Жаңалықтар

Өрнегі бөлек өлең, өзгеше ақын

«Жаман өлеңім жақсы өлеңім­ді асырайды» деп еді-ау, қайран Қасым… Неге айтқан? Советтің тоталитарлық тәртібі көзге ұрып тұрғанда айтылған сөз ғой бұл. Адамның жан дүниесі былай қалып, партия мен Совет өкіметін ғана мақтап, мадақтайтын заманда өзің туралы жазуға тыйым салынған кез-ді. Бірақ, ол өзі туралы жазып кетті. Советтің сол жүйесі қазақ өлеңін қазаға ұшырата жаздады…

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Серік Сағынтайларға Тәңірдің көзі түсті. Олар өзі туралы не жазса да хақылы. Тек ол өлең болуы керек! Өлең жазылмайды, жаралады! Анадан туған баладай! Аруанадан туған ботадай! «Жауырыншы» деген жинақта сондай шынайы жырлар жетіп, артылады. Ішінде бірде-бір нашар өлеңі жоқ.

…Мен едім көркем жанның көңілдісі –
Келетін көктем көрсе төгілгісі.
Ғұмырын ғасыр шайған шәйірлердің
Жырының – жүрегімде шөгіндісі.

Сайтанның жолықса да соғындысы,
Кеудеме сыз жолатпас тобылғы ысы.
Жүректің жылы қанын шүпілдеткен,
Тәнім ғой – құмыраның қоңыр қышы.

Тұлғамды баса да алмас тобыр мысы –
Зердемде бабалардың зор үлгісі.
Байқатпай бес күн жалған өтсе-дағы
Өлтірмес өлең шіркін, өмір күші.

Тіршілік – шимай басқан ала қағаз,
Шимайлап бала да мәз, аға да мәз.
Әр адам өз жазуын жол қылады,
Қаламмен қағазға емес, санаңа жаз.

Пендеше мұңайсам да миы ашыған,
Қарадым қара өлеңнің қиясынан.
Адам боп өмірге еніп, қадам басып,
Қалам боп кеткен екем: сиясы – қан.

Жазуды өмірім деп ұғынғасын,
Сезімге алмастырар ғұмыр бәсін.
Жүресің ел көшіне жанай көшіп,
Білесің құбыланың құбылмасын.

Терменен темір болып тебінгісі,
Тербеліп түзде жортпас тегін кісі.
Ақынның арманымен өмірі егіз –
Ал, өлең – көкке ұшқан
Көңіл құсы…

Серік Сағынтай қазақ әдебиетінің Арқадағы өз қолтаңбасы әбден қалыптасқан, болмыс-бітімі бөлек айтулы бір өкілі! Жастардың ішінде жаныма етене жақыны, ерекше көңілім түскені осы еді. Осындағы өлеңшілер құсап «Мен туралы бірдеңе жазбайсыз ба?» деп базына да айтқан емес. Бірнеше кітабы шыққан, әдеби ортаның ерекше ілтипат-құрметіне де бөленген. Бірақ, әлі ол туралы бір жылы лебіз білдіре алмаған екем. Белгілі бір классиктің айт­қан бір сөзі бар, «Әлің келсе, таланттардың қанатын қағуына қол ұшын бер. Халтурщиктер сенсіз де, өздері-ақ шығар жеріне шығып алады», – деген. Соны бүгін өз басымнан кешіп, қайран қалып отырмын! Бірақ, Серік сияқты таланттар менсіз де топ жармай қоймайды! Оларды басы жұмыр пенде емес, Құдайдың өзі зеңгір көгіне құсша самғатып жібереді! Мағжанға кімнің жаны ашып еді?! Қасымға қай пенде оң көзімен қараған?! Мұқағалиды көзі тірісінде кім «мұзбалақ» деп еді?!

Серік – Тоқырауында жүріп-ақ қазақ поэзиясының інжу-маржанын көкірегіне құйып алған жігіт. Мұның қаламдастарының көбі оның сиқыры мен сыр-сандығын терең біле бермейді. Мұқағали, Тұманбай, Фаризаларға көзін ғана жүгіртіп, тереңіне бойламағаны жазған-сызғандарынан айқұлақтанып көрініп тұрады. Әдебиетке түн ұйқыңды төрт бөліп, оқып, оған дамылсыз дайындықпен келу деген жайына қалды. Біз жас кезімізде «пәлен жерде Тұманбайдың өлеңі», «түлен жерде Қадырдың жыры шықты» десе, қашан соны тауып, оқығанша мазамыз кетуші еді. Қазір ондай жоқ десе де болады…

Мен өз өлеңіне ғана тамсанып, өзгені оқымайтын шәйірлерді де көп көрдім. Өзге ақындарды өліп-өшіп оқитындар саусақтың саласындай ғана. Соның бірі – Серік Сағынтай. Екіншісі – Дәурен Бе­рік­қажы. Менің күллі шығармамды оқып, баспаға дайындаған да Серік Сағынтай. Жақсының жақсылығын айтайын, нұры тасып жүргей қашан да!

Өлең деген бүгінде көрінгеннің ермегі болып кетті. Ол әуелде, Есенғали айтпақшы, қазақтың даласындай киелі, адамның анасындай қасиетті құбылыс еді! Социализмнен жабайы капитализмге секіріп түсіп, әлеуметтік желі ке­ліп, бізді бас салғаннан кейін оның құны түсіп барады! Көшедегі көрінген пенде – шәйір?! Оны о баста Тәңірі Азаматтың ғана маңдайына жазып еді ғой?! Қазір Темағалардан (Темірхан Медетбек) кейін азаматтық лириканың мән-мазмұны қалмай барады; ше­тінен жылауық өлеңдер; «Жағадағы балықтай шала-жансар» (Серік Сағынтай). Поэзия ел-жұртының дертіне ем, өліп бара жатқан ұлттық рухына қамшы болуы керек-ті! Бұл – оның тарихи миссиясы! Сол қайда қазір?! Өйткені, ала қағаздың алдында Абайдың Кемел Адамы, Азаматы емес, бар пиғылы қу қарақан басынан аспайтын, қушық маңдай пенде баласы отыр!

Қазір бізде кімнің-кім екенін алақанға салғандай ашып көрсететін әдеби сын жоқ. Содан талант пен таңқының ара жігі ашылмай жатыр. Елге өлеңші кім, ақын кім, талант кім, таңқы кім, бәрі бірдей. Баяғыда тәп-тәуір бір белгілі орыс ақынының өзі «Менің Роберт Рождественскийді түсінуге жиырма шақты жылым кетті», – деген екен. Күндердің – күні біз де Темірхан Медетбекті (Серік Сағынтайларды да) бір түсінерміз, бірақ, соған біздің де жиырма шақты жылымыз кетіп қалмаса болғаны.

Азамат деген сөздің қазақша қадір-қасиеті әлі ашылып біткен жоқ. Одан гөрі орыстың «Гражданин» деген сөзінің салмағы мықты болып тұр. «Поэтом можешь ты не быть, Но гражданином быть обязан» деген орыстың ұлы ақындарының бірі һәм бірегейі Н.Некрасов. Бізде шала сауатты, шалағай пенделер де «өлең» жаза береді…

Сенбесеңіз, Чадаевті оқыңыз. Оның ойы біздің Абаймен үндесіп тұр. «Алланың хикметі – ғаділет, махаббат, сезім» – дейді ол. Жүрегі ақиқатқа тәнті болып, сезімі махаббатпен суғарылмаған адам Алладан, мүлде, алыс. «Өзі үшін оттаған хайуанмен бірдей» (Абай). Ақынның бойында Абай айтатын осы Алланың хикметі болмаса, оның өлеңі – бос сөз! Серік Сағынтайдың өлеңдерінен осы қасиет буырқанып тасып, бұлақтың суындай сылдырап тұрады. Бәріміз де Қасымның қасқа жолымен жүрген ұрпақпыз. Мағжанды оқи алмадық. Содан ба, Серіктің Қасымға деген махаб­баты мен ілтипат-құрметі бөлек. Ол он шақты жылдан бері Арқада республикалық «Qasym» әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы болып, осындағы әдеби ортаның ұйытқысы болып отыр. Бұл – оның қайраткерлік бір қыры. «Тумастан айналып дастанға, Жөр­гекте шерлі өлең тербеген. Шалқалап Ай жүзген аспанда, Еңбектеп өмірге енді Өлең! Шалқалап жүзеді Ай неден, Жауынсыз, дауылсыз ғасыр ма ед?! Қауырсын қанатын жайды Өлең, Балапан Қасым боп! Қасым боп өмірге келді Жыр, Келді жыр – шыр-пырлы шер ғұмыр. Жетімге жақын ба көр-күбір, Күтті оны алапат зор дүбір. Молада әке боп сөнді нұр, Санада өмір боп өнді гүл! Жүдеген… Молаға түнеген, Алқымнан жоқшылық кездігін тіреген, Жетімнің жүрегін жандырған, Мен сені сүйемін, ұлы Өлең! Демімен, шерімен зілбатпан, Жырлатқан, жасын боп үн қатқан Күн жақтан. Мен қалай сүймеймін Өлеңді – Қасыммен окопта бір жатқан?! Арқаның өзендеріндей, Кезеңдеріндей, Асуларындай, Ғашық жарындай – Еңірей табысып даламен, Баламен, анамен, ағамен, Оқ тескен шинелін сүйретіп, Майданнан оралды Қараөлең. Қасым боп оралды ол, Жасын боп оралды! Лашын боп шүйгендей күйкентай қоғамды. Қарқ етіп үш жүз жыл жүрмеді, Жарқ етіп жанды да… жоғалды. Өлең де оқ тескен шинельдей, Шалғайы сан отқа күйгендей. Елтірі қаракөл заманнан ертеңге – Шинельмен өтті ақын именбей. Әтірдің иісі бұрқырап, Жасанды жырынан Мың ақын келеді жыр құрап. Бір Қасым басым ғой мыңынан! Соғыстың алауы… Шинельдің иісі… Ескі ауыл… тас қора… қи ысы… Дос-бауыр… баспана… үй-іші… Сезім мен тө­зімнің сүйісі… Қасымның ғаламы – жасынның тұрағы, Ғасырдың шы­рағы, ұраны – Өзі де, жыры да тірі әлі, Біздерге үлескен мұраны…».

