Басты тақырып

Әріптестіктің жаңа белесі

   Инвесторлар мен кәсіпкерлер арасындағы сенімді серіктестікті нығайту және іскерлік байланысты одан әрі жандандыру мақсатында «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясында енді CRM-жүйесі жұмыс жасайтын болады. Яғни, бір жүйеге біріктірілген ақпаратқа қолжетімділік арқылы кез келген инвестор, болмаса кәсіпкер жылдам нәтижеге қол жеткізіп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік алады. Бұл жүйеге өңірлер де қосылуға мүдделі. Себебі, облысымыздағы инвестициялық жобалардың тартымдылығын арттырып, оларды жүзеге асыруда Елбасының тапсырмасымен құрылған аталмыш компанияның ықпалы үлкен. 

Бұл туралы облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ерлан Қошановтың басшылығымен өткен инвестиция тарту және өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында мәлім болды. Кеңес жұмысына қатысқан «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Ж.Нұрланов компания жұмысы туралы мағлұмат беріп,  CRM-жүйесіне тоқталды. Жандос Нұрланұлының айтуынша, осы жүйенің арқасында жылдам нәтижеге қол жеткізіп, болашаққа бағдар жасауға, келісімдерді оңай жүргізуге мүмкіндік тумақ.

Инвесторларға жағымды жағдай жасау  еліміздің инвестициялық саясатының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Аталған бағыт бойынша үкіметтік және жергілікті деңгейлерде үлкен жұмыстар атқарылуда. Еліміздің өңірлерінде іс-әрекетін жүзеге асыруды жоспарлаған инвесторларға қолдау көрсету және ықпал етуді мақсат еткен «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының Қазақстанның барлық облыстарында өңірлік өкілдіктері ашылған. Аталған институт атқарушы билік пен бизнес-құрылым арасындағы негізгі жол көрсетуші екенін назарға ала отырып, «бізге компаниямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау керек», – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Инвесторларға қолдау көрсету бойынша жаңа тәсілдер туралы облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров мағлұмат берді. Яғни, Қарағанды облысында инвесторлармен өзара қарым-қатынастың жаңа регламенті әзірленген. А.Айдаров ұсынған механизм инвесторларға пайда әкелуі тиіс деп атап көрсеткен облыс басшысы, бұл процесті қала және аудан әкімдіктерімен нақты ретке келтіріп, инвесторларға қолдау көрсету бойынша сәйкес жұмыстарды құру қажет деп тапсырма берді. А.Айдаровтың айтуынша, облыста шамамен 70 инвестициялық жоба бар.

Сонымен қатар, кеңес барысында «Глобал Лайм Индастриз» компаниясының бас директоры Жұмабек Жанықұловтың баяндамасы тыңдалды. Аталмыш компания Қаражал қаласында америкалық «Халибертн» компаниясының техникалық қолдауымен «Қаражал Оперейтинг» ЖШС барит кенін қайта өңдеу жобасын табысты жүзеге асырған. Қазір бельгиялық трансұлттық компаниясымен бірлесе отырып, «Жоғары сапалы әктас өндіру бойынша зауыт құрылысының» қызықты жобасын жүзеге асыруға кірісіп отыр.

Ресей және Украинадан импорттаушылармен бәсекеге түсу үшін жоғары технологияларды пайдалануды жоспарлап отырған «Қарағанды кәмпиттері кондитер фабрикасының модернизациясы» жобасы туралы да компания құрылтайшысы Орысхан Қарсыбеков мағлұмат берді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button