Руханият

Құрақ көрпенің құдіреті

6 шілде қазақ халқының рухани қазынасын әлемге паш еткен айтулы күн болып, қатпарлы тарих қойнауына енді. Алматының жүрегі – әйгілі Медеу мұз айдынында ұлттық өнерге арналған ерекше мәдени оқиға өтті. «Аламан құрақ-2025» жобасы аясында құрақ көрпеден тұратын бірегей көркем композиция жасалып, әлемдік деңгейде рекорд тіркелді. Бұл – тек қолөнер мерекесі емес, ата-бабадан аманат болған дәстүр мен бірлікті ұрпаққа жеткізудің жаңа белесі.

Сурет ұйымдастырушылардан

Алматының самал желіндей таза, таудың ақ қарындай нұрлы бұл күн таңмен бірге басталды. Таң шапағымен жарысып, иығына шапан ілген, ұлттық киім киген шеберлер Медеу мұз айдынына ағылды. Олардың әрқайсысы өз қолымен тіккен бір-бір құрақ көрпесін ала келді. Әр көрпенің көлемі – 230х90 см. Барлығы біріге келіп, мұз айдынның 1 366,8 шаршы метр аумағын толық жауып, көз сүріндірер көркем инсталляцияны дүниеге әкелді. Түрлі түске боялған көрпелер бірінен соң бірі жайылып, қазақтың ою-өрнекпен көмкерілген бай дүниетанымын, сұлулыққа құштарлығын паш етті. Бұл сәт – халқымыздың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі мен рухани биігін көрсеткен керемет көрініске айналды.

– «Аламан құрақ» – халқымыздың бірлігі мен кеңпейілдігінің айғағы. Бұл жобаны үшінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеміз. Алғашқы жылы 200 шебер, өткен жылы көшпенділер ойыны аясында 450 қатысушы болса, биыл 660 қолөнер шебері қатысып, тарихи сәтке куә болды. Барлық көрпелердің өлшемі мен өрнектері біркелкі болуы үшін арнайы маталар мен сызбалар еліміздің әр өңіріне алдын ала таратылды. Қатысушылар тігін жұмыстарына алты ай уақыт жұмсады, – деді жоба жетекшісі, ұлттық өнерге жанашыр Нұргүл Абайхан.

Бұл жобаға еліміздің түпкір-түпкірінен – 17 облыс пен Алматы, Астана және Шымкент, Павлодар, Қарағанды, Балқаш қалаларынан келген шеберлер атсалысты. Балқаш қаласының сегіз шебері де шараның сәнін кіргізді. Олардың қатарында 6 жастағы Айша Сәменбет, оның анасы – жеке кәсіпкер Ұлжан Есімхан, әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зәуре Абдильдина, Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Айгерім Аупешова, Балқаш орталық ауруханасының медбикесі Секерхан Чалчикбаева, «Қазақмыс Смэлтинг» компаниясының қойма меңгерушісі Жанар Несіпбаева, NURASYL кәсіпорнының қойма меңгерушісі Бегайым Ақыбаева, жеке кәсіпкерлер Сандуғаш Хапбай, Гүлжанат Нышбаева бар.

Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, былтыр Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тіркелген Гиннес рекордының қатысушысы ретінде Зәуре Садуақасқызы былай деді:

«Жаһандану дәуірінде ұлттық тамырымызды ұмытпау – ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз. Құрақ көрпе – халқымыздың өмір сүру салты мен эстетикалық талғамының көрінісі. Осындай игі шаралар арқылы біз жастарға ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тәрбиелейміз».

Айта кетейік, рекордты тіркеу әділ әрі ашық өтті. Global World Book of Records ұйымы тарапынан сегіз тіркеуші, Чехиядан келген арнайы төреші және Үндістандағы тіркеу бөлімінің хатшысы онлайн режимде бақылау жүргізді. Енді, бұл ерекше туынды алдағы он күн ішінде ресми түрде рекордтар кітабына енетін болады. Шара соңында қазақ әндері шырқалып, би ансамбльдері халқымыздың мәдени мұрасын сахна төрінде айшықтады. Ұлттық бұйымдар көрмесі мен салтанатты марапаттау рәсімі де көптің көңілінен шықты.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button