Махаббаттан туған өлең осындай болады. Ақынның алдындағы аға ақындарға деген кіршіксіз көңілі бар ақынның махаббатынан туған! Мен есеппен жазылған нәр­се мен махаббаттан жаралған дүниені бірден сезе қоямын. Алланың хикметі махаббат, ғаділет, сезім жоқ жерде поэзия да жоқ!

Мына дүниеде түк те жоқ…

«Поэзия – жан баспаған аралға сапар шегу» дегенді Маяковский айтқан. Жалпыға таныс дүниені көкекше көкіп, қайталай беру – поэзия емес, халтура екенін өрнегі бөлек, өзгеше ақын Серік Сағынтай жақсы біледі. Оның прозасы хақындағы әңгіме өз алдына бір бөлек. Бүгін өлеңін ғана айтайық.

Жаныма мен туғаннан серік болған,
Тұсыма қайда көшсем, келіп қонған.
Бір елес қыр соңымнан қалмай қойды,
Ерте-кеш елегізтіп ерікті алған.

Артыма алаңдатпай асықтырып,
Келеміз ел адақтап…
Қашып, қуып.
Жетіп ап құлағыма сыбырлайды,
Арқама алақанын басып тұрып.

Сол ылғи түсімде де, өңімде де,
Мазамды ала береді менің неге?!
От болып жауырыным лапылдайды,
Қаламын ілесе алмай өмірге не.

Сыздайды жауырыным, жауырыным,
Жақыннан естігендей қауіп үнін.
Сүйегім сайрап беред қолын ұғып
Дерт-дәуірдің көріпкел тәуібінің.

Жетіп кеп елмен, кейде оңашалы,
Жаныма жақындатпай арашаны.
Күбірлеп жон арқама қолын қойып,
Ол менің сүйегіммен бал ашады!

Сөйлейді ол ызаланып, азаптанып,
Арқамды апшытады тозақ қарып.
Бір күні аспанға ұш деп қинайды ғой,
Тұсына жауырынымның қанат тағып.

Мен сонда ұша алам ба,
ұша алам ба?..
Қара жер қуат бермес күш аларға.
Ей, дүние, менде қандай кегің бар ед,
Шідерлеп қол-аяқты тұсағанда?!

Оның туған топырағының да киесі керемет. Қазақтың үш бірдей арысының кіндік қаны тамған жер, ұлттық рухқа кенелген ел! Қазақ жырына Ақтоғайдан шығып, Алатауға алғаш сүрлеу салған Жеңіс Қашқынов ағамыз еді. Оның со­ңынан Дәуітәлі Стамбеков жарық жұлдыздай жарқырап көрінсе, мен де сол көкелерімізге ілесе шық­тым. Шатыршаның бауыры, Ақсораңның биігі, Беғазының жазығы жанымды тебірентіп, қанымды тулатқан еді, енді, міне, Серік пен Бағдат Мүбәрак келе жатыр. Олар болмай тізгінді қайдағы бір халтурщиктер ұстаса, оған да көнесің ғой. Тәубе дейін, ендеше!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button