Ұрпаққа мұра, ұлтқа қазына
Жолға шығар алдындағы ерекше сәтте адам жаны теңіздей тулайды емес пе?! Ішкі әлемің терең тебіреніп, жүрек лүпілі өзгеше ырғаққа түскендей болады. Жаңа сапардың белгісіздігі сан алуан сезімге бөлейді. Түннің тыныштығы да сені елемейді. Сансыз ойдың сан-саққа жүгіргені соншалық, ұйқың да шайдай ашылып кетеді. Көңіліңде қуаныш пен уайым аралас, ал, жүрегіңде кішкене қобалжу сезімі бой көтереді. Алдағы күнді ойлап, тыныштық таба алмай, әрі аунап, бері аунап жата алмайсың. Күні кеше мен де осы сезімді бастан өткердім. Таңғы төртте сапарға шығуға қамданып, тұңғиық толғаныстармен жаңа белеске бет алдым…
Бұл жолғы сапар – Арқаның ажары, тарих пен өнердің құндағы Ақтоғай өңірі. Сонау сайын даланың төсіне қонған бұл өлке қазыналы шежіренің қасиетті парақтарын ашқандай әсер қалдырады. Ақтоғай – ұлы тұлғалар ізін қалдырған киелі топырақ, халқымыздың рухани байлығын сақтаған қасиетті мекен. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан сынды кемеңгердің кіндік қаны тамған жер, қазақ жерінің тұтастығын қорғап, шекарасын бекіткен Әлімхан Ермековтің туған өлкесі. Алаш арысы Жақып Ақбаевтың жастық шақтағы іздері де осы мекенде сайрап жатыр. Ақтоғай – тарих пен тағылымның тоғысқан, қазақ рухының биіктеген мекені.
Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» тарихи-танымдық жобасы аясында өзге этнос өкілдерінің қатысуымен екі күндік зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Бұл сапардың мақсаты – қасиетті Ақтоғайдың баға жетпес мәдени мұраларымен танысып, олардың сырын ұғыну. Өзге этнос өкілдеріне де осы аймақтың тарихи құндылықтарын насихаттау, Ақтоғай өңірінің бай мәдениетін паш ету.
Сапарымыздың алғашқы нысаны ретінде таңдалған Беғазы-Дәндібай пирамидасы немесе Қаражартас қорымы – уақыт қойнауынан сыр шертетін, қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын археологиялық ескерткіш. Қорымның алып тастары көненің көзіндей байтақ даланың төсінде маңғаз күйде орналасқан. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің phd докторы Олжас Шоқатаев Қаражартас қорымының тарихы мен мән-мағынасы туралы нақты ақпаратты егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Пирамида тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі мәдениеттің дамуына үлес қосқан ескерткіш ретінде бағаланады. Қорымнан табылған артефактілер, оның ішінде, қоладан жасалған тұрмыстық құралдар ерекше назар аудартты.
Экспедициямыздың келесі аялдамасы – Шет ауданының археологиялық-этнографиялық музейі болды. Мұнда қола дәуірінен бастау алып, әр кезеңнен сыр шертетін тарихи жәдігерлер сақталған. Жақында ғана музейдің ішінен ерекше дизайнмен әсемделген, заманауи талаптарға сай құрылған, білім беру процесін шығармашылықпен тығыз ұштастыратын балаларға арналған coworking орталығы ашылыпты. Музейдегі экскурсияны жоғары деңгейде өткізген Шет ауданы археологиялық-этнографиялық музейінің директоры Салтанат Дәртайқызының және экспедиция қатысушыларына құнды мәліметтерді анық-қанық түсіндіріп, білімімізді толықтырған Бархыт Мұратқызының кәсіби шеберлігі мен ынталы жұмысы атап айтуға тұрарлық.
Бұдан әрі қазақ тарихында ерекше орын алатын Шабанбай бидің есімін ұлықтап тұрған қасиетті мекен, тау бауырында орналасқан Шабанбай би кесенесіне барып, баба рухына құран бағыштадық.
Сапарымыздың кезекті тарихи нысаны ретінде Әлихан Бөкейханның ата-бабалары жерленген қасиетті мекен Талдыбейіт зиратына жол тарттық. Бұл орын қазақ тарихында терең мәнге ие. Себебі, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлының түп-тамырымен байланысты. «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деп ұрандатып, қазақ даласының тәуелсіздігі мен келешегі үшін аянбай қызмет еткен Әлиханның бабалары осында мәңгілік мекенін тапқан. Бұл зират – бір әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының тарихын айшықтайтын орын. Саман кірпіштен қаланған қабырғалар сол бір қасіретті дәуірдің үнін жеткізгендей. Ал, оның архитектуралық ерекшеліктері өткен ғасырдың тірі шежіресі іспетті.
Ақтоғай ауданының археологиялық-этнографиялық музейіне барғанымызда, мені ерекше таңғалдырған дүниенің бірі – Балқаш көлінің қамысын мекен еткен «Тұран» тұқымдас жолбарыс болды. «Шақан-Шері» роман желісінде Тұран жолбарысы қазақ жерінің табиғатындағы құдіреттілікті және еркіндікті бейнелейді. Құнды экспонат тарихымыздың сарқыты ретінде өткеніміз бен болашағымыздың арасындағы байланысты көз алдыма әкелді.
Кезекті нысан Сарыарқаның ең биік нүктесі – Ақсораң шыңына бет алдық. 1565 метр биіктікті бағындыру керек.
Бөкетов зерттеу университеті филология факультетінің деканы Елдос Ерғазыұлының «Ақсораң биігіне шығу жай ғана биікті бағындыру емес, алға қойған мақсатыңа жету, өзіңнің күшің мен жігеріңді сынау. Сондықтан бұл шыңды бағындыру — өмірде биік белестерге жетуге үлкен серпіліс береді» деген жалынды сөзі мен алға ұмтылдырды, бойға қуат құйды.
Бұл сапар мен үшін тек тауға шығу емес, өз мақсаттарыма жетудің жолында үлкен жігер беретін маңызды белеске айналды.
«Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы Ақтоғай ауданының мәдени байлығымен танысып, қазақ тарихының тереңдігін сезінуге мүмкіндік берді. Бұл сапар ел тарихына деген құрметті арттыра түсті.
Диана САЯТҚЫЗЫ,
академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің III курс студенті.