Өрісі кеңейген өнеркәсіп
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында өңірлерді дамытуға, экономиканы әртараптандыруға және инвестиция тартуға ерекше мән беріледі. Қарағанды облысы ауқымды өнеркәсіптік әлеуетке ие өңір ретінде бұл міндеттерді белсенді жүзеге асырып, тұрақты экономикалық өсімге және жаңа жұмыс орындарын құруға ұмтылуда. «Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет. Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген. Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды, – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Сан мен стратегия
Бұл сөз Қарағанды облысы сияқты өңірлердің өнеркәсіпті жаңғырту және экономиканы әртараптандыру үдерісіне белсенді қатысуының стратегиялық маңыздылығын көрсетеді. Ауқымды өнеркәсіптік әлеуетке ие орталық облыс аталған міндеттерді тиянақты түрде орындап, тұрақты экономикалық даму мен жаңа жұмыс орындарын құру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізуде.
Мәселен, былтыр қазыналы аймаққа негізгі капиталға рекордтық көлемде – 1,4 триллион теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде, инвестиция көлемі 854,3 миллиард теңгені құрады. Инвестициялардың негізгі бөлігі келесі салаларға бағытталды. Тау-кен металлургия өнеркәсібі. Катодты мыс пен ферросилиций өндіретін зауыттарды қоса алғанда, үш ірі жоба іске асырылды. Бұл болат, шойын және прокат өнімдерінің өндіріс көлемін 11–21%-ға арттыруға ықпал етті. Машина жасау және құрылыс индустриясы.
Полиэтилен құбырлары мен болаттан жасалған су жылытуға арналған газ қазандары зауыттары сияқты жаңа кәсіпорындар ашылды. Сонымен қатар, жалпы сомасы 200 миллиард теңгеден асатын сегіз жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар қосымша 2,6 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Атқарылған жобалар нәтижесінде шамамен 2 000 жаңа жұмыс орны ашылды. Яғни, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етуде. Осылайша, кенішті Қарағанды инвестиция көлемінің айтарлықтай өсуін және экономиканың негізгі салаларының белсенді дамуын көзайым етіп, көрсетіп отыр. Нәтиже Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында айқындалған стратегиялық мақсаттарға толық сәйкес келеді. Инвестициялық үдерісте жекеменшік сектор жетекші рөл атқаруын жалғастыруда. Тартылған қаражаттың 86%-ын жеке инвестициялар құрайды. 2024 жылы инвестиция көлемі 910 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды, оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне – қара және түсті металлургия, машина жасау және құрылыс индустриясына басымдық берілді.
Президент Жолдауларында қойылған міндеттерге жауап ретінде өндірісті өңір инфрақұрылымды белсенді дамытып, инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар жасауда. Индустриялық аймақтарды құру және дамытуға қайрылар болсақ, негізгі қадамдардың бірі – «Сарыарқа» арнаулы экономикалық аумағы және Саран қаласындағы индустриялық аймақ сияқты өндірістік алаңдарды дамыту болды. Былтыр «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында катодты мыс пен ферросилиций өндіретін зауыттарды қоса алғанда, 13 инвестициялық жоба іске асырылды. Жоталы жобалар аясында 720 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ал, өндірістің жылдық көлемі 600 мың тоннаны құрайды. Саран қаласындағы индустриялық аймақ та оң нәтижелер көрсетуде. Қазіргі уақытта бұл жерде 3 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, тағы 4 жоба іске қосылуға даярлану үстінде. Аймақты одан әрі кеңейту үшін 270 гектардан астам бос алаң бар, алайда, электр қуатының тапшылығы байқалады. Келелі мәселе қолданыстағы қуат көздерін жаңғыртуды талап етеді.
– Инвестиция көлемінің 60%-ға артуы – облыс деңгейінде жүргізіліп жатқан сауатты саясаттың, сонымен қатар, бизнес сенімінің айқын көрсеткіші. Бүгінде орталық облыс – индустриялық жобаларды, әсіресе, өңдеу және машина жасау саласындағы жобаларды орналастыруға жоғары дайындық деңгейі бар өңір, – деп пікір білдірді консалтингтік компаниясының басқарушысы Әлия Серікова.
Сапалы инфрақұрылым – сенімді инвестицияның кілті
Инфрақұрылымдық жобалар және инвесторларды қолдауға келер болсақ, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және су жаңа инвестицияларды тарту мақсатында кенішті өлкеде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы облыста жылу желілерін салу және жаңғырту бойынша 17 жоба іске асырылып, бұл 500-ден астам тұрғын үй мен 50 әлеуметтік нысанның жылумен қамтылу сенімділігін арттырды. Сонымен қатар, Қарағанды және Теміртау қалаларында 5,5 мыңнан астам үй газбен жылыту жүйесіне қосылды. Жеке сектор тұрғындары үшін газға қосылуға арналған пайызсыз қарыз беру бағдарламасы әзірленді. Тасымал инфрақұрылымын дамыту да белсенді жүргізілуде. «Қарағанды-Балқаш-Алматы» автомобиль жолының құрылысы аяқталуға жақын. Яғни, елдің негізгі өнеркәсіптік орталықтарына тікелей қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұған қоса, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «Сұрыптау» стансасынан «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына дейін жаңа теміржол желісін салу көзделуде. Жойдалы жоба логистиканы жақсартып, өнімді жөнелту үдерісін жылдамдатуға соны мүмкіндік береді.
