Басты тақырып

Робот жасауға талпыныс күшті

Қарағандыда «Болашақ» маңызды білім беру колледжінің ұйым­дастырумен, облыстық білім басқармасы оқу-әдіс­те­мелік орталы­ғының және Қазақстанның білім беру және спорт Роботтық техника федерациясының қолдауымен «Kaz­RoboSport – 2017» және «Kaz­ro­boproject – 2017» роботтық техника бойынша республикалық ғылыми-техникалық жоба байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті.

«ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында өткен байқауға техника тілін жастайынан меңгерген озық ойлы студенттер мен оқушылар бас қосты. Білім бәйгесінде бағын сынауға облыстың түкпір-түкпірінен келген жеткіншектерге қолдау білдіру мақсатында 96 команда қатысты. Сайыста хай-тек және нанотехнологияларды дамытуды көздеген ұйымдастырушылар оқушылардың робот жасау кезінде жаңа үлгідегі «Лего робот» бағдарламасын пайдаланғандардың жұмысын жоғары бағалады.

Құлтемірге жан бітірген шығармашыл жастардың ғылым мен техниканың өзекті салаларына назарларын аудару, заманауи ғылыми-техникалық бағытта шығармашылықтарын дамыту, білім беру процесінде робототехниканың оқу бағдарламаларын табысты жүзеге асыру осы күні кеңінен өріс алды. Жеткіншектердің бәсекелік қабілетін арттыру механизміндегі ұсынылған негізгі тетіктердің құрамалары мен олардың маңыздылығы жолға қойылды.

Облыстағы кей мектептерде робототехника үйірмелері ашылып, оқушылар робототехника саласымен жете таныса бастағандығы байқалды. Мектеп қабырғасында жүріп, робот жасауды меңгерген шәкірттердің алдында ғылыммен айналысу мүмкіндіктері мол екендіктерін танытты. Дода бар жерде мәре бар. Жарысқа төрелік еткен мамандар тек мықтыларды іріктеді.

«Желі бойынша жарыс» байқауының кіші топтарының І орны №23 орта мектептің «Метеор» тобына (Н.Букин, М.Бобков) бұйырды.

«Желі бойынша жарыс» байқауының ересек топтарының арасында «Дарын» мектебі (Ә.Жеңіс, А.Токешов) дара шығып I орынды қанжығалады. «Робосумо» байқауының кіші топтарының І орны кәсіптік-техникалық лицейдің (Қ.Сериков, Р.Нұралы) еншісінде кетті. «Робосумо» байқауының ересек топтарында І орынды «Болашақ» колледжінің студенттері Т.Карыбаев, С.Қуантай жеңіп алды.

Сондай-ақ, байқаудың «КЕГЕЛЬРИНГ-КВАДРО» түрі кіші топтарының ішінен суырылып шыққан кәсіптік-техникалық лицейдің «KarBilimSchool» тобы (С.Нақып, Ә.Дүйсембай) І орынды иемденді. Сонымен қатар, ересек топтарында І орынды Н.Нұрмақов атындағы интеллектуалды мектептің «Nurmakov#2» тобы (Қ.Бакибаев, А.Амангелді) еншіледі.

«Робофутбол» байқауының І орны «Болашақ» колледжінің «Fbolashak» тобы (А.Серік, Б.Бердин) қанжығасына байлады.

«БИАТЛОН» байқауының кіші тобында І орын тұғырынан Шет ауданының «Alylbaev» тобы (Е.Шамбонов, А.Ержанов) көрінді. Осы байқаудың ересектер тобының І орнын «Болашақ» колледжі (Н.Қазтай) иемденді.

Сондай-ақ, жоба байқауының кіші топтарында І орынды «Radioschool» тобының «Smart Home» тақырыбындағы жобасы (В.Мажитов, И.Поветин) иеленсе, ересек топтарында І орынды №39 гимназияның «Галилео»тобы (Ш.Асетов, А.Акыжанов) жеңіп алды. Осы сыннан сүрінбей өткен командалар мен қатысушылар Ақтөбе қаласында қыркүйек айында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

Осы күні «Қазақстанның білім беру және спорт Роботтық техника федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен оның президенті А.Жекеева және Қарағанды «Болашақ» маңызды білім беру колледжі мен оның директоры Ғ.Мамраева серіктестік туралы Меморандумға қол қойды. Алдағы уақыттарда Қазақстан Республикасындағы облыстар көлемінде роботтық техниканы дамыту мақсатындағы Меморандумға қол қою арқылы екіжақты серіктестік нығая түсетіндігіне сенім білдірді.

Айта кетейік, игі бастамалардың басы-қасында жүретін «Болашақ» колледжі жас ұрпақты роботтардан басқа автоматтандырылған техникалық жүйелер мен өндірістік үдерістердің ең жаңа техникалық жиынтықталуын әзірлеу мен қолдану жолдарын зерттейтін ғылыммен қаруландыруға үлес қосуға күш салуда. Колледжде 2015-2016 оқу жылынан бастап «Роботтық техника» факультатив сабағы мен үйірмесі жұмыс жасауда. Ұйымдастырушылар робототехника клубының жетекшілері А.Түсіпбаев пен директордың ақпараттық-технология ісі жөніндегі орынбасары Н.Нұрғалиев мұндай шаралардың жиі өткізілуі ғылымның қарқынды дамуына үлес қосатындығын тілге тиек етті.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button