылы екі техника және тоғыз жабдықпен қамтамасыз етілген. Көрсеткіш мұнымен шектелмейді. Биыл ұлттық саябақтың техникалық паркі алты техникамен және өртке қарсы жабдықпен толықпақ.

Ал, Бұйратау мемлекеттік ұлттық саябағында 16 техника бар. Бұл жерде 47 адам 16 техникамен жұмыс істейді. Биыл бір трактор мен өртке қарсы жабдық сатып алынбақ.

Өрттің алдын алу – басты міндет

Дәл осы мақсатта шамамен 800 адамнан тұратын рейдтік іс-шараларды өткізу үшін 130 мобильді топ құрылған. Төтенше жағдайлар департаментінің, орман мекемелерінің, полиция департаментінің, қала және аудан әкімдіктері қыз­меткерлерінен құрылған топ өрт қауіпті кезеңі басталғалы халықпен жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, 8 000-нан астам адамды қамти отырып, 400-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілген. Одан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарында да хабарламалар берілген.

– Рейдтік шаралар кезінде саяжай учаскелерінің аумағында құрғақ шөптер мен қоқыстарды жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың төрт фактісі анықталды. Кінәлілер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 336-бабы бойынша 147 мың 680 теңгеге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Аманбек Алтынбекұлы.

Одан бөлек, облыстың төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын су тасқыны және өрт қауіпті кезеңдерде ТЖ космомониторингін жүргізу жөнінде келісімшартқа о­тырады. Одан бөлек, күн сайын ТЖД қызметкерлері ҚР ТЖМ Гео­сервис платформасы бойынша өрт жағдайына ішкі бақылау жүргізетінін де айту керек.

– Облыс қалалары мен аудан орталықтарында селитебтік аумақтар мен ірі өнеркәсіптік объектілерді өртке қарсы қорғауды қамтамасыз ету үшін өрт сөндіру бөлімдері орналастырылды. Облыс бойынша осындай 30 бөлім бар. Ал, облыста төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ жерде құрамында 128 адам және 51 техникасы бар 51 жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Биыл Осакаров, Қарқаралы, Нұра және Шет аудандарының аумағында тағы 3 бекет құру көзделген, – дейді құзырлы орган өкілі.

Сақтықта қорлық жоқ

Аманбек Бейсембаев брифинг барысында өртті болдырмау мақсатында бірқатар ескертулер жасады. Мәселен, от жағу және қалдықтарды өртеу ғимараттан кемі 50 метр қашықтықта жүзеге асырылуы тиіс. Ал, желді ауа райында от жағуға мүлдем болмайды.

– Елдімекендер мен ұйымдардың аумағында жанғыш қалдықтардың үйінділерін уақытылы шығару керек. Олар арнайы бөлінген орында жүргізілуі тиіс. Ал, от жағуға арналған орындар жанғыш заттар мен материалдардан, құрғақ өсімдіктерден тазартылып, сөндіру құралдарымен қамтамасыз етіледі, – дейді Аманбек Бейсембаев.

Азаматтық қорғау полковнигі жазда ауылдық елдімекендердегі, сондай-ақ, саяжай кооперативтері мен бау-бақша серіктестіктерінде кемі 200 литр болатын ыдыс­тар немесе өрт сөндіргіштер орналастырылуы тиіс екенін де айтады. Ал, ғимараттар мен аула құрылыстарына дейін кемінде 15 метр қашықтықта тұрғын үйлердің үй-жайлық телімдерінде ірі жемшөптерді жинау кезінде қойма орындары кемінде 500 литр су сыйымдылығымен қамтамасыз етіледі.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button