Спорт

Құрлық чемпионатынан – қос алтын

Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында өткен ересектер арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл додада Қазақстан ұлттық құрамасы барлық салмақ дәрежелері бойынша сынға түсіп, ерлер құрамасы ел қоржынына төрт алтын, бір күміс және үш қола медаль салды. Ал, әйелдер құрамасы екі алтын, бір күміс және екі қола жүлдені жеңіп алды. Солардың қатарында, ел қоржынына қос алтын салған қарағандылықтар Сабыржан Аққалықов пен Дина Исламбекова да бар.

Сурет Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметінен

Айта кетейік, жерлесіміз Сабыржан Аққалықов 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Әрі екі дүркін Азия чемпионы. Шеберлігімен, техникасымен талайды таңғалдырған қарағандылық боксшы бұл жолы да мықтылығын дәлелдеді. Бұл жолы 75 келі салмақта ақтық сында өзбекстандық боксшы Жавохир Абдурахимовпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек басталған сәттен-ақ Сабыржанның техникалық дайындығы мен рингтегі сенімділігі айқын көрінді. Ол қарсыласына мүмкіндік бермей, барлық раундта басымдық танытып, нәтижесінде 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті.

Бұған дейін жерлесіміз жапон және моңғол боксшыларымен қолғап түйістірген. Әсіресе Жапония спортшысымен өткен алғашқы жекпе-жегі оңайға соқпады. Ал, жартылай финалда алаң иесі моңғол боксшысымен кездесіп, оны айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, жерлесіміз ақтық кезеңге жолдама алды.

– Әр турнирдің алғашқы күні маған қиынға соғады. Бұл жолы да алғашқы жекпе-жекте аздап қиналдым. Жергілікті ауа райы мен ортаға бейімделу үшін біраз уақыт қажет болды. Алайда, екінші кездесуімнен бастап өз бабымды таба бастадым. Нәтижесінде финалға дейін жеттім. Ал, шешуші белдесу айтарлықтай қиын болған жоқ. Жаттықтырушыларым нақты тапсырма берді. Мен сол жоспарды бұлжытпай орындадым. Соның арқасында қарсыласымды жеңіп, жеңіске қол жеткіздім, – деді чемпион.

Дина Исламбекова бұл чемпионатта аса ауыр салмақ дәрежесінде (+80 кг) өнер көрсетті. Айта кетейік, жерлесіміз – бұған дейін жастар арасындағы әлем чемпионатында және ересектер арасындағы ел біріншілігінде жүлдегер атанған тәжірибелі спортшы. Бұл жолы да ол жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ақтық кезеңге дейін жетті. Жарыстың алғашқы күнінде Дина өзбекстандық Олтиной Сотимбоеваға қарсы шаршы алаңға шыққан болатын. Бұл қарсыласымен бұрын да кездесіп, есе жіберген. Бойы ұзын, тактикалық тұрғыдан сауатты қарсыласымен өткен жекпе-жекте отандасымыз төрешілердің шешімімен басым түсіп, финалға жолдама алды.

Финалдық кездесуде Дина Исламбекова Үндістан өкілі Алфия Пазанға қарсы шаршы алаңға шықты. Жекпе-жек басталысымен-ақ қарағандылық боксшы өзінің басымдығын айқын аңғартты. Алғашқы раундта дәл әрі жойқын соққыларымен қарсыласын нокдаунға жіберіп, елеулі қарқынға ие болды. Кейінгі раундтарда да рингтегі үстемдігін жоғалтпай, кездесуді толық бақылауда ұстады. Техникалық шеберлігі мен тактикалық сауаттылығының арқасында ол қарсыласына мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен жеңісті жерлесімізге берді. Осылайша, жерлесіміз ұлттық құрама қоржынына кезекті алтын жүлдені салды.

Жалпыкомандалық есепте ұлттық құрама спортшылары алты алтын, екі күміс және бес қола жүлдемен көш басына шықты. Одан кейінгі сатыға бес алтын, үш күміс және сегіз қола жүлдемен Үндістан спортшылары табан тіреді. Ал, Өзбекстан құрамасы үш алтын, төрт күміс және төрт қоламен үздік үштікті түйіндеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button