Негізгі инвестициялық жобалар. Қарағанды облысында жалпы құны 1,4 триллион теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш көлемі 60%-ға артық. Аталған жобалар тау-кен металлургиясы, машина жасау, құрылыс және ауыл шаруашылығы сияқты әртүрлі салаларды қамтиды. Тау-кен металлургия саласында ферросилиций өндіретін зауытты тілге тиек етіп өтелік. Заманауи зауыт Қарағанды қаласындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында лайықты орында. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 600 мың тоннаны құрайды, ал, жаңа жұмыс орындарының саны – 720. Зауыт заманауи технологияларды, соның ішінде автоматтандырылған электр пештерін қолданады. Өнім экспортқа шығарылып, өңірдің халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуға ықпал етеді. Катодты мыс өндіру. Өндіріс ошағы Қарағанды қаласында іске қосылып, өңірдің түсті металдарды өңдеу саласындағы әлеуетін арттыруға және өнімнің қосылған құнын көбейтуге септігін тигізеді.
Машина жасау және құрылыс саласыда тұрмыстық техника мен автокөлік шиналарын өндіретін зауыттарға мән беріп өтеміз. Кәсіпорындар 1900-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған өндірістер жергілікті өнеркәсіптің дамуына және импортқа тәуелділіктің төмендеуіне сөзсіз септігін тигізеді. «Саран» индустриялық аймағы өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту мақсатында дамытылып жатыр. Оның аумағында қазіргі таңда 3 кәсіпорын жұмыс істейді, ал тағы 4 жоба іске қосылуға дайындалуда. Болашақта аймақты кеңейту үшін 270 гектардан астам бос жер телімі бар. Алайда, электр қуатының тапшылығы байқалып, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуды қажет ететіндей. Ауыл шаруашылығында кең көлемде қымыз өндіру жобасы Ақтоғай ауданында іске қосылды. Өндірістік қуаты тәулігіне 1200 литрді құрайды. Қызғылықты жоба жергілікті мал шаруашылығын дамытуға және дәстүрлі өнімдерге деген сұранысты қанағаттандыруға игі ықпал етеді. Нұра ауданында ұн өндіру өндірісі жаңғыртылып, өнім сапасын арттыруға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға серпін берді.
Мәселелер мен кедергілер де жоқ емес. Инвестициялық жобалардың белсенді жүзеге асырылуы мен мемлекеттік қолдауға қарамастан, Қарағанды облысы инвестициялық әлеуетті одан әрі дамытуға кедергі келтіретін бірқатар жүйелі түйткілдермен бетпе-бет келіп отыр. Энергетикалық инфрақұрылымда негізгі шектеулердің бірі – электр қуатының тапшылығы, әсіресе, индустриялық өсімі жоғары аймақтарда, мысалы, Саран индустриялық аймағында анық қылаңытады. Қақпақыл үр жаңа, әрі энергияны көп қажет ететін өндірістерді іске қосуға кедергі келтіріп, электр желілерін жаңғыртуды әрмен қарай кеңейтуді де талап етеді. Аталған мәселені жергілікті билік тамыршыдай тап басып, шара қолданады. Мәселен, 2024 жылы жаңа қосалқы стансалар мен электр желілерін салу мәселелері бойынша инвесторлармен және ұлттық операторлармен келіссөздер басталды.
Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер шекарасында
Білікті кадрлардың жетіспеушілігі әрдайым өзекті мәселе. Көптеген кәсіпорындар инженерлік және техникалық мамандардың тапшылығын сезінуде. Жағдай мықты кадрлардың мегаполистерге және шетелге кетуімен, сондай-ақ, кәсіби білім беру жүйелерінің қазіргі еңбек нарығының талаптарына әрдайым сай болмауымен тікелей байланысты. Мемлекет жоғары оқу орындары мен колледждермен әріптестікті дамытып жатыр, бірақ, бұл үдеріс жүйелілікті және уақытты қажет етеді. Бюрократиялық кедергілер мен ұзақ келісімдер. Цифрландыруға қарамастан, инвесторлар әлі де реттеуші талаптардың шамадан тыс болуына тап болуда. Әсіресе, жер қатынастары, инженерлік желілерге қосылу және құрылысқа рұқсат алу мәселелерінде анық аңдалады. Бұл өңірдің жылдам жүзеге асырылатын бизнес пен стартаптар үшін тартымдылығын төмендетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікке әкімшілік кедергілерді азайту қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Логистикалық шектеулер де жоқ емес. Өңірдің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуына қарамастан, кейбір жолдар мен теміржол инфрақұрылымы жөндеуді қажет етеді. Жоғары жылдамдықтағы жүк маршруттарының жоқтығы өнімді экспорттау және оны ел ішіндегі немесе шетелдегі тұтынушыларға жедел жеткізу мүмкіндіктерін шектейді. «Қарағанды-Алматы» автожолын қайта жаңарту және «Сарыарқа» АЭА-ға дейін жаңа теміржол желісін салу сияқты жобалар осы мәселені шешуге бағытталған, алайда бұл жобалар айтарлықтай инвестиция мен уақытты талап етеді.
– Қарағанды облысы шикізаттық экспорттан индустриялық өндіріске көшу жолын нақты көрсетіп отыр. Катодты мыс пен ферросилиций өндіретін зауыттардың іске қосылуы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жиі айтып жүрген қосылған құнға бет бұрудың айғағы, – деп ескереді экономист Тимур Ахметов.
Қарағанды облысының даму басымдықтарына қайтып оралсақ, аймақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында белгіленген нақты тапсырмалар аясында орнықты өсудің жоғары әлеуетіне ие. Өңір біртіндеп шикізаттық үлгіден индустрияландыруға, инновацияларға және инвестициялар тартуға негізделген әртараптандырылған экономикаға көшіп келеді. Экономиканы әртараптандыру және «жасыл» модельге көшуде алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібін дамытуға, әсіресе қосылған құны жоғары металлургияға, машина жасауға және құрылыс материалдары өндірісіне басымдық беріледі. Сонымен қатар, экологиялық таза өндірістер мен «жасыл» технологияларды енгізу – көміртегі шығарындыларын азайту бағдарламасына сәйкес – басты міндеттердің бірі болып отыр. Өңірде күн және жел электр станцияларын салу, сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған ЖЭО-ларды жаңғырту жобалары әзірленуде.
Адам капиталының дамуы тұрғысында білікті кадрлардың тапшылығын ескере отырып, кәсіби-техникалық білімге ерекше көңіл бөлінеді. Қарағандыда зауыттардың жанынан дуалды оқыту жүйесі бойынша оқу орталықтары ашылуда, колледждер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Сонымен қатар, басқа өңірлерден жас мамандарды тарту және шетелге кеткен кадрларды қайтару мәселесі қарастырылуда. Логистикалық инфрақұрылымды нығайту. Автомобиль және теміржол желісін жетілдіру жобаларын жүзеге асыру жалғасуда. «Қарағанды-Алматы» автожолының қайта жаңартылуы, өнеркәсіптік нысандарға баратын жолдардың жақсартылуы. Қазақстанның орталығын Қытаймен және ЕАЭО елдерімен байланыстыратын ірі логистикалық хаб құру мүмкіндігі қарастырылуда. Экспорттық әлеуетті кеңейту мақсатында өңірлік кәсіпорындар Орталық Азия, Ресей және Қытай нарықтарына белсенді шығуда. Басым бағыттар қатарында – өнімді сертификаттау мен брендтеуді дамыту, экспорттық альянстар құру және мемлекет тарапынан «KazakhExport», QazTrade сияқты құрылымдар арқылы қолдау тетіктерін кеңейту көзделді.
Қарағанды облысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында көрсетілген стратегиялық реформалар руһында тұрақты экономикалық өсімді және өзгерістерге ұмтылысты айқын көрсетіп отыр. Өңір индустриялық жобаларды сәтті іске асыруда, өндірістік инфрақұрылымды кеңейтуде және ішкі әрі сыртқы инвестицияларды белсенді тартуда. Алайда, энергия қуатының тапшылығы, кадрлық дефицит және жекелеген бюрократиялық кедергілер сияқты сын-қатерлер сақталуда. Бұл проблемаларды шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өз кезегінде жеткен жетістіктер басқару тәсілдерінің жетілгендігін және өзгерістерге саяси ерік-жігердің бар екенін көрсетеді. Қарағанды облысының әлеуеті зор: географиялық орналасуының тиімділігі, бай ресурстық қоры, өнеркәсіптік тәжірибесі және инвесторлар тарапынан артып келе жатқан қызығушылық – өңірдің елдің маңызды экономикалық орталықтарының бірі ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға тың мүмкіндік ұсынады. Келесі маңызды қадам – инновацияларға, «жасыл» экономикаға және жоғары технологиялық өнім экспортын арттыруға назарды күшейту. Байсалды басымдықтар стратегиялық құжаттарда нақты белгіленген және өңірдің орнықты болашағының негізі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»