Вакцинация

Ревакцинация қорғанышты күшейтеді

Қазақстанда ревакцинация 22 қарашада басталатын болды. Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙДЫҢ айтуынша, ревакцинация екі кезеңмен жүргізілмек.

Ақпанда вакцинация басталғанда алдымен тәуекел тобына жататын адамдар егілді. Ревакцинацияны да сол топтағылар бірінші алады. Себебі, олардың ревакцинация жасайтын уақыты келді. Денсаулық сақтау министрлігі мұның алдында мәлімдегендей, «Спутник V» вакцинасын алғандар үшін ревакцина 9 айдан кейін, ал, инактивтендірілген вакцина алғандар үшін белгіленген мерзім – 6 ай.

Бірінші кезекте тәуекел тобына жататын адамдар екпе алғандығын ескерсек, осы жылдың соңына дейін халықтың сол тобы ревакцинациядан өтеді. Олар – медицина қызметкерлері, педагогтер, медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен контингенті, балалардың жабық мекемелерінің, күштік құрылым қызметкерлері, – деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, сәуірдегі жаппай вакцинация кезінде екпенің толық курсын алғандар келер жылдың қаңтарынан ревакцинацияға барады.

Осыған байланысты екінші кезеңде вакцинаның толық курсын алып, онысына 6-9 ай өткен барлық азаматтарға ревакцинация жасалады, – деді А.Цой.

Бұл ретте ведомство басшысы 60 жастан асқандар және сараптама нәтижесінде коронавирусқа қарсы антиденелері анықталмағандар ревакинациядан бірінші кезеңде өте алатынын жеткізді. Қарағандыдағы №8 емхананың дәрігерлері ревакцинацияға дайын. Емхананың отбасылық денсаулық орталығы меңгерушісі Светлана Шараева ревакцинацияның мәнін тағы бір түсіндірді.

Ревакцинация – иммунитетке көмектесудің әдісі. Оған коронавирусты есіне түсіріп, белсенді жұмыс жасауға көмектеседі. Ревакцинация бір компонетпен жасалады. Егер, вакцинаны «Спутник V-мен» алсаңыз, ревакцинацияны инактивтендірілген вакцина түрімен жасау ұсынылады. Яғни, QazVac немесе Vero-Cell алған дұрыс. Керісінше, инактивтендірілген вакцина алған болсаңыз, ревакцинацияға «Спутник V» салынады. Бұл препараттар қазір бізде бар. Соларды саламыз. Қарсы көрсетілімдерге келсек, ол бұрынғыдай. Асқынған аурулардың болмауы. КВИ-мен ауырғаннан кейін 3 айдан соң ревакцинация жасалады. Негізі, ревакцинация – ерікті шара, дегенмен, біз оны жасатуды ұсынамыз, – дейді С.Шараева.

Дәрігердің айтуынша, ауырып жазылғанына 3 ай өткен адамдар антиденелер жоғары болса да, ревакцинация жасатқаны дұрыс.

Екпе салу қажет немесе қажет емес деп айтқан кезде біз антиденелердің деңгейіне ғана сүйенбейміз. Иммунитет антиденелерден ғана тұрмайды. Онда басқа жасушалар да, көрсеткіштер де көп. Сондықтан, ауырып, жазылған болсаңыз, 3 ай мерзімі өтсе, ревакцинация жасату керек, – деді Светлана Шараева.

Сонымен қатар, маман вакциналардың қорғаныш мерзіміне қатысты да түсініктеме берді. Оның айтуынша, ол вирустың өзгергіштігіне байланысты. – Расымен де, әуеліде «Спутник V» 2 жылға дейін әсер етеді деді. Уақыт өте келе жаңа зерттеулер жасалып, мерзімі өзгерді. Себебі, коронавирус өзгеріп, штамдары көбейіп жатыр. Мәселен, қызылша, паротит сияқты ауруларға қарсы вакцинаны кішкентай кезде алсаңыз, өміріңізге жетеді. Өйткені, олар вакцинаға көнеді, өзгермейді. Коронавирус басқаша болып тұр. Ревакцинация ағзаны сол жаңа штамдарға дайындау үшін де жасалады, – деп түсіндірді ол.

Ревакцинацияны алғашқы кезеңде белгілі бір топ өкілдері алатын болғандықтан, ұзын-сонар кезек болмайды деп есептейді дәрігер.

Емхана қызметкерлері ревакцинацияға дайын, тізім жасалып жатыр. Аламын деушілерді вакцинация орталығына жібереміз. Біздің емхана вакцинация пункті емес, тек, есепте тұрған адамдарға, өздігінен бара алмайтын қарттарға ғана қажет вакцина көлемін өлшеп аламыз, – деді Светлана Шараева.

Жансая ОМАРБЕК. 

Басқа материалдар

Back to top button