Басты тақырып

Робототехника: жас инноватор – қолдауға зәру

    Қарағанды – өзге өңірлермен салыстырғанда робототехникаға алғашқылардың бірі болып бет бұрған  аймақ. Сондықтан да,  зияткер жас буын робототехникаға бейім. Біле-білсеңіз, олар халықаралық бәсекеде топ жарып жүр. Сонымен, аймақтың мерейін  арттырып, мәртебесін тасытуда. Әлбетте, төртінші өнеркәсіптік революцияда цифрмен сөйлесетін маман керек. Ал, сандық әлемнің сырына үңілген оқушыны қолдау қаншалықты? Жас инноваторға жан-жақты қолдау көрсетіп отырмыз ба? Ойланатын мәселе.

Санда бар,

санатта жоқ сала

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік ре­волюция элементтерін жаппай ен­гізу керек. Бұл – автоматтандыру, ро­­боттандыру, жасанды интеллект, «ау­қымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер» екенін атады.  Бұл – уақыт талабы. Алайда, инновациялық дамуды бірінші орынға қойғанымен, елімізде робототехника баяу дамуда екенін жоққа шығара алмаймыз.

Қарапайым ғана мысал, ел ға­лым­дары халықаралық сайыстарда робот жасаушы жастардың жеңгенін мәртебе көріп, мақтан тұтады. Жөн-ақ. Десек те, сол мақтаннан әрі аса алмай отырмыз.

Жастар бұл – жаңа инновация. Жанып тұрған жасқа демеу керек. Елді халықаралық  аренада танытқан оқушы әрі қарай қолдауға зәру. Қолдау болмаған соң, оқушыларымыз бір сатыда тұралап қалады. Бір қызығы, барлық сала ескерілгенімен, тек робототехникаға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау жоқ. Ал, ғалымдар көп жағдайда құрастыруға қажетті қосалқы бөлшектерді шетелден өз ақ­шасына сатып алуға мәжбүр. Неге?

Жалпы, елімізде арнайы роботтардан бөлек, қолданысқа енген өндірістегі роботтар басым. Мысалы, машина жасауда, кондитер өнімдерін жасау, текстиль, сусындар шығару зауыттарында да өндірістік роботтар қолданылады. Бір ғана машина жасау саласының өзінде межелі жұмыстың 10 пайызын роботтар атқарады. Бұл роботтарды қолдану еңбек өнімділігін арттырып, шығынның аз болуына мүмкіндік жасайды деген сөз. Осыдан-ақ, роботтар мен автоматты жүйелер дамудың оңтайлы жолы екенін түсінуге болады. Бірақ дәл қазіргі күні бұл робототехника санда бар, санатта жоқ сала болып тұр.

RoboLand –

 Қарағанды жаңалығы

Жалпы, еліміз үшін робот құрас­тыру ісі айтарлықтай жаңалық емес. Өйткені, Кеңес одағы кезінде робот­тар түрлі мақсатта қолданылып, еңбек өнімділігіне тәуір пайда әкелген. Зауыттарда ғана емес, апатты жағдайларда жүрген. Мысалы, Чернобль апатында адамдардың өміріне қауіпті радиактивті жерлерді зерттеу мақсатында роботтар көмекке келді. Апат орын алған аймақты толық зерттеп, мүмкін болар деректерді ғалымдардың қолына жинап берді.

Әлбетте, робототехниканы дамыту үшін әрбір өңір жаңа өзгерістерге бейім болуы тиіс. Мысалы, республикада озық жүйе құруда жеделдікті ұнататын қарағандылықтар мектептерді роботтандыруды 2014 жылы қолға алды. Өткен жылдың сәуірінде Қарағандыда бірегей RoboLand Қазақстан полигоны жасалды. Ірі робототехниканың «RoboLand – 2017» үшінші халықаралық фестивалі өтті. Сайысқа Қазақстан мен Ресейдің 392 командасы келді. Жалпы білім беру мектептері, колледждер, Назарбаев Зияткерлік мектептері, жекеменшік робототехникалық клубтардың оқу­шы­лары 24 аталым бойынша сайысты. Радиоэлектроникаға арналған жинақтармен, «Лего» және «Ардуино» сериясының роботтарымен, бағ­дарламалау үшін жаңа әзірлемемен, 3D принтермен жабдықталған зертханаларда жұмыс жасайтын оқу­шылар өзара мықтыны анықтады. Сол сайыстың көп жұмыстары ға­лымдардың қызығушылығын туғызып, «ЭКСПО» Халықаралық көрмесіне ұсынылды.

