Жаңалықтар

ӨРКЕН ЖАЙҒАН «ҚАЗАҚМЫС

     Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы» ЖШС ұжымы «Қазақмыс» Корпорациясының Басқарма Төрағасы Бақтияр Қрықпышев мырзаға және корпорацияның ұжымына газеттің 85 жылдық мерейтойын өткеруге демеушілік көрсеткені үшін шексіз алғысын білдіреді.

    Осыдан 21 жыл бұрын Жезқазған өндірісінде қанатын жайып, шаңырағын тіктеген «Қазақмыс» корпорациясын Тәуелсіздігіміздің төл перзенті десе болады. Жас мемлекетіміздің алғашқы елең-алаң кезінде Елбасының шетелдік инвесторларды тартуының арқасында түсті металлургия өндірісі тығырықтан тынысы тарылмай шыққаны белгілі. Облысымыздың — 80, аймақ баспасөзінің қарашаңырағы «Орталықтың» 85 жылдығы тұсында ақиқатын айтсақ, ежелгі жолмен Жезқазғанның 1997 жылы Қарағандыға қосылуы көмірлі қаланың күрделі кезеңде шатқаяқтап қалуынан аман сақтап қалды. Бұл тұрғыда облыс экономикасының күретамыры саналатын «Қазақмыстың» орны ерекше.%d3%a9%d1%80%d0%ba%d0%b5%d0%bd-%d0%b6%d0%b0%d0%b9%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b%d0%bc%d1%8b%d1%81

Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Тәуелсіз елімізбен бірге түлеп, өркен жайған «Қазақмыс» бүгінде Қазақстандағы алдына жан салмайтын ең ірі мыс өндіруші болып табылса, әлемнің осы саладағы көшбасшы он компаниясының бірі. Алып компаниядан енші алып, жеке құрылымға айналған КАZ Minerals күні кеше іске қосылған Бозшакөл, Ақтоғай сынды кен өндірісіндегі жаңа жобаларды қарамағына алды. Ал, «Қазақмыс» негізінен Қарағанды облысындағы мыс өндірісі құрылымдарына басшылық жасауда. Қазірде оның қарамағында 10 кеніш, 5 кен-байыту фабрикасы, 2 мыс қорыту зауыты және 2 көмір разрезі бар. Өткен жылдың қорытындысында корпорация өздері өндірген кеннен 220,8 мың тонна катод мысын, 3323 кило құйма алтын алды. «Қазақмыс» сонымен қатар, әлемдегі ірі күміс өндіруші болып табылады. Өткен жылы 314,1 тонна тазартылған күміс өндірілді. Сондай-ақ, кәсіпорындары мен аймақтарды электр қуатымен қамтамасыз ететін ішкі электр станциялары бар. Өзіндік теміржол инфрақұрылымдарымен де қамтылған. Корпорацияда бұл күндері 45 мыңға жуық адам еңбек етеді.
«Қазақмыс» — жергілікті кадрлардың қанат қағар ұясы. Соның айғағындай, «Қазақмыс Холдинг» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эудард Огай, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Бақтияр Қрықпышев осы өндірісте өсіп, жетілген азаматтар. Айталық, бас директордан корпорация басқармасының директорына көтерілген Бақтияр Әбдірахманұлы 1995 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітірген соң еңбек жолын Шығыс Жезқазған кенішінде қатардағы кеншіліктен бастаған. Тау-кен шеберінен учаске бастығының орынбасары, бас инженер, шахта бастығы сияқты барлық жолдардан өткен. Қазақы қалыпқа бай өз ұланымыздың осындай алып компанияның басшысы болып отыруы үлкен мақтаныш, зор мерей. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халық даналығын көкейге тоқыған Бақтиярдың бір қасиеті тәкаппарлықтан ада, қашанда ұстамды, қарапайымдылығынан танбай қатардағы жұмысшы жағдайына жіті көңіл бөле біледі. Қауіпсіздік техникасын басты орынға қойып, адамдардың еңбек жағдайын жақсартуды қатаң қадағалайды. Артта қалғандарын алға ұмтылдырып, еңбек екпінділерін көтермелеу шараларынан да тартынған емес. Осы орайда кеншілер күнінде өзі арнайы келіп, шыңырауда шыңдалған еңбек өрендерін мерекемен құттықтап, құрмет-қошемет көрсетті. Өндірістегі озық бастамалардың өркен жаюына да ұдайы дем беріп жүреді. Жақында оның пәрмені бойынша бір кездегі мыңшылар қозғалысының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, марапаттар жасалды. Сонау жетпісінші жылдарда Жезқазған кеніштерінде бастау алған мыңшылар қозғалысы бүкіл елге танылған болатын. Сол екпінді еңбектің жаршылары бүгінде құрметті еңбек демалысында. Өткенді ұмытпай, үлкен басшы тарапынан елеп-ескергендеріне өндіріс ардагерлері де риза болып қалды. Корпорация еңбеккерлердің денсаулығын сақтауға қатысты мәселелерге де мән беріп, орайлы сәтте әлеуметтік салаларға қамқорлық жасаудан тартынбайды.
— Дағдарыстың созылып, мыс бағасының төмен болуына қарамастан корпорация кәсіпорындарында өндіріс қарқыны 2014-2015 жылдардағыдан төмендемейді. Биыл 221 мың тоннадан аса мыс өндіру межеленуде. Қандай күрделі жағдай болмасын, біз еңбеккерлерімізді жұмыссыз қалдырмаймыз. Өткен жылы жұмысы тоқтатылған Жыланды және Абыз кеніштерін қайта іске қостық. Уақытша демалыста болған адамдар өз жұмысына оралды. Еңбек жағдайының қауіпсіздігі мен аймақтағы әлеуметтік тұрақтылық басты міндеттердің бірі саналады, — дейді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқармасының төрағасы Бақтияр Қрықпышев.
Қала құраушы кәсіпорын ретінде «Қазақмыс» Жезқазған мен Сәтбаев, Балқаш өңірі тұрғындарының алаңсыз өмір сүруі үшін ауқымды жобалармен айналысуда. Үкіметтің Жезқазған-Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарында 88 шара белгіленіп, оны атқарып шығу үшін 351,5 млрд.теңге қарастырылса, осы қаржының 160 млрд.теңгесі «Қазақмыстың» есебінен болып отыр. Компания өңірдегі өндірістің ғұмырын 40 жылға ұзарту үшін айтарлықтай инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үстінде.  Құрамы кедей кенді өңдеуге арналған гидрометаллургиялық өңдеу учаскесі тәжірибеден ойдағыдай өтіп, жаңа технологиямен жұмыс жасайтын шағын зауыт салынбақшы. Кен қорын еселеу мақсатында биылдың өзінде екі жаңа кен орны іске қосылады. Геологиялық барлау жұмыстары да жалғасуда. Өркен жайған компанияның құлашы кең, болашағы жарқын.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button