Тұлға

Ұрпаққа үлгі ерлігі

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалардың бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі». Өңірімізден 6 қатысушы жобаның жеңімпазы атанған еді. Әңгіме жобаның жеңімпаздары, жерлестеріміз, бүгінгі күннің батырлары жайлы болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жыл 3 мамырдағы №244 Жарлығымен әскери және азаматтық міндетін атқару барысында ерен ерлікке барып, қайсарлық көрсеткені үшін полковник Қайрат Үмбетов “Алтын жұлдыз” және “Отан” ордендерімен бірге, “Халық қаһарманы” атағын иеленген болатын.

Әңгіме мынада, 2016 жылдың 7-ші сәуірінде Қарағанды облысының Қарабас кентіндегі оқу-жаттығу орталығында жедел қызметтің жеке құрамымен бірге граната лақтыру барысында 6505 әскери бөлімінің бастығы Қайрат Үмбетов өз өмірін қатерге тіге отырып, жас жауынгерді өз денесімен қалқалап жауып, өлімнен арашалап қалған еді.

Міне, тәуекел етті. Ерлікке барды, ел құрметіне бөленді. Құрметке бөленемін деп емес, өз міндеті санап көзсіз батырлыққа барды. Нағыз қаһарман!

Қазіргі таңда полковник «Ұлттық Ұлан» Бас Қолбасшылығының Бас штабы қатарында офицерлік қызметте екен.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы – еліміздің азаматтарын, қоғамды патриоттыққа тәрбиелеуге және ұлттық рухты көтеруге арналған ірі жоба. Бұл жобаға қызметтес достарымның ұсынысы бойынша қатысқанмын. Ақырында, «100 жаңа есім» қатарына кірдім. Әр саланың нағыз майталмандары, үлгі боларлары жобаға енді деп ойлаймын. Мен үшін үлкен мәртебе. Бұдан да жоғары мәртебе, марапат ол – “Халық қаһарманы” атағы. Бұл атаққа ие болу – үлкен абырой, жауапкершілік. Себебі, “Халық қаһарманы” жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Менің атқарған ісімді жұртшылық ерлік деп танып жатады. Алайда, ол менің офицерлік парызымнан бұрын адамдық борышым деп санаймын, – дейді әңгіме барысында қаһарман Қайрат Үмбетов.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының тағы бір жеңімпазы – жерлесіміз Дәурен Алтаев.

Учаскелік полиция инспекторы қызмет атқару барысында бір отбасының төрт бірдей баласын өрттен құтқарып қалған. Оқиға былай болған еді: оған Майқұдықтағы үйлердің біріне жетуі керектігі туралы хабарлама түседі. Айтылған орынға жетсе, бес қабатты үйдің ең жоғарғы қабатындағы пәтер өртеніп жатыр екен. Шулаған көршілері үй ішінде балалар барын айтады. Сол сәтте тілсіз жаудың алаулаған жалыны мен қою қара түтініне қарамастан, Дәурен Қасымжанұлы білек сыбана балаларды құтқаруға кірісіп кетті. Үйге кірсе, кереуеттің үстінде ес-түссіз жатқан төрт бала бар екен. Дереу екеуін иығына салып, сыртқа алып шығады, бұл кезде жалын одан сайын өрши түскен екен.

Осы ерлігі үшін Дәурен Қасымжанұлы облыстық ІІД және қалалық ІІБ басшылығы тарапынан бірнеше мәрте марапатқа ие болған, сондай-ақ, мінсіз қызметі үшін II және III дәрежелі медальдармен марапатталды. Ішкі істер министрлігі тарапынан 2006 жылы «Үздік қызметі үшін» төсбелгісін иеленді.

Осылайша, төрт баланы өрттен аман алып қалып, ерлік танытты.

Бүгінгі күннің батырларын жиі дәріптеуіміз қажет. Себебі, бұл батырлардың ерлігі ұрпаққа қашанда үлгі.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

“Орталық Қазақстан”

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button