Мектеп базасында

технопарк құрудан

ұтарымыз көп

Сөйтіп, өңірдің осыған ұқсас бірегей бастамалары оқушылардың инженерлік іске қызығушылығын арттыруға түрткі болды. Өткен жылы жалпы Қазақстан құрамасы робототехникасы бойынша Вашингтонда өткен «First Global Challenge» халықаралық сайысына қатысты. Жарыс сандық әлем арқылы жаһандық проблемаларды шешетін жас таланттарды біріктірді. Қазақстандық оқушылар әлемнің 160-тан астам елдердің ішінде 8-ші орын иеленіп, жеңімпаздардың үздік ондығына енді. Осыны ескерген Ел­басы Жолдауында білім берудің бар­лық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керектігін тапсырды. Бұл – жастарды жаңа технологияларды меңгеруге, болашақ мамандық таңдау­да жаңылыспауға бағыттайды.

Ал, жаратылыстану пәндеріне басымдық берген Қарағандыда соң­ғы жылдың өзінде-ақ роботпен бай­ланыс­ты мектеп зертханалары­ның саны 47-ден – 200-ге дейін ұл­ғайды. Жолдау аясындағы  жаңа тех­­­нологияларды енгізудің көшбасшысына айналу жолында облыстық білім бас­қармасының мақсаты да мектептерді  робототехникамен қам­ту болды. Көздеген мақсат – мектептердегі робототехника зертханала­ры базасында технопарктер құру. Бұл  жоба жүзеге асса, облыстың барлық оқушылары робот құрастыру арқылы интеллектуалдық білімін шыңдар еді…

Сондай-ақ, барлық өңірлердегі оқушылар сарайларының базасына компьютерлер, лаборатория, және 3D принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес инкубаторларының желісін құру арқылы оқушының зияткерлік деңгейін арттыруға болар еді. Оған Мемлекет басшысының «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында цифрлық технологиялардың трендтерін күнделікті қолданысқа енгізіп, әрі қарай дамытуды мақсат етіп қойғанын да атап өткен жөн.

Өңіріміз

оқ бойы озық

Өңірдегі дарынды балаларға ар­налған мектептер робототехника пәнін сабақ кестесіне енігізгені бел­гілі. Ал,  студенттер робот машина­ла­рымен 2014 жылы танысқан бо­латын. Облыста экономикалық бел­­­сенді жас­тардың саны 142,4 мың адамды құ­райтынын ескерсек, иннова­ция­лық белсенді жастардың саны қаншама. Өйткені, кейінгі үш жыл ішінде облыс жастары шетелде өткен бай­қаулардан үлкен жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Бұл робототехниканың жастар арасында жүзеге асу қарқынының жоғары екенін көрсетті. Мысалы, Қарағандыдағы №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары балаларға арналған қол протезін жасап шығарғанын атап өткен жөн. Қол протезін жасаудағы идеяның авторы – лицейдің физика пәнінің мұғалімі Алтынбек Қарабатыров «Қазіргі таңда 3D принтер сатып алып, оқушылармен бірге протездер жасап жатырмыз. Протезді жасап шығару оңай. Алдымен,  оқушылар бірінші үш өлшемді модельдің барлық тетігін салып алып, оны басып шығарады және жинайды. Жіпті тарту арқылы, протез бекітіледі. Бұлшық етке қозғалыс әкеледі. Бастапқы жағдайға әкелуге серіппе мүмкіндік жасайды» деген болатын.

Оның айтуынша, алғашқы протез лицейдің Павлодардағы бөлімшесіндегі 3D-принтер арқылы жасалған. Алдағы уақытта №1 «Білім-инновация» лицей-интернаты оқушыларының бастың ми серпінін қабылдай алатын қол секілді протез қолдар ойлап табуды жоспарлап отыр.

Қазақ жастарының

жапоннан несі кем?

Жалпы робот жасау технологиясы Жапония, Германия, АҚШ, Корея сынды елдерде жоғары деңгейде дамығаны белгілі. Бұл елдерде робототехниканың үздік жетістіктері ғылымда, өндірісте кеңінен қолданысқа енген. Германиядағы өндірістік роботтарды шығару жөніндегі әлемдік көшбасшы «KUKA» компаниясы, Жапониядағы «KAWASAKI ROBOTICS», «FANUC», «OTC Daihen», «Panasonic», АҚШ-тағы «Triton Manufacturing», «Kaman Corporation» сынды компаниялардың жемісті жұмыстарын айрықша атап өтуге болады. Бұл туралы робот құрауда сайысқа түскен Гонконг,  Вьетнамға барып жүрген  халықаралық IT университетінің студенттері жиі айтып жүр. Олардың сөзіне сүйенсек, Жапонияның жетістіктеріне ұқсас үлгі ойлап табатын жастардың елімізде  бар екеніне күмән жоқ. Өйт­кені, робот құрастырумен айналысу – оқушы үшін аса білімділікті және техникалық ептілікті қажет етеді. Ал, Қазақстан – роботтар дәуірін ашуға ұмтылатын жастардың елі. Оның үстіне,  Қарағандыда роботтың көмегіне зәру, даму мен ілгерілеуді қажет етіп тұрған өндірістік салалардың саны басым.

Аяулым СОВЕТ

Сурет интернеттен алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button