Жаңалықтар

Рамазан мектебінің түлегі

Қазақстанның Құрметті журналисі, публицист Серік Сексенұлы – 75 жаста

Өмірде белгілі белеске жетіп, мамандығын жете меңгерген әрбір саналы азамат сол мамандықтың қыр-сырын ұғындырған ұстазын әрдайым ілтипатпен еске алып отырады. Бүгіндері жетпістің бесеуіне жетіп отырған қарағандылық қабырғалы журналист Серік Сексенұлы өзін «Рамазан мектебінің түлегімін» деп есептейді. Алматыда университетте сабақ беріп, Қарағандыда «практикадан» өткізген, өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасы мен 80-жылдардың басында «Орталықтың» бас редакторы болған Рамазан Сағымбековті сол кезде қол астында істеген бүгінгі ардагер журналистердің баршасы ұстазы есептейді. Серік Сексенұлы ұстазының, тіпті, білімі жетіп тұрса да, «балым жетпей қала ма?» деп қабылдау емтиханында қобалжып тұрғанда демеп жібергенін, содан аудандық газетте елеусіз қызметте жүрген жерінен облыстық газеттің төріне бірақ шығарғанын жыр қылып айтады. Серік болса, ұстазының үмітін ақтап, облыстық газеттің белді тілшісі, іргелі бөлімдерінің меңгерушісі, жауапты хатшысы болып, зейнетке бас редактордың орынбасары қызметінен шықты. Талай жүлде мен марапаттың иесі болды. Ең бастысы қаламы қарымды журналист, облыс өмірін жарқыратып көрсете білген газет тілшісі, өмір ағымына ілесе білген жалынды прублицист болып қалыптасты.

Сөзіміз дәлелді болу үшін бір-екі мысал келтіре кетейік. Газет тарихы туралы талай мақала жазып, бірнеше кітап шығарарда арнайы қалың дәптерге әр қызметкердің атқарған елеулі ісін түртіп қойған жазбаларым сақтаулы. Мысалды солардан келтірейін. 1992 жыдың 16 қазанында кейіпкеріміз сол кезде зор әлеуметтік мәселе болып тұрған сәбилердің денсаулығын қорғау, жетімдер тағдыры туралы мәселеге газеттің тұтас бір санын арнап, айды аспаннан бірақ шығарды. Кейін мұндай «авторлық нөмірді» әріптестері жалғастырып әкетіп, республикада атымыз дараланды.

Оның қаламынан талай ойлы мақала, оқиғалы репортаждар, талдамалық очерктер тудырды. Қайсыбірін айта бересің. Ал, Секең болса, бұл күндері көзден ғайып болған сатиралық жанр – фельетонның да асқан маманы екенін біреу білер, біреу білмес. Шаншар бабасына тартып, шымшыма сөзге шебер еді, соны ескеріп, басшылық оған «Мәути» деп аталатын сын-сықақ, әзіл-оспақ топтамасын шығаруды тапсырған. 1993 жылдың 24 тамызында «Қарға келіп, қаңқ етті» деген фельетоны жарқ етіп шыға келді. Бәрі де өмірден алынған, тіпті, «Өмірдің өзі – фельетон» деген айдар тағыпты. Өткір тіл, бұлтартпас фактілер. Кейіпкерлері анау-мынау емес, кәдімгі алпауыт «Қарағандыкөмір» бірлестігінің лауазымды шенеуніктері. Кейін жалғанды жалпағынан басып жүрген жемқорлар мен жылпостар сазайын тартыпты. Айызымыз қанып қалды.

Секең зейнеткерлік жасқа жетсе де, қолынан қаламын тастамайды. Кейінгі кезде тарихи тақырыптарға, танымдық мақалаларға зер салып жүр. Бірде қарадан шығып, ел басқарған хан Бертісті, ел аузында аңызға айналған Бегімысық әулиені еске түсірді. Енді бірде аты-шулы Берияға қаржы бөлгізіп, Мойынты-Шу темір жолын халықтық әдіспен салғызған халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновты сөз етті. Ұмытылып бара жатқан тұлғалар: мәдениет майталманы Мақат Рымжановты, кешегі әріптестері Владимир Рыжковты, Бағдат Мекеевті, т.б. еске алды. Жазарың көбейе берсін, қаламдас!

Бұл күндері Секең бір кезде Егіндібұлақ баспаханасында бірге қызмет атқарып, өмірлік серігіне айналған Ғалияш жарымен бірге немерелерін бағып-қағып, тыныш қана тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мерейтойыңмен, әріптес!

Аман ЖАНҒОЖИН,
әріптесі,
Қазақстанның құрметті журналисі

Басқа материалдар

Back to top button