Балқаш

Өркен жайған – «Өркен Media»

Жүйрік уақытпен жарысып, жаңалық таратқан көгілдір экранның қоғамда орны бөлек. Әр үйдің төрінде тұратын көксандықты көрмейтін адам кемдекем шығар. Интернет дамып, әлеуметтік желілердің дәуірі келді дегенімізбен елiмiз бен жаһан жаңалықтары болсын және басқа да көптеген қызық мәлiметтердi теледидардан тамашалайтындар қаншама. Теледидар қоғамда жаңалық атаулының жаршысы ғана емес, тәлімтәрбие беру құралына да айналып отыр. Қазіргі таңда Балқаш қаласында заманмен бірге толысып, дәуірмен бірге дамып келе жатқан «Өркен-Media» телеарнасы бар. 2008 жылы ашылып, 2009 жылдан бастап қазақ және орыс тілінде жаңалық таратқан телеарна бүгінде сан алуан тақырыптағы бағдарламаларымен балқаштықтарға таныс.


Қала жаңалықтарын, жерлестеріміздің жетістіктерін насихаттап келе жатқан «Өркен-Media» телеарнасына бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесіне орай арнайы бас сұқтық. Әдеттегідей жұмыс қызып жатыр. Мұнда былайғы жұрт біле бермейтін, бір ғана ақпараттың артында қаншама еңбектің көрінісін көруге болады. Әсіресе, шынайы ақпаратпен жедел қамтамасыз етуде жаңалықтар бөлімінің жұмысы айрықша. Ұжым жалынды жастармен толыққан. Жаңа құрамның сапынан, бұрыннан телеарнаның қазанында қайнап келе жатқан Бибігүл Шекен мен Александр Мясниковты ғана көзіміз шалды.
Алғаш телеарна ашылғанда журналистер – Екатерина Фишер, Гүлшат Байтөкешова, Ольга Сивоха, Жансая Мусина, Толқын Батталова, Виктория Буханцева және таспаға түсірушілер Руслан Сепен, Мұрат Болатбеков, Асхат Тоқбаев, Думан Қалыбаев шағын шаһардың тыныс-тіршілігін қалың жұртшылыққа жеткізген болатын.
Бүгінгі жас ұжымның да аяқ алысы жаман емес. Қалалықтар жаңалықтардың әр шығарылымын күтіп, бағдарламаларын көруге дағдыланған. Шығармашылық топ мүшелері уақыт талабына сай жоғары деңгейден көрінуге күш салуда. Олардың қатарында жаңалықтар бөлімінің жетекшісі Лаура Қосылбаева, тілшілер – Аруна Ғани, Рауан Ерболатқызы, Ксения Демидова, Аружан Қайнарқызы және видео операторлар Әлібек Сәдуақасов, Балабек Көбжанов бар. Айта кету керек, редакциядағы тілшіредакторлар, режиссер мен техниктердің, оператор мен монтаждаушы мамандардың жұмысының салмағы зор.
Телетаратылымның тақырыбы – сан алуан. Әріптестеріміз әр маусым сайын жаңа бағдарламалардың тұсауын кесіп келе жатқандығын айтады.
– Бүгінгі күнде бірнеше тележобаларды ұсынып отырмыз. «Жаңалықтар» және осының ішіндегі «Балқаштықтар», «Қоғам назары», «Народный репортер», «Балқаштың көрікті жерлері», «Новости», «Еске алу», «Құттықтау», «Сыңарым сен», «История любви», «Дін мен дәстүр», «Өнерлі өрендер», «Таланты» бағдарламалары, сондай-ақ, «Сен білесің бе?» балалар бағдарламасы көрерменге жол тартты. Жақын арада «Без галстука» бағдарламасын көрермендерімізге ұсынбақшымыз. Бұл – балқаштықтардың қатысуымен өтетін бағдарлама. Онда тартымды сюжеттер және шағын әңгімелер, ең қызықты оқиғаларды қамтып, сапалы етіп беруді ойластырудамыз. Елді елең еткізетін бағдарламаларымызды құрылтайшыларымыз қолдап, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің ел мүддесі жолында атқарып жатқан қызметі мен қарапайым еңбек адамдарының тұрмысын көрсетуге жол ашып отыр, – дейді «Өркен-Media» телеарнасының директоры Гүлмира Омарова.
Сонымен қатар, арнаның құрылтайшылары қаладағы ең танымал «Алтын-Арна» кабельді теледидарының желісіне бірнеше арнаны жіберіп, емханада қабылдауды күткен науқастардың көңілін көтеру үшін теледидарлар орнатып, салауатты өмір салты мен әлеуметтік бейнебаяндарды жарнамалап жатқандығын айтып өтті. Бұдан бөлек, «Астана» аллеясында орнатылған бейне-билборд тұрғындарға қызметін ұсынып отыр.
Айта кетейік, Балқаш өңірінің дидары болып, заман талабына сай іргесін нығайтып, өрісін кеңейткен «Өркен-Media» телеарнасы өркен жайып келеді. Студиясы соңғы үлгідегі құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Телеарнаның құрылғылары толықтай сандық форматқа көшірілген. Ел үшін көрсеткен қызметі, елеулі еңбектері еленіп, 2018 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері атанған. Күн сайын хабар таратып, қала аумағын толық қамтып отыр. Телеарна жұмысының ерекшелігі – атқарылған әрбір іс қашан да халық назарында. Қазір шығармашылық топ жаңа маусымға қызу дайындық үстінде. Біз өз кезегімізде шығармашылық ұжымның жұмысына сәттілік тіледік.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button