Өресі биік тұлға
Соңғы кездескенімізден кейін де біршама уақыт өткен екен. Қайыржан Кәрімұлының бет-бейнесінде бірқатар өзгеріс барын аңғардым. Тіпті, сиреген шашы түгел ағарып, өмірдің жазы кетіп, күзі дендеп енгенінің белгісіндей. Бірақ сол баяғы көңілмен шүйіркелесе әңгімелесіп отырмыз. Әңгіме негізінен ел жайы. Келмеске кетіп бара жатқан ауыл тұрмысы тілге тиек болғанда, Шет ауданының Жарылғап батыр ауылында өткерген балдай балалық шағын қимастықпен еске алды. Аядай ауылдың ұядай мектебінде сол кездегі ұстаздары өзі айтқандай «сабақты жүректерінен өткізіп жеткізеді» екен. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, шәкірт тарапынан Есімхан Әпенов, Иісжан Шахина, Зина Нұрбекова, Әділ Сүлейменов, Рая Асқарова, Сәбира Мақажанова, Орынтай Болпанова, Рыскүл Төлтаева іспетті ұстаздар еңбегіне берілген ең жоғары баға емес пе бұл! Есейе келе, Нұраталды орта мектебінде де Нәскен Тасырбаев, Орал Мұқаева, Жәмел Ахметұлы, Оспан Нәукенов, Венера Отыншина, Нәсима Таупықова, Мұқаметжан Сүлейменов сынды ұстаздардан дәріс алғандығын соншалық қанағаттанғандық сезіммен әңгімелейді.

Әкесі Кәрім Тілеубергенов туралы да мейірлене, сағынышпен сөз етеді. Өмірден тым ерте кеткен әкесіне арнап жазған «Саңлақ» атты кітабында да, ғұмырбаяндық «Өмір тағылымдары» атты кітабында да әкеге деген сезім есіліп-төгіліп-ақ тұр. Ол кісі партия-кеңес органдарында ұзақ жылдар қызмет жасаған, өмірінің соңында, 1968-1979 жылдары «Нұраталды» кеңшарының партком хатшысы, Шет аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған. Партия органдарындағы жемісті еңбегі, ауыл шаруашылығы кадрларын дайындауда үздік мектеп қалыптастырып, кеңшар экономикасын дамытудағы жеткен табыстары үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанқияр-лық еңбегі үшін», т.б. мемлекеттік медальдарымен марапатталған. Аудандағы осындай үздік партия ұйымында тәрбиеленген ауыл шаруашылығы кадрлары сол кездегі Жезқазған облысындағы көптеген кеңшарлардың директорлары
ретінде, көптеген азаматтар партком хатшылары, облыстық салалық басқармалардың, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары болып жемісті еңбек етіп, кеңестік экономика- ны өрге сүйреп, нұраталдылық өндіріс мектебінің жетістіктерін бүкіл республикаға паш етті.
Осындай әкеге еліктеген, оның жолын қууды мақсат тұтқан Қайыржан да ізденгіш, білімге, ғылымға деген сүйіспеншілігі жастайынан белгілі болған, Нұраталды орта мектебін 1972 жылы тәмамдаған және бірден еңбекке араласып, сол жылы шығымы мол болған астық жинаушылар қатарынан табылып, комбайншының көмекшісі ретінде «Нұраталды» совхозының «миллионер шаруашылық» атануына септігін тигізіп, науқан аяқталған соң кеңшардағы машина-трактор шеберханасында токарь болып жұмыс жасады.
1974 жылы армия қатарына шақырылып, міндетін өтеп келген жас 1976 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінің студенті атанады. Аталмыш оқу орнын аяқтағанжас маманды Қарағанды облысының Ақадыр ауданындағы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектепке тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі ретінде жолдамамен жібереді. Осы мектепте қызмет етіп жүрген кезінде Шет аудандық комсомол комитеті жұмысқа шақырады да, бүкіл саналы өмірі бойына созылған партиялық, әкімшілік аясындағы қызметі басталып кетеді. 1988 жылы аудандағы үлкен шаруашылықтың бірі «Просторный» асыл тұқымды мал шаруашылығына партком хатшысы болып сайланады. Бұл қызметінде партия таратылғанға дейін істеп, 1991 жылдың қыркүйегінен 1992 жылдың наурызына дейін сол шаруашылықта екінші мамандығы бойынша бөлімше зоотехнигі болып қызмет жасады.
Ұдайы ізденісте жүретін Қайыржан Кәрімұлы бұл мамандықтарға қосымша Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетін де тәмамдаған.
1991 жылдан зейнеткерлікке дейін жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі аясында еңбек етті. Шет аудандық әкімдігінде әр жылдары бөлім басшысы, аудан әкімінің орынбасары болып жемісті еңбек еткен Қайыржан Кәрімұлы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруде сергектік танытып, 1996-1998 жылдардағы экономикалық қиындықтар кезіндегі зей- нетақы, балалар жәрдемақысын төлеудегі қиыншылықтарды шешуде халықпен араласа отырып, қолында бар мүмкіндіктерді сарқа пайдаланды.
2008 жылдың шілдесінде облыс әкімінің шешімімен Шет ауданына әкім болып тағайындалды. Ауданның жағдайын жақсы білетін Қайыржан Кәрімұлы өңірдің экономикасын нығайтуға, жергілікті кадрларды дайындауға, ауылдарды, елдімекендерді көркейтуге күш салды. Аудан орталығы болғанына ғасырға таянса да, сол баяғы қазақи ауылдық кейпінен шыға қоймаған Ақсу-Аюлыда бұрын болмаған стадионды пайдалануға беріп, аудан спортшылары бірнеше мәрте облыстық спартакиада өткізу мүмкіндігіне ие болды. Орталық көшелердегі тау болып үйілген талай заманғы қоқысты тазалатты, ауданмен жасты ескі тамдардың орнына қазіргі заманғы үйлер салынды. Тозығы жеткен екі қабатты үйлердің шатырларын жаңалады, көптеген үйлерге су тартылып, тұрмысқа қолайлы жағдай туғызылды. Бұл аудан орталығының әрі қарай көріктендірілуіне бастама болды. Аудан ұланғайыр территорияны алып жатыр, сонда орналасқан 25 ауылдық округтың әрбір елдімекеніне назар аударылды. Шөлейт далада орналасқан Мойынтыда станция ғимаратынан басқа бас қосатын жер болмайтын, бұрынғы поселкелік кеңестің иесіз қалған ғимаратын кенттік Мәдениет үйі етіп, кішкене жерді паналаған аурухананы да жаңа ғимаратқа кіргізді. Киікті елдімекенінде көп жылдар пайдаланудан қалған клуб үйін бір жазда жөндетіп, қазір халық игілігін көруде. Ақадырда аудан ауысарда талан-таражға түскен кинотеатрды, мектеп ғимараттарын, балабақшаны толық жөндеуден өткізді, кенттің шағын ауданындағы терезелері үңірейіп тұрғанына ондаған жылдар болған көпқабатты үйлерін іске қосты, көшелерінде бұрын болмаған абаттандыру шаралары жүзеге асырылып, темір жол стансасының алдындағы саябақ адам көрсе сүйсінетіндей жағдайға жеткізілді. Кентке кіре берісте саябақ орын тепті. Осының бәрі ауданның мүмкіндіктері арқылы жүзеге асырылды. Ақадыр, Ақшатау, Босаға, Ақшоқы, Нұраталды, Красная поляна, Өспен, Жарық, Бұрма, Көктіңкөлі, Айса, т.б. елдімекендердің су құбырлары тартылып пайда- лануға берілді. Жарық кентіндегі темір жолдың арғы жағындағы екі жарым шақырым жол асфальтталып, пайдалануға берілді, сөйтіп сол жылы аудандық бюджеттің қаржысына жаңадан салынған балабақшаға қиналмай жету мүмкіндігі туғызылды. Ал, 17 жыл бойы электр жарығының не екенін ұмытып та қалған, тоңазытқышты шкаф ретінде пайдалануға көшкен «Деріпсал» елдімекеніне электр желісін бір жазда тартып беріп, екі күннің бірінде телевизорлары істемей қалатын аудан орталығын дағы Аюлы тауының төбесіндегі телевизия ретрансляторына қиындыққа қарамастан тұрақты электр жүйесін жеткізіп, тұрғындардың алғысын алды. Қарабұлақ ауылының «Аяқши», «Орташи», «Басши» қыстақтарындағы бір топ фермерлерге электр қуатын жеткізіп берудегі ақыры табыспен аяқталған бірнеше жылдық ізденіс те сол жылдардың табысты істері санатынан. Әбдіраман Еділбаев, Владимир Югай сияқты отандық инвесторлармен күш қоса отырып, осы жылдары ауданның экономикалық әлеуетін жаңа биікке көтерген «Бапы» кен орнының ашылуына қол жеткізді, кәсіпорын қазіргі күнге дейін жұмысын сәтті жалғастыруда.
Ақтоғай ауданына қызметке ауысар алдында аудан орталығында тұрғын үй тапшылығын ескере отырып, екі қабатты үйдің жобасын дайын етті, бұрынғы аупартком мен атқару комитетінің ескі ғимаратының орнындағы таудай үйіндінің көзін жойып, сол жерге екі қабатты жаңа балабақша үйін салғызып, тапсырып кетті. Бұлардың барлығы аудандық бюджет есебінен шешілді.
Негізінен Қайрекең ұстазға жарыған адам. Әкесімен қызметтес болған, бұл кезде зейнеттегі ел ағалары Мәлік Имашевтің, Кәмәли Дүйсенбековтің ақылдарына зейін қойып, мәслихаттас болып, келелі әңгімелерін тыңдап, баталарын алған екен. Қызмет бабында ағалық-ұстаздықтарын көрген аудан басшылары Мейрам Абақановтың, Қасымбек Медиевтің, Сағымбай Медеубаевтың, Кәкімжан Сарха-
новтың жақсылықтарын ұмытпақ емес. Қатарлас қызмет жасаса да жас алшақтықтары бар өнегелі ағалары Марс Төлеуқұловтан, Марат Түсіповтен, Жанат Жұқановтан, Есенбай Қасымовтан үйренгендері
көп. Оны өзі ұдайы айтып отырады. «Жақсының жақсылығын айт» демей ме халқымыз!
2012 жылдың соңына дейін Ақтоғай ауданында әкім болып қызмет жасады. Бүкіл жұмысқа жаңаша леп, жаппай жинақылық пен тәртіп ала келді. Аудан орталығының бас жоспары дайындалды. Қысқа ғана мерзім ішінде ауданда бұрындары болмаған республикалық «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы Сарытерек пен Қызыларай ауылдық округтерін ауыз сумен қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Аудандық спорттық-сауықтыру кешенінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, құрылыс жұмыстары келесі жылдың үлесіне қалдырылды. Маңдайшасы қисайып, тозып кеткен аудандық әкімдік ғимараты жаңғыртылды. Қарағанды жақтан кіре берістегі өте кейіпсіз жағдайдағы қос қабатты үйлерді шатырлауға, ардагерлер үйін жаңалауға, жолаушылар таң атпай дірдектеп автобусты далада тосады екен, иесіз тұрған ғимаратты автокөлік стансасы ретінде ыңғайға келтіру шаралары демеушілер арқылы жүзеге асырылды. Орталықты тарылтып тұрған алаңды кеңіту, Мәдениет үйінің сырты мен төбесін жаңалау, ескірген сахна атрибуттарын ауы- стыру мен көркемөнерпаздарға жаңа киім тіктірту, барлық мек- тептерді жөндеуден өткізу, Сары- шаған кентіндегі бір қазандықты жылыту жүйесімен қоса жөндеу, Сарышаған мен Шашубай кенттерінде бір-бір көшеден жаңғырту, тіпті, «Ақтоғай-Қарағанды» тасжолында 10 шақырымнан астам учаскені орташа жөндеу- ден өткізуді аудан қаражатымен жүзеге асырса, облыстық бюджет есебінен «Ақтоғай-Балқаш» тасжолының үлкен учаскесінің күрделі жөнделуі сияқты толып жатқан жұмыс атқарылды. Бір айтарлығы – Тілеубергеновтің жұмыс барысында қатал, тапсыр- масының нақты, бақылауының мықты екендігін қызметтес болған азаматтардың бәрі жақсы білетін, әрі мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін. Жалғыз бюджеттік ресурстарға сүйеніп қоймай, өлкеде жұмыс атқаратын ірі кәсіпорындардың басшылықтарына да
шығып мәселе шешті. Балқаш көлінің солтүстік жағынан ашылмақ алтын кен орнының мүм- кіндіктерін айтқызып «Ақтоғай мыс» серіктестігінің бас директоры Анатолий Харьков пен басгеологы Андрей Шаховты арнайы шақырып, аудандық Мәдениет үйінде «Алтыналмас» акционерлік қоғамына қарасты «Пустынное», «Долинное» кен орындарының таныстыру рәсімін өткізді. Кейінірек акционерлік қоғамның бас директорымен кездесіп, алдағы уақытта ауданға қосымша инвестиция енгізуді жоспарлап та қойған екен. Қазақтың күміс көмей әншісі Күләш Бәйсейітованың 100 жылдығына елімізде лайықты назар аударылмай жатқанына наразы болып ауданның жаңа басшысына телефонмен шықтым. Мен бұл кезде республикалық Ұлттық архивтің бас директоры қызметін атқаратынмын. Ол кісі бастаманы бірден қолдап, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттарын белгілі қайраткер Кәкімбек Салықов бастап, Серік Тұрғынбеков бастаған ақын-жазушыларды қатыстыра отырып Күләш апамыздың мерейтойына арналған үлкен шараны Астана төрінде дүркіретіп өткіздік.
Өмірінің келесі кезеңінде Қарағанды облыстық кәсіпкерлікжәне өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары болып, 2013 жылдың соңына дейін қызмет жасаған Қайыржан Кәрімұлы 2019 жылдың қарашасына дейін Қарағанды облысының шахтерлер өңірі болып саналатын Шахтинск
қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет етті. Бұған дейін тек ауылдық жерлерде қызмет жасаған Қайыржан Кәрімұлы өзіндік ерекшелігі мол қалалық жерде де жемісті еңбек ете алатынын көрсетіп, жұмысшылардың, жалпы тұрғындар арасында сөзі мен ісі қабысып жататын іскер басшы ретінде танылды. Әсіресе, Шах-тинск өңіріндегі шахтерлер арасында абыройлы болды.
Қайсыбір қызметте болмасын тындырымдылық, қарапайымдылық қасиеттерімен ерекшеленіп, көп жылғы іс-тәжірибесінің арқасында кейінгілерге үлгі болып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қосқан үлесі зор екендігі көпке белгілі. Көріп отырғанымыздай, Қайыржан Кәрімұлы – ұзақ жылдар қоғам өміріне белсене араласып, талай жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің сан салалы тарауын жандандыруға, жақсарта түсуге бір кісідей үлес қосқан танымал тұлға. Қазір құрметті демалыста, зейнеткер болса да, жастардың патриоттық тәрбие алу ісіне атсалысып, облыстың колледждері мен мектептерінің ұжымдары алдында, облыстық Ж.Бектұров атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында, қалалық балалар мен жасөспірімдер клубтарында тарихи-өлкетану тақырыптарына лекциялар оқып, кездесулер өткізеді екен. Бізбен жүздескенде Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне арналған кездесуден шығып тұрған сәті екен. Ахаң туралы әңгімесін жастардың зор ынтамен тыңдағанына разы екені түрінен білініп-ақ тұр. Дана халқымызда егде жасқа келсе де, қайратты пішінімен,
келісті сұлбасымен, қажырлы ісімен елінің ықыласына бөленіп, тұғырынан таймай, жұртшылықты сүйсіндіріп жүрген жанды «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деп жататыны бар.
Осыған мен де қосылып, бүгіндері жетпіс деген қазыналы жастың төріне шыққан, адамгершілік, ізгілік, парасаттылық, адалдық сияқты қазақы тәрбиені бойына сіңірген Қайыржан Тілеубергенов ағамыз да сүйегі асыл, ізгі мұратты, әділдікті ту етіп көтерген өресі биік тұлға дер едім.
Марат ӘБСЕМЕТОВ,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор


