Ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылық
Облыстағы ірі байқаулардың басым көпшілігі Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде өтеді. Бір шаңырақ астында басшы мен қызметкердің ынтымақтаса жұмыс істеуі – өңірдегі білім ордаларына көп үлгі. «Театр – киім ілгіштен басталатынын» ескерсек, гуманитарлық колледжде қазаққа тән бренд – қонақжайлық басым. Жақында өткен облыстық «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік оқытушысы» байқауы – соның айғағы.
Байқауда облыстағы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Дәстүрге айналған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің байқауы биыл колледжімізде екінші рет өтуде. Ең алдымен ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие мен білім арқылы мемлекеттік тіл саясатын насихаттау көзделді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушыларының жаңашыл оқыту тәжірибесін анықтап, үздік педагогикалық идеяларды таратуды ойладық. Қазақ тілін үйретудің сапасын арттырып, авторлық бағдарламаларды анықтау мақсаты көзделді, – деді Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі директорының ғылым жөніндегі орынбасары Дархан Исатаев.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері циклдік әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Гүлден Мұқанова байқаудың өту барысында таратуға лайықты идеялар үшін «Q Talks» форматын таңдағанын атап өтті.
– Қазіргі таңда білім саласы мамандары арасында Q Talks (Qundylyq Talks) жобасы – өзекті. Құндылықтарға негізделген білім беру аясында басталған жобада мұғалімдер жинақтаған тәжірибесімен бөлісті. Жеке басынан өткен оқиғасын немесе түйген ойын ортаға салды. Осылайша өздері қызмет атқаратын білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағытында атқарылып жатқан игі бастамаларды көрсетті. Байқауда оқытушылар білімдерін заманауи идеялармен ұштастырды. Жас мамандардың жаңашыл идеяларына куә болдық, – деді Гүлден Мұқанова.
Байқауда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің 10 оқытушысы педагогикалық идеяларымен бөлісіп, «Үздік панорамалық сабақ» және «Үздік әдістемелік қоржын» көрсетті. Бірі ойын поэзия арқылы жеткізсе, екіншісі басынан өткен оқиғасын баяндау арқылы қоғамдағы өзекті мәселені көтерді.
Айта кеткен жөн, облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы байқауды биыл екінші рет ұйымдастырып отыр. Өткен жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік оқытушысы» аталымын Қарағанды жоғары гуманитарлық колледж оқытушы Ербұлан Мақатай жеңіп алған.
– Қазір кез келген оқушыны таң қалдыру оңай емес. Өйткені, жастар заманауи технологияны жедел меңгереді, өмірде қолдануға бейім. Солай дегенмен, биыл жас мұғалімдерден ерекше жалын байқалды. Жаңа технологияны пайдалану арқылы өз білімдерін студенттерге ұсынып, сабақ барысында қолданатынын көрсетті, – дейді Ербұлан Мақатай.
Биылғы байқауда бас жүлдені Балқаштағы «Қазақмыс» корпорациясы политехникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Асыл Серікова жеңіп алды. Оқытушы сабақ барысында ұлттық және жалпыадамзаттық концепттердің интеллект картасын жасау арқылы көлемді ақпаратпен жұмыс істеуді үйретеді. Жобасында бала бойына құндылықтарды сіңірудің басты қағидаларын айтты. Оқытушы сондай-ақ, Qundylyq Talks форматында адамның адамгершілік қасиетін алға тарту арқылы адами құндылықтар нәтижесінде қол жеткізетін жетістіктермен бөлісті. Ұрпақ тәрбиесінде маңыздысы өн бойына түйген адамгершілік қасиеттер екенін ұқтырды.
Асыл Жанатқызының жаңа идеясын жоғары бағалаған әдіскерлер ізденіс пен үздіксіз шыңдалудың нəтижесі жемісті боларын атады. Байқауда Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндері оқытушысы Нүргүл Таласбаева «Жаңашыл оқытушы», Саран техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндері оқытушысы Ғалия Байтұрсынова «Әдіскер оқытушы» атанды. Ерекше аталымдар бойынша басқа да үздік оқытушылар марапатталды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz