Бас тақырып

Ұрпақтың саулығы – Ұлттың байлығы

Облыстық клиникалық аурухана базасында құрылған отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық орталығының ашылғанына көп болмаса да, мұндағы жұмыс қызу. Орталық денсаулығына байланысты бала сүйе алмай жүрген жұптарға, жалпы гинекологиялық, урологиялық патологиясы бар адамдарға көмектесуге арналған. Мұндай бағыттағы орталықтың ашылуы – халықтың репродуктивті денсаулығына деген қамқорлық. Бүгінде өкінішке қарай, балалы болу мүмкіндігі бәрінде бірдей деуге келмейді. Әрі бұл елдің демографиялық жағдайына тікелей әсер ететін болғандықтан, мемлекет бұл іске айрықша мән беруде.

50/50

– Әпке, әжелеріміз біледі, кеңес заманы кезінде әйел адамдарға кеңес беретін орталықтар болған, – деп бастады сөзін отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық орталығының басшысы Ирина Копобаева. – Кейін олар таратылып, басқа ұйымдардың құрамына кіріп кетті. Бұрынғыдай кең қызмет тұрғындар үшін қолжетімсіз болып қалды. Оның үстіне әйел адамдармен қатар, ер адамдар да кеңес алатын жаңа орталық ашу қажеттілігі туындады. Сондықтан, облыстың денсаулық сақтау басқармасы облыс әкім­дігінің қолдауымен консультациялық-диаг­ностикалық кеңес беретін орын ашу бас­тамасын көтерді.

Ирина Леонидовнанын айтуынша, қазір бедеулік өте өзекті. Бір балаға зар болған отбасылар қатары жыл санап көбейіп келеді.

– Осыдан 15 жыл бұрын 70/30 жағдайда әйелдердің бедеулігі кездессе, қазір бұл 50/50-ге жетті. Яғни, балалы бола алмау себебінде әйелдер мен ер адамдар теңесті. Көптеген отбасылық жұп бұл мәселені жасырады, дер кезінде тіркелмейді. Уақыт өтіп, жасы келгенде бір-ақ қаралады, – дейді дәрігер.

Бедеуліктің шешімі бар

Бедеулік диагнозы қойылған отбасылық жұптар тікелей осында келулеріне болады. Мұнда тек осы мәселемен айналысатын екі репродуктолог маман бар. Олар науқастарды бастан-аяқ тексереді. Барлық тексеруден кейін «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоральды ұрықтандыруға квота алады.

– Биылға жоспарланған 700 квотаның жартысына жуығы бөлінді. ЭКҰ – операциядан, дәрі-дәрмектен нәтиже болмағанда қолданылатын әдіс. Жалпы бедеуліктің көбейіп кеткені әлеуметтік ортамызға да байланысты. Біздің жүріс-тұрысымыз, ішіп-жегеніміз, одан бөлек, сыртқы факторлар да әсер етеді, – дейді Ирина Копобаева.

Дәрігердің айтуынша, себептері белгісіз бедеулік формалары да болады.

– Қандай да бір нақты диаг­нозы жоқ бедеулік түрлері де кездеседі. Бұл ретте мәселе орталық жүйке жүйесінде. Адам санасындағы кедергі (блок) кеткен кезде жүктілік ешқандай емсіз, өздігінен болуы мүмкін. Бізде сондай жағдай тіркелді. Бірі – 10 жыл, екіншісі 12 жыл бала көтере алмай келе жатқан екі әйел дәрігерлерден өтіп, квотасын алып жасанды ұрықтандыру жасатуға барып тұрғанда аяғы ауыр екенін білген, – дейді Ирина ­Леонидовна.

Мұндай жағдайдың көп болмайтыны өкінішті. Оның айтуынша, бедеулік диагнозымен 2 мың адам есепте тұр.

Күтпеген сәби бола ма?

Орталық басшысының сөзінше, қандай да бір патологияға күдік туған жағдайда жүкті әйел осында келіп, сарапшылық санатына жататын УДЗ аппаратынан өте алады. Сол арқылы патология не расталады, не жоққа шығарылады.

– Кейінгі кезде дамуында туа біткен кемістігі бар балалар қатары біршама көбейді. Ал, хромосомалық өзгерістерге ұшыраған балалар сол деңгейде деуге болады. Туа біткен патологияға әкелетін бірінші себеп – жоспарланбаған жүктілік. Яғни, әйел өзінің жүкті болып қалу мүмкіндігіне мән бермейді. Жүкті екенін білмей бала денсаулығына зияны тиетін әрекеттерге барады. Темекі шегеді. Бізде темекі шегетін әйелдер көбейді. Күн астында көп жүреді. Ол да жақсы емес. Екіншіден, жүктілікке дайындалмайды. Дайындықтың ең қарапайым түрі – фолий қышқылын ішу. Жүктілікті жоспарлағанда кемі 2-3 ай бұрын фолий қышқылын іше бастауы керек. Өзі арзан, өзі қарапайым әдіс туа біткен ақауларды 30 пайызға кемітеді, – дейді Ирина ­Копобаева.

Туа біткен патологияларға көбінесе жүрек, орталық жүйке жүйесі аурулары, омыртқа дерттерін жатқызады. Ол балалар өмір бойы мүгедек болып қалуы мүмкін. Ал, бұл шектеуді өзге емес, өз анасынан келгенін ол балалар білмейді де ғой.

Ирина Леонидовна Кеңес Одағы кезінде фолий қышқылын ұнға қосқанын, сол арқылы әйелдер оның қажетті деңгейін алатынын еске алды. Қазір оның айтуынша, ұн шығаратын кәсіпорындардың ешқайсы бұлай істемейді.

– Денсаулық сақтау саласы мамандары ретінде әр әйелге ескертіп отырудан басқа амалымыз жоқ. Оны орындаса, жақсы, – дейді ол.

Облыстағы жалғыз зертхана

Орталықта акушер-гинеколог, уролог, андролог, онколог, онкомаммолог, онкогинеколог, генетик мамандар бар. Мұнда облыстағы жалғыз медициналық-генетикалық зертхана орналасқанын ерекше айту керек.

Онда әйелдің жүктілік кезіндегі барлық скринингтік және жаңа туған нәрестелерді тұқым қуалайтын ауру түрлеріне тексерулер жасалады. Мамандары да, олар қолданатын аппараттар да сапалы.

– Біз айтып жатқан патологияларды жүктіліктің алғашқы скринингінде, 10-14 аптада білуге болады, – дейді Ирина Копобаева. – Кейін биохимиялық қан талдауы жасалады. Сонда нақтыланады. Кейбір аурулар емге келеді. Бірнеше патология немесе ауыр дерт анықталса, жүктілікті тоқтату туралы мәселе қозғалады. Бірақ, ол шешімді отбасы өздері қабылдайды.

Әлбетте, ондай шешімге толық зерттеу, нақты диагнозы қажет.

– Қазір генетикаға, репродуктивті денсаулыққа мән беру маңызды, – дейді генетик дәрігер Әлия Жүнісова. – Зерттеулер ересек адамдарға да, балаларға да, шаранаға да жасалады. Кариотип зерттеуі тұқым қуаламайтын ауруларды анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, Даун синдромы, Эдвардс, Патау, Шершевский-Тернер синдромдары. Генетик мамандар аз. Облыс үлкен, тұрғыны көп. Кейде зерттеуге кезекті 1-2 ай күтіп қалады. Бірақ, біз бұл мәселені шешуге тырысамыз.

Әлия Қанатқызы соңғы кездері мұндай дерттердің көбеюін диагностикалық мүмкіндіктердің артуымен де байланыстырады.

– Бұл дерттер 10-15 жыл бұрын да болған. Бірақ, ол кезде ешкім оның қандай ауру екенін білмеген. Қазір ақпарат көп, зерттеу мүмкіндігі де молайды, – дейді ол.

Ота да осында жасалады

Орталық басшының айтуынша, алдағы уақытта гинекологиялық операциялар да осында жасалады. Қазір жөндеу жүріп жатқан екінші қабатта хирургия­лық блок ашылады.

– Ол жоспарлы гинекология бөлімі болады. Әйелге операция­ға немесе күндізгі стационарға жату керек болса, кеңес алғаннан кейін екінші қабатқа көтеріледі. Күзде ашылады деп отырмыз, – дейді басшы.

Одан басқа, жүкті әйелдердің мектебі де қыркүйекте басталмақ екен. Онда жүктіліктің физиологиялық ерекшеліктері, қауіп факторлары, дұрыс босану жолдары, жаңа туған сәбиге күтім жасау оқытылады.

Орталық толық жұмысқа кіріспесе де, күніне 170-180 адам келеді. Көбінесе өңірлерден. Фариза Әшірбекова Теміртаудан арнайы келген.

– Алғашқы скрининг кезінде генетикалық зерттеулерім дұрыс шықпады. Теміртау қаласындағы дәрігерім осы жердің мамандары мен аппараты жақсы деп жіберді. Екінші, сосын үшінші скринингтен де осында өттім. УДЗ маманы Дарья Сухорукова ешқандай мәселе жоқ екенін айтты. Осыған дейін біраз уайымдап едім, қазір көңілім орнына түсті. Дәрігерлері ұғынықты түсіндіреді, асықпай қабылдайды екен, – дейді ол.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, облыста репродуктивті жастағы 288 мың әйел бар. Елдің демографиясына үлес қосатын осылар. Олардың әрқайсының денсаулығы маңызды. Сондықтан, осындай орталықтардың әлі де болса ашылғаны орынды.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button