Дін-діңгек

Құрбанды қалай шаламыз?

Исі мұсылманның игілікті мейрамының бірі – қастерлі Құрбан айт биыл 20-22 шілде күндері аталып өтіледі. Раббысының разылығы үшін мал сойып, етін мұқтаждарға тарату – мейрамның негізгі көрінісі. Індет іргемізде тұрған шақта атаулы мерекені қалай өткереміз? Осы турасында облыстың бас имамы Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА баспасөз алаңында мәлімдеді.

Биыл құрбандықтар qurban2021.kz жалпы республикалық сайт арқылы онлайн түрде жасалады. Сайт қазірден іске қосылған. 17 шілдеден бастап тапсырыс қабылдайды. Сайтта өз аймағыңызды таңдап, малдың құнын қосымша арқылы төлейсіз. Барлық құрбандық еті мұқтаж адамдарға үлестіріледі. Тапсырыс берушілерге бейне немесе фото арқылы есеп беріледі, – дейді бас имам.

Сондай-ақ, құрбандықты арнайы бекітілген орындарға барып, малды таңдап, шалуға да мүмкіндік бар. Қарағандыда үш орында құрбандық шалынады. Әрине, барлығы санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, ұйымдастырылады. Атап айтсақ, «Арай.кз» (Гоголь 2/23), «Абишев» (Резник 18), және «Хасенов» (С.Сейфуллин 53) мекенжайларында.

Мұнда санитарлық нормалар сақталады және ветеринарлық қызметтің рұқсаты бар. Бірақ, адамдар көп жиналуға жол берілмейді. Қалада мал сатуға тек арнайы жабдықталған «Арай.кз» алаңында ғана рұқсат етілген. Аулаларда немесе көліктерде сатуға тыйым салынады. Фермерлер осыны ескерсе екен дейміз. Және саудагерлермен келісімге қол қойдық. Оған сәйкес, малдың құнын шарықтатпай, белгілі бір бағадан асырмау қажеттілігін ескерттік. Мәселен, қой – 75 мың теңге, ешкі – 55 мың теңге және ірі қара – 420 мың теңгеден жоғары болмауын керек, – дейді Өмірзақ қажы Қазкенұлы.

Бас имамның айтуынша, құрбандық етін алуға өтініштер түсіуде. Мұқтаждар тізімі жасалғаннан кейін ет тарату жұмысын ҚМДБ-ның Қарағанды облысы мешіттері, жамағаты мен еріктілері қолға алады. Өткен жылы осындай атаулы көмекті 3 689 отбасыға үлестіріпті. Сондай-ақ, мұқтаж адамдарға qurban2021.kz сайты арқылы құрбандық етін алуға өтініш беру мүмкіндігі бар.

Құрбан айт мейрамының өз деңгейінде өтуін қадағалайтын арнайы штаб құрылғанын айту керек. Брифингтен соң, штаб мүшелері құрбандық малы сойылатын қасапханалардың дайындық жұмыстарын тексерді. Қасапшылармен келіссөздер жүргізіліп, құрбан шалудың шарттары түсіндірілді.

P.S: Құрбан айт мерекесі және құрбандық шалу туралы қосымша ақпаратты облыс тұрғындары (8-7212) 77-17-47 және 8-702-403-99-50 (WhatsApp) телефондары арқылы ала алады.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button