Құрметті білім беру саласының қызметкерлері, қадірлі мұғалімдер!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Күн сайын сіздер жас ұрпақты тәрбиелеп, қажыр-қайраттарыңыз бен білімдеріңізді сарп етіп, еліміздің болашағын құру ісіне атсалысып келесіздер. Біздің әрқайсымыз үшін ұстаз ұғымы ерекше терең мәнге ие. Бұл сөз біздің ел азаматы ретінде қалыптасуымызға ықпал еткен ұстаздарымыз туралы жылы естеліктерге толы.
Ұстаз болу үнемі өзін-өзі дамыту мен шығармашылық ізденісті қажет ететін жауапты мамандық. Сіздердің еңбектеріңізде ұлт болашағының кілті жатыр. Қазақтың ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім – мектептің жаны» деп тегін айтпаса керек. Бұл сөзде үлкен мән бар. Себебі, шынайы ниетпен істеген жұмыстың берер нәтижесі мол болмақшы.
Құрметті ұстаздар, осынау мереке күні сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке және кәсіби өсу мен жаңа шығармашылық жетістіктерді тілейміз. Оқушыларыңыз жаңа білім биіктерін бағындыра берсін!
Мереке құтты болсын!
Е.БӨЛЕКПАЕВ,
Қарағанды облысының әкімі.
Н.КОБЖАНОